СҚО-да белгісіз індет тарады: тұрғындар сүтті төгіп, малды қорадан шығармай отыр
Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Ильинка ауылында ірі қара арасында белгісіз ауру жаппай таралып жатыр.
Соның салдарынан жергілікті тұрғындар тонна-тонна сүтті жерге төгіп, малдарын қорадан шығармай ұстауға мәжбүр болған. Ветеринарлар әзірге ауыл тұрғындарына малды жайылымға жіберуге уақытша тыйым салды. Бұл туралы HALYQSTAN Telegram арнасы жазды.
Ауруға шалдыққан жануарлар жем жей алмайды, ауыз қуысы түгел қабынып, көбіктенеді. Әлсірегендіктен аяқтарына тұра алмайтындары да бар.
Қазіргі уақытта аурудың белгілері 60 бас ірі қарадан анықталған. Әсіресе жас төлдер қатты зардап шегуде. Алайда әзірге мал шығыны тіркелмеген.
Соған қарамастан, мал иелері сақтық шараларын күшейткен.
Олардың айтуынша, әр сауымнан кейін алынған сүт жерге төгіледі. Тұрғындар адамдардың денсаулығына зиян келуі мүмкін деп қауіптенеді. Сонымен қатар ауру малдарға антибиотиктер мен басқа да күшті дәрілер салынып жатқандықтан, қосымша тәуекелге барғысы келмейді.
Ветеринарлардың мәліметінше, әзірге аусыл ауруының белгілері анықталмаған. Мамандар аудан бойынша барлық мал жоспарлы вакцинациядан уақытылы өткенін айтады.
Алдын ала болжам бойынша, сиырларда стоматит ауруы тіркелген. Бұл дерт адамға жұқпайды, бірақ жануарлар арасында өте тез таралады.
Қазір ауру ошағы Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауылынан анықталған.