Қоғам

СҚО-да жедел жәрдем қызметкеріне шабуыл жасағандарға қатысты алғаш рет қылмыстық іс қозғалды

Солтүстік Қазақстан облысында жедел медициналық жәрдем қызметкеріне шабуыл жасау фактісі бойынша алғаш рет қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Фото: ашық дереккөз

Полицияның мәліметінше, 23 маусым күні Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы Чудесай өзені маңында Lada автокөлігі аударылған.

Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы барған. Алайда олардың жұмысына көліктегі екі жолаушының бірінің агрессивті әрекеті кедергі келтірген.

62 жастағы мас ер адам 37 жастағы медбикенің аяқ-қолына және іш тұсына бірнеше рет соққы жасаған.

Күдіктіні ұстау үшін патрульдік полиция қызметкерлері күш қолдануға мәжбүр болған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, жедел жәрдем қызметкеріне шабуыл жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тексеру барысында жол апатына қатысқан үш адамның да мас күйде болғаны анықталды.

Ал көлік жүргізушісі 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: жедел жәрдем