Софы Сматаев: Билік Мені «халық жауы» санайды
Биыл көрнекті жазушы Софы Сматаев 85 жасқа толды. Туған халқының тарихын, елдік рухын және азаттық жолындағы күресін көркем тілмен кестелеген қаламгердің өкініші қандай? Оның «Елім-ай» тарихи роман-трилогиясы неліктен Мемлекеттік сыйлыққа ие болмады? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде таяуда ғана «Отан» орденімен марапатталған Қазақстанның Халық жазушысын әңгімеге тарттық.
– Софы Қалыбекұлы, биыл 85 жасқа келіп жатыр екенсіз. Мерейтойыңыз тиісті деңгейде атап өтілді ме?
– Құдайға шүкір, 85 жасымда елім алақанына салып көтеріп алды. Менің абыройымды арттыратын, көңілімді көтеретін – елім. Елім, жұртым бар да, мен де бармын. Бірақ билік мені жек көреді. Өйткені мені 19 жылдан бері «халық жауы» санайды. Ақпарат құралдарына шығаруға тыйым салды. 2012 жылы Мәдениет және ақпарат министрі болған Дархан Мыңбай «Сматаевты ресми БАҚ-қа жолатпаңдар!» деген бір қаулысын шығарып, еңбектерімнің баспасөзде жарияланбауын қадағаласа, 2013 жылы экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы еліміздегі бүкіл облыс және Алматы, Астана қаласындағы театрлардан пьесамды алып тастады. Сондықтан да қазір өз еліме керексіз қаламгермін.
Менің жазған-сызғандарым басшы-қосшыларға жағымпазданбайды. Осы күнге дейін не жазсам да, шындықты жаздым, ақиқатты айттым. Мұны мемлекеттік басылымдардың жариялауға дәті бармайды. Бұрын мақаламды бір-екі газет қана басатын еді. Қазір ешкім шығармайды.
Сол себептен соңғы жылдары қағазға түсірген дүниелерім халқыма жетпей қалды. 19 жылдан бері Сматаевты әдебиет те, мәдениет те, биліктегілер де тізімнен шығарып тастаған. Мені анадайдан көрсе, өре түрегеліп, ешқайсысы жақтырмайды. Бір сөзбен айтқанда, қазір «тірі өлік» қатарындамын. 19 жылдан бері бір парақ алғыс хат, бір орден, бір медаль да алған емеспін.
– Мерейлі жасыңызға орай Жазушылар одағы тарапынан қандай да бір сый-сияпат жасалды ма?
– Билік маңайына жолатпаса, қара тізімге енгізсе, мейлі. Ал Жазушылар одағына не жорық? Жазушылар одағы – қоғамдық ұйым емес пе? Бұлар да сол төрдегілердің ығына жығылып, өздігінен шешім қабылдай алмайды. Өйткені халықтың сөзін сөйлеп, жағдайын ойлайтын жазушымын. Ал олар қарақан басының күйін күйттейді. Олардың алдында басымды иіп тұрмаймын. Мерейтойыма орай одақта шығармашылық кеш өткізуге де жарамады.
Әнеугүні тойыма Жазушылар одағының төрағасы тұрмақ, бір орынбасары да келген жоқ. Соншалықты не істеп қойыппын?! Оған дейін Абай атындағы Опера және балет театрында жиын өтті.
Шараны осында өткізу үшін рұқсатты Мәдениет және ақпарат министрлігінен әрең алдым. Театр менен 4 млн теңге сұрады. «Қазір менде 4 млн тұрмақ, 400 теңге жоқ» дедім. Өйткені 45 жылдан бері мемлекет бір кітабымды шығарып бермеді, яғни бір теңге қаламақы алмадым. 200 мың теңге зейнетақымен күн көріп жүрген зейнеткермін. Оның өзі дәрі-дәрмегімнен аспайды.
Сол үлкен тартысты еңбекпен өткізген шараға өз ордам деген Жазушылар одағынан бір өкіл келмеді. Мұны қалай түсінуге болады?
Мен жасым 85-ке келіп отырған адаммын. Өзімді сыйламаса да, жасымды сыйламай ма? Қазақ әдебиетіне азды-көпті сіңірген еңбегімді бағаламай ма? Сол 85-ке толған жасымда тым болмаса «Қазақ әдебиеті» газеті бірдеңе беретін шығар деп ойлағам. Әншейінде жазушылардың мерейтойында бет-бет мақала беретін газет маған келгенде аянып қалыпты. Осы ма, жазушыға көрсеткен құрметі?
Ал енді осыдан кейін «85 жасым дүркіреп, жарқырап өтті» деп қалай айта аламын? Өз басым қолымнан келгенше «халқым, елім, жұртым» деп шындықты іздеп шырылдап, ақиқатты айтып, айқайлап жүремін. Соным үшін жоғары жақ мені жек көреді. Әйтеуір мені шамасы келгенше өкшемнен басып, төңкеріп тастағысы келеді. Бірақ мен әлі тірі жүрмін. Ол ол ма, осы тірі жүргенімнің өзін жақтырмайды, көре алмайды.
Сен айтып отырған Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов те хабарласып, бірауыз жылы лебізін білдіруге жарамады. Енді не істеуім керек?! Мен өз биігімнен төмендегім келмейді. Сол үшін аласаруға арым да жетпейді. Ит болып шәңкілдеп, күшік боп кәңкілдеп жүре берсін. Ал мен адам болып, сол биігімде қаламын.
– Дегенмен Алматы қаласының әкімі президент атынан келген құттықтауды жолдап, «Отан» орденін тапсырғаны әдебиетке сіңірген еңбегіңізді елеп-ескергені емес пе?
– Президент Қ.Тоқаевтың атынан алған «Отан» орденіне көңілім толып тұрған жоқ. Сол орденді 19 жылдан бері беруге болатын еді ғой. Мұны осы жолы мерейтойымда бермесе, елден ұят екенін білді, халықтан қорықты. Мені осы орденге сонау 2007 жылы ұсынған. Бірақ сол жолы қимай «Парасатты» берді. Содан бері қаншама жыл өтті, берсе қайда қалыпты?! Егер сол кезде лайықты көргенде ендігі «Еңбек ері» атанар едім. Кезінде Назарбаев 2001 жылы, 2011 жылы, 2016 жылы «Еңбек ері» атағын берем деп үш мәрте уәде еткен. Өкініштісі, сол үш рет те айтқан сөзінде тұрмай, екі саусақтың арасынан бас бармағын қылтитты. Ал төртінші рет, 2021 жылы қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі туған күнімде телефон шалғанда: «Сәке, сіз осы жолы «Еңбек ерін» аласыз» деген еді, ол да жыл аяғында сөзінде тұрмады.
Одан кейін Жазушылар одағына хабарласқандағы екеуара әңгімелесуде «Еңбек ері» атағы керек. Менің еңбегім баяғыда сіңген. «Елім-ай» трилогиямдай еңбек жоқ қазір. 2021 жылы берген уәдең қайда? Неге орындамадың?» деп едім, «Екі жыл күте тұрыңыз» деп күмілжіген. Мен де іле-шала «Екі жылға жетем бе, жетпеймін бе. Оған кепілдік бересің бе?» деп едім, үндемей қалған. Енді, міне, Алла қалап, 85 жасқа да келдім ғой. Беретін болса, берер еді. Осыдан кейін бармын ба, жоқпын ба?! Қазақ халқына керекпін бе, жоқ па?! Бір жұбаныштысы, мені халқым керек қылады, ал халқымның үстінде қалқиып отырған төрелер осылай төбемнен төмпештейді.
– Мемлекеттік сыйлық төңірегінде де үнемі дау туындайды. Оны ақын-жазушылардың қалай және қандай жолмен алатыны туралы да жиі айтылады. Алайда әдебиетке сіңірген еңбегіңізге қарамастан, сізді неге бұл сыйлыққа лайық көрмеді?
– Бұл енді көптен бері менің жаныма бататын мәселе. Менің кітаптарым жылдың үздік кітабы ретінде 11 рет аталды. «Жылдың үздік шығармасы» деген бар. Одақта 800 ақын-жазушы болса, солардың 29-ы ғана осы атақты алған. С.Мұқанов ол атақты бір рет, М.Әуезов екі рет, Ғ.Мүсірепов бір рет, О.Сүлейменов екі рет, С.Мұратбеков бір рет алған. «Елім-ай» тарихи роман-трилогиямның үш томы үш жыл қатарынан жылдың ең үздігі болды. Одан кейін өлеңмен жазылған «Жарылқап батыр» романы аталды. Мен 28 том кітап жазған жазушымын. Маған дейін 17 томды Мұхтар Әуезов, 17 томды Ілияс Есенберлин, 16 томды Сәбит Мұқанов, 8 томды Ғабит Мүсірепов, 7 томды Әбдіжәміл Нұрпейісов, менен кейін 26 томды Мұхтар Мағауин жазды. Қысқасы, менің шығармам осы сыйлыққа 11 рет ұсынылғанда да, барлығында құлатты, мемлекеттік сыйлықты бермеді.
Құлатқан – Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Әбіш Кекілбаев. Бірі комиссияның төрағасы, екіншісі хатшысы болып тұрды. Сол төсін ұрған жазушы Нұрпейісов «Қан мен терді» 27 рет шығарды. Бір орыс жоқ жерден, радиусы 500 шақырым аумақты құрайтын жерден революционер шығарады. Ол «Тынық Дон» романының көшірмесі. Небәрі 7 том кітап жазса да барлық атақты алды.
2004 жылы Мемлекеттік сыйлыққа сол «Елім-ай» трилогиямның үш томдығы ұсынылғанда, әдебиетке үш орын берді. Менің үш томдығымды көргеннен кейін Сматаевқа бермеудің амалын тауып, үш орынды да жоқ қылды. Менің кесірімнен Герольд Бельгер, Асқар Егеубаевтар ала алмай қалды. Одан кейін де алты рет тапсырдым. Соның бесеуінде халық білмесін деп, еңбегімді негізгі тізімге қосқан жоқ.
Соның салдарынан алты рет инфаркт, екі рет инсульт алдым, бір рет қылтамақ болып, қатты ауырдым. Тіпті ешқандай атағым жоқ болған соң, көптің аузында «Совмин» делінетін ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі де емдемей шығарып тастады ғой. Мұнда тегін ем алу үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы керек екен. Саған өтірік, маған шын, осы атақты алу үшін 2007 жылдан 2022 жылға дейін 15 мәрте ұсынылдым. Кім көрінгенге беріп жатқан «Еңбек сіңірген қайраткері» атағын маған қимады. Яғни 11 рет Мемлекеттік сыйлығынан, 15 рет «Еңбек сіңірген қайраткері» атағынан құлатты. Мұнда да жазушы, сол кездегі мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Әбіш Кекілбаевтың қарсы болуымен алмадым.
Ал «Қазақстан халық жазушысы» атағын 1998 жылы берген. Екі күннен кейін «Еңбек ерін» береміз деді, бірақ алған жоқпын. Содан бері жүрмін. Міне, осындай жағдайлар адамды әлсірете ме, жоқ па?! Адамды жылата ма, сұлата ма? Бірақ өзімнің мықты екенімді біле тұрып, олардан неге қорқуым, жасқануым, сескенуім керек?! Бар болғаны, өз еңбегіме лайықты марапатты сұрадым. Қатты айтсам да, турасын айттым. Еңбек қашан да еленуі керек. Ол адамның алға жылжуына деген талпыныс. Дегенмен «Құрмет» орденін Кітап палатасын басқарып тұрғанымда Алтынбек Сәрсенбаев алып берді. Тоқсаныншы жылдардың басында «Алаш» сыйлығы Ғафу Қайырбековтің ұсынысымен берілгенін айта кеткім келеді.
– Бұл қиянаттың бәрі өзіңіздің «Мен тек шындықты ғана жаздым, ақиқатты ғана аңсадым, әділетті ғана іздедім» дейтініңізден ғана келіп тұр ма?
– Басқа не үшін?! Соңғы рет 2011 жылдың 19 не 20 қаңтарында ауруханада жатқан жерімнен Назарбаев Алматыдағы резиденциясына шақыртып алған. Сонда кетерімде: «Сәке, жазушыларға «Халық қаһарманы» берілмейді ғой. Сіз «Еңбек ерін» аласыз. Ұзамай Ұлттық академияға толық мүше боласыз!», – деп «көңілдендіріп» шығарып салған-ды. Әрине, «қисық» жолымнан «тура» бағытыма бұрылуымды қадағалап, ескерткенін сезбес тайызда малтығыш жан еместігім белгілі.
2011 жылы желтоқсан айында Назарбаевқа қарсы «Сен де, мен де болып ек қой горновой» деген поэма жаздым. Жылдың соңында марапаттау болды. 25 қараша күні маған Қалмырзаев хабарласып: «Софы аға, Назарбаев сізге «Еңбек ері» атағына қол қойды» деді. Содан әйелім екеуміз ақылдастық. «Мен бұл атақты алатын болсам, төрге жақындаймын да, елден алыстаймын. Одан кейін жазғаным халыққа жетпейді. Бұл кезде шындықты айтсам да, бұл – Назарбаевтың сөзі болады» дедім де, жазып қойған дастанымды 28 қараша күні «Дат» газетіне беріп жібердім. Мен биліктің құлына айналғым келмеді. Одан кейін қайдағы атақ?!
Бұл поэмада не айттым? Назарбаев «Қазақтың шекарасы болмаған. Қазақ хандығы дұрыс құрылмаған. Ал қазақ тілі – қалыптаспаған тіл» деп Жириновский сияқтылардың аузына сөз салып берді. Сосын олар желеу етіп, әр жерден айқайлап жатты. Соған қарсы поэма жазып, «Қазақтың хандығы құрылып, Жәнібек пен Керейдің хандығы 550 жылдан асқанын жаздым. Ал қазақтың шекарасын 1766 жылы Шәуешекте Абылай хан Қытай елімен бірігіп жасаған. Содан кейін Әлихан Бөкейханов пен Әлімхан Ермеков қазақтың шекарасын құрғанын неге жоққа шығарады? Ол ол ма, «қазақ тілі – асүйдің тілі» дейтіндей не көрінді? Қазақ тіліндей бай, кемеңгер тіл жоқ. Осының бәрін көзіне шұқып отырып жаздым. Содан кейін билік мені қайдан жақсы көрсін?!
– Бір пікіріңізде «кезінде Мәсімовке қарсы поэма жазғанда министрліктерде жұмыс істеп жүрген үш баламды айдап шықты» деген едіңіз. Ұлдарыңыз «мансап жолына кедергі келтірдіңіз» деп ренжіген жоқ па?
– Екі балам екі министрлікте жақсы қызметте отырды. Оған үшінші баламды қосып, бір-ақ күнде жұмыстан қуды. Әрқайсысы үш-төрт тіл біледі. Кезінде Заманбек Нұрқаділов берген 6 бөлмелі үйді сатып, екі немеремді шетелге оқыттым. Ұлдарым бүгінде азын-аулақ айлықпен күзетші болып нәпақа тауып жүр. Содан бері балаларым тұрмақ, немерелеріме дейін мемлекеттік қызметке алмайды. Білмеймін ғой, іштей өкініші болса, бар шығар. Бірақ өзіме айтып, ешқашан ренжіген емес. Үнемі пікірімді қолдап, «Әке, шындықты айтуыңызға қарсы тұра алмаймыз. Сондықтан сіздікі дұрыс!» дейді.
– Сіз біраз жыл уақытыңызды бөліп, өзін «оппозиция өкілдеріміз» деген белсенділердің соңынан ергеніңізге өкінбейсіз бе?
– Кеңес кезінде Жазушылар одағында 16 жыл, «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары болдым. Кітап палатасын басқардым. Орталық комитетте Колбиннің қасында 4,5 жыл жұмыс істедім. Сол кезде Орталық комитетте көркем әдебиет секторын басқардым. 400 адамның ішінде Колбинге қарсы шыққан мен едім. Сонда Назарбаев: «Сәке, бұнымен ұстасып қайтесің? Не партиядан шығарады, не ауру қылады» деп ақыл айтқан. Сонда «Мәскеу онсыз да біздің сөзімізді сөйлемейді, одан да осы жерде айтысып, айқасып, айтарымызды айтып қалайық. Барымызды, нарымызды сақтап қалуға тырысайық» дедім. Бұдан соң «мәселемді» екі рет секретариатқа, екі рет жиында салып, қарады. Маған түк істей алмады. Себебі өз пікірімді, ақиқатымды ақтап шықтым. Бірақ артынша Колбин мені «Ұлттық қатынас секторының» меңгерушісі қылып жіберді.
Содан ел мұраты үшін күресті бастадым. Оппозициямен бірігіп, көшеге шығып, олардың сөзін сөйлеп, өзім де пікірімді ашық айттым. Маған талай рет қысым жасап, жапса да, жазушылығымды сыйлаған құқық қорғау қызметкерлері «Софы аға, көрінбей кетіп қалыңыз» деп шығарып жіберетін. Уақыт өте келе оппозиция да тарап, Жармахан Тұяқбайдың, Әлихан Байменовтің сатқын екеніне көзім жетті. Біреуіне қызмет ұсынды, біреуін қудалады. Елімізде ешқандай оппозиция қалмаған соң шындықты күн сайын қаламыма арқау еттім.
Бірақ жазғандарым газет-журналға шықпаған соң, кейбір интернет сайттарына жариялап отырдым. Сол Жармахан Тұяқбайға, Әміржан Қосановқа және Әлихан Байменовке көзінше «Мен сендерге сенбеймін» деп айтқаным бар. Айтқаным айдай келді. Үшеуі де халықты сатып кетті.
Осы тұрғыдан алғанда, кейде «оппозициядағы серкелерміз» деген сатқындардың соңынан ергеніме өкінемін де. Бірақ солар арқылы халыққа өз сөзімді, тілегімді жеткізіп жүрдім. Сол үшін халық мені жақсы көреді.
Сұхбаттасқан
Динара Мыңжасарқызы