Әлеумет

Скрепецкийдің өлімі: Польшада үш адам ұсталды

Польшаның шығысындағы Бяла-Подляска қаласында өлтірілген ресейлік оппозициялық суретші әрі акционист Семен Скрепецкий ісі бойынша үш адам ұсталды.

Фото: Василий Крестьянинов / SOTA

Бұл туралы RMF24 радиостанциясы хабарлады.

Басылым мәліметінше, ұсталғандар жедел-іздестіру шаралары барысында анықталып, оларды Ресей азаматының өліміне қатысы болуы мүмкін тұлғалар ретінде тексеріп жатыр.

Ұсталғандардың бірі жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізуші екені белгілі болды.

Қазіргі уақытта үш күдіктінің екеуі қамауда отыр. Үшінші адам босатылған.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары қылмысты тікелей орындаған адамды іздеуді жалғастырып жатыр.

Іс бойынша тергеуді Польша Ұлттық прокуратурасы жүргізуде. Тергеуге Люблин воеводствосының қылмыстық полиция қызметкерлері де тартылған.

Суретші қалай қаза тапты?

Еске салсақ, 15 маусым күні Бяла-Подляска қаласындағы автотұрақта белгісіз біреу Скрепецкийді атып кеткен.

Суретшінің шын есімі – Роберт Кузовков. Полиция ресми түрде оның аты-жөнін жарияламағанымен, қаза тапқан адамның 44 жастағы Ресей азаматы екенін растаған.

Бұған дейін күдіктілердің бірі, Беларусь азаматы, Беларусь консулдығы маңында ұсталғаны хабарланған еді.

The Insider басылымының мәліметінше, өлерінен бір сағат бұрын Скрепецкий өзіне «ресейлік патриоттар» тарапынан қауіп төніп тұрғанын айтқан.

Берлиндегі акциядан кейін

12 маусым күні Скрепецкий Берлиндегі Ресей елшілігінің алдында резонанс тудырған акция өткізген.

Ол қолына Иосиф Сталиннің Владимир Путинді тербетіп тұрған суретін ұстап шыққан.

Сондай-ақ шалбарындағы арнайы тесіктен Ресей туы салбырап шығып тұрған. Кейін ол туды қоқыс жәшігіне тастаған.

Акция кезінде суретші лапти, құлақшын бөрік және георгий лентасын таққан.

Семен Скрепецкий 2021 жылы Ресейден Польшаға қоныс аударған. Ол Ресей билігін сынайтын карикатуралары мен саяси акциялары арқылы танымал болды. Сонымен қатар Венеция биенналесіндегі Ресей павильонының ашылуына қарсы акцияларға да қатысқан.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Скрепецкий