Қоғам

Смайылов: ҚТЖ-ның қарызы 2,9 трлн теңгені құрады және әлі де өсуде

Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы қарызын толық төлеуге қабілеті жоқ. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Фото: ҚТЖ

Оның айтуынша, бүгінде ҚТЖ  кредиттік тәуекелдің «қызыл» аймағында тұр.

Оның борышы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңгені құрады және әлі де өсуде. Жалпы борыштың 45%-ы немесе 1,3 трлн теңгесі бұрын алынған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған. Қаржылық және техникалық жай-күйді сауықтырудың нақты мерзімдерін айқындап, ҚТЖ компаниялар тобының шығындарын оңтайландыру қажет, деді ол.

Бұл ретте, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қазіргі корпоративтік басқару әдістері мен даму стратегиясы еліміздің Ұлттық теміржол компаниясының дағдарысын болдырмауға қабілетсіз.

Активтердің жай-күйінің нашарлауы, борыштардың өсуі және оларды уақытылы қайтару мүмкіндігінің болмауы басқарудағы түбегейлі өзгерістерсіз ҚТЖ-ны дефолтқа ұшыратады, деді Смайылов.

Ал, соңғы төрт жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге, соның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд теңге жұмсалған.

Nurbike Beksultan
Тегтер: ҚТЖ