Қоғам

СІМ басшысы АҚШ-та ұсталған қазақстандыққа қатысты пікір білдірді

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ-та терроризммен байланысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталған Қазақстан азаматына қатысты пікір білдірді.

Фото: ашық дереккөзден

Министрдің айтуынша, Қазақстан өз азаматына заң аясында барлық қажетті консулдық қолдау көрсетуге дайын. Алайда қазақстандық тарап АҚШ-та жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстарына араласа алмайды.

Ермек Көшербаевтың сөзінше, қолда бар мәліметке сәйкес, азамат қазіргі уақытта кепілмен босатылған. Министр бұл жағдай істің оң шешілуіне үміт беретінін атап өтті. Сондай-ақ ол ұсталған азаматтың туыстары байланыста екенін және оның өз мүддесін қорғау үшін адвокат жалдауға құқығы бар екенін айтты. Сыртқы істер министрі әзірге нақты қорытынды жасауға ерте екенін айтып, америкалық тараптың ресми ақпаратын күтіп отырғанын жеткізді.

«Толық ақпаратты алғаннан кейін ғана нақты баға беруге болады. Бұл жағдай түсінбеушіліктің немесе қателіктің салдары болып шығып, Қазақстан азаматы елге оралады деп үміттенеміз», – деді Ермек Көшербаев.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ билігі Қазақстан азаматы Еламан Балтагерейді халықаралық террористік ұйыммен байланысы бар деген күдікпен ұстағаны туралы хабарланған болатын.

Қазіргі уақытта іс бойынша тексеру жалғасып жатыр.

Сайт Әкімшілігі