Әлеумет

Собянин Мәскеу маңында 180-нен астам дрон жойылғанын хабарлады

17 тамыз күгі түні Ресей астанасына 620 дрон бағыт алған, оның 180-нен астамы Мәскеу облысының аумағында атып түсірілген.

Фото: André Ballin/dpa/picture alliance

Бұл туралы 18 тамыз күні таңертең Мәскеу мэрі Сергей Собянин мәлімдеді.

Оның айтуынша, дрондар дүйсенбі, 17 тамыз кешінен сейсенбі күні сағат 05:00-ге дейін жойылған. Собянин шабуылдың нақты қандай нысандарға бағытталғанын айтпады.

«Осторожно, новости» Telegram-арнасы оқырмандарына сілтеме жасап, түнде Ногинск, Железнодорожный және Электросталь маңында көптеген жарылыс естілгенін хабарлады. Сондай-ақ Павловский Посад аумағында да көп дрон байқалған.

Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің мәліметінше, Раменское округінде дронның жеке үйге құлауы салдарынан 10 жастағы қыздың қолына жарықшақ тиіп, ол ауруханаға жеткізілген. Богородск округінде бір әйелге медициналық көмек көрсетілді. Коломнада 27 жастағы ер адам зардап шекті.

Коломнада дрон сынықтары құлағаннан кейін «Глобус» сауда орталығы маңындағы сауда павильоны өртенген. Бұдан бөлек, дрон Мәскеу облысының Богородск округіндегі «Атлант-парк» аумағында орналасқан Wildberries қоймасына түскен.

Мәскеудің барлық әуежайында шектеу енгізілді

Росавиацияның хабарлауынша, түнде Внуково, Домодедово және Жуковский әуежайларында ұшақтарды қабылдау мен жөнелтуге уақытша шектеу қойылды. Шереметьево маңындағы әуе кеңістігін пайдалануға да шектеулер енгізілгенімен, рейстер тиісті органдармен келісу арқылы қабылданып, жөнелтіліп отырған.

Украиналық Exilenova+ мониторингтік Telegram-арнасы Мәскеу облысындағы дрон шабуылы мен әуе қорғанысы жүйелерінің жұмысын көрсетеді делінген видеоларды жариялады.

Кейбір жазбаларға қарағанда, шабуыл салдарынан Мәскеу түбіндегі Котельники қаласындағы «Дюна» тұрғын үй кешені зақымдануы мүмкін. Ол Мәскеу мұнай өңдеу зауытынан шамамен бес шақырым шығысқа қарай орналасқан.

Мәскеу мұнай өңдеу зауыты бұған дейін де бірнеше рет украиналық дрондардың шабуылына ұшыраған. Котельники ауданындағы жарылыстар туралы «Осторожно, новости» арнасы да хабарлады.

Сайт Әкімшілігі