Аждаһаның алдындағы жаралы аю: Путин Бейжіңде неге сәтсіздікке ұшырады?
Геосаясаттың қатал заңы бар – кімнің экономикасы әлсіресе, сол үстел басында бас июге мәжбүр.
Ресей президенті Владимир Путиннің жақында Қытайға жасаған мемлекеттік сапары сырткөз үшін қос алыптың одағын паш еткендей көрінгенімен, саяси сахна сыртындағы шындық мүлде басқа сияқты. Украина даласындағы қанды қасап Ресейдің саяси-экономикалық ресурсын сарқып қана қоймай, оны Бейжіңге кіріптар етті. Бұлай дейтініміз, Ресейге өте қажет «Сібір күші-2» газ құбыры бойынша түпкілікті келісім жасалған жоқ.
Қазір Мәскеудің де жағдайы мәз емес. Соғыс екі елді әбден тұралатты. Бұл жағдай Кремль қожайынын белгілі бір шешімдерге итермелеп отыр. Сондықтан болар, Путин «қымбатты досым» деп әлденеден үміттенгендей Сиге қарайды. Си Путинді жылы қарсы алды, бірақ Ресейдің талабын түгел орындауға асықпайды. Бейжіңге Мәскеу Батысқа қарсы геосаяси серіктес ретінде қажет. Бірақ бұл серіктестік тең дәрежелі одақ емес. Ресей соғыс пен санкцияның салдарынан Қытай нарығына, Қытай технологиясына, Қытай қаржы айналымына, Қытайдың дипломатиялық қалқанына көбірек тәуелді. Ал Қытай осы тәуелділікті өз пайдасына жаратуға тырысады.
«Сібір күші-2» неліктен іске аспады?
Владимир Путиннің Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуі дипломатиялық хаттаманың ең жоғарғы деңгейінде өтті. Қызыл кілем, әскери оркестр, мақтау сөздер мен достық туралы декларациялар оқылды. Бірақ үлкен саясатта сөзден гөрі, қол қойылған құжаттар маңызды. Ең бастысы –Ресейге қажет өте маңызды жоба «Сібір күші-2» газ құбырының құрылысы бойынша түпкілікті келісімге келу еді. Алайда дәл осы құжатқа қол қойылмады. Қытай жағы жылы жымиғанымен, нақты келісімнен жалтарып кетті. Себебі Бейжің Кремльдің тығырыққа тірелгенін өте жақсы біледі. Қытай келіссөздерде өз шарттарын қатаң қойды. Сарапшылардың айтуынша, Бейжің газ бағасын Ресейдің ішкі нарығына жақын деңгейге түсіруге мүдделі. Оған қоса, Қытай бұл құбырдың құрылысын қаржыландырудан да бас тартып отырған сыңайлы, яғни Ресей құбырды өз ақшасына салып, артынша газды Қытай айтқан бағамен беруі мүмкін.
Еуропаға газ сата алмай отырған тұста, Қытайдың бұл ұстанымы Ресей үшін қатты соққы болды. Бейнелеп айтқанда, Азияның аждаһасы жаралы аюдың әлсіздігін өз пайдасына жаратпақ. Себебі Қытай да асықпайды, олар Түрікменстаннан газ алады, теңіз арқылы келетін сұйытылған газы (LNG) тағы бар. Ал Ресейге қаржы керек. Еуропадан айырылған Ресей, Қытайға телміріп қалды. Себебі Петр-І Еуропаға ашқан терезені Путин тарс жауып, тақтаймен шегелеп тастағандай болды. Еуропа нарығы Ресейге жылдар бойы тұрақты табыс әкеліп тұрды. Батыс елдері Ресейдің газына тәуелді болғандықтан, орыстардың көп әрекетіне көз жұма қарайтын. Алайда Украинаға басып кіру бұл архитектураны толығымен қиратты. Еуропа небәрі екі жылдың ішінде Ресей газынан толықтай бас тартты. Олар жаңа логистика құрып, балама көздер тапты. Ал батысқа бағытталған инфрақұрылымды бір күнде Шығысқа бұра салу мүмкін емес. Бұл – ондаған жылдар мен жүздеген миллиард долларды қажет ететін процесс.
Келісімнің созылуы Украинадағы соғысқа әсер ете ме?
Әскерді ұстау, жаңа адамдарды жалдау, жараланғандарға өтемақы төлеу, зымыран мен дрон шығару, қорғаныс зауыттарын тәулік бойы жұмыс істету, аймақтарға әлеуметтік төлем беру – мұның бәрі бюджетке орасан салмақ түсіреді. Мұндай жағдайда мұнай мен газдан түсетін тұрақты табыс Кремльге керек-ақ.
Еуропа нарығы жабылды. Украина арқылы өтетін транзит те тоқтады. Санкция, инфрақұрылымды шектеулер, сенім дағдарысы Мәскеуді Азияға бұрылуға мәжбүрледі. Бірақ Азияға бұрылу деген автоматты түрде табысқа кенелу деген сөз емес. Жоғарыда жазғанымыздай, Қытай Ресейдің әлсіз тұсын көріп отыр. Сондықтан Кремль газын Қытайға Еуропаға сатқан бағамен сата алмайды.
«Сібір күші-2» іске асқан күннің өзінде Ресейдің Қытайға газ экспортын күрт арттыруы үшін кемінде он жыл қажет болуы мүмкін. Құрылысқа бірнеше жыл, толық қуатқа шығуға тағы бірнеше жыл керек. Яғни бұл жоба ертең соғыс бюджетіне ақша құятын құбыр емес. Керісінше, ұзақ мерзімді, әрі Қытайдың саяси еркіне тәуелді жоба. Міне, сондықтан Путиннің Бейжіңнен нақты газ келісімінсіз қайтуы Украинадағы соғыстың саяси есебін өзгертуі мүмкін. Егер Мәскеу ұзақ соғысқа дайын екенін көрсеткісі келсе, оған ұзақ мерзімді табыс көзі керек. Ал Қытай бұл табыс көзін бірден беруге асығар емес. Бұл Кремльдің келіссөз позициясын әлсіретеді.
Оның үстіне бұған дейін Трамп пен Си Қытай жерінде кездесті. Әрине, екі алып мемлекеттің басшылары бұл жүздесуде Ресей мен Украина туралы сөйлескен болуы мүмкін. Бәлкім, өз позицияларына тиімді шарттарды да талқылауы ғажап емес. Себебі кездесу барысында Трамп «АҚШ айдаладағы Тайваньға бола соғысқысы келмейтінін» айтқан. Демек, бұл мәселені Қытай өз пайдасына шешіп алды деген сөз. Мұның өтеуі ретінде Трамп та Ресей-Украина арасындағы соғысқа байланысты өз шарттарын қоюы мүмкін ғой?
Қазіргі соғыс жағдайы Мәскеу үшін аса жайлы емес. Ресей әскері әлі де шабуылдап, әлі де Украина қалаларын зымыранмен, дронмен атқылауды тоқтатқан жоқ. Майдан даласындағы ілгерілеу қарқыны баяулаған. ISW (Institute for the Study of War) сәуір айында Ресей күштері Украина аумағында 2024 жылдың тамызынан бері алғаш рет территориялық шығынға ұшырағанын хабарлады. Russia Matters есебінде 21 сәуір мен 19 мамыр аралығында Ресей күштері 116 шаршы шақырым аумақтан айырылғаны айтылады. Алайда мұндай есептер Украина соғыста толық басымдыққа шықты дегенді білдірмейді. Ресей әлі де үлкен әскери ресурсқа ие. Кремль адам шығынына қарамай шабуыл тактикасын жалғастырып келеді. Бірақ Мәскеуге ең қауіпті белгі – көп шығынның аз нәтижеге айналуы. Соғыс басталған алғашқы жылдары Ресей бір аумақты алу үшін мыңдаған адамын жоғалтса да, оны «ілгерілеу» деп көрсете алатын. Қазір сол ілгерілеудің өзі баяулап, кей жерлерде кері шегінуге ұласа бастады.
CSIS 2026 жылғы қаңтардағы талдауында Ресей шығынының жиынтығы 1,2 млн адамға жетуі мүмкін екенін, көктемге қарай екі ел шығыны 2 млн-ға жақындауы ықтимал екенін жазды. Ресей шығыны Украинадан едәуір жоғары, бұған нашар тактика, тиімсіз басқару, коррупция, моральдық ахуал және Украинаның қорғанысқа бейімделген соғыс тәсілі әсер еткен. Украина есебінде «Ресейдің айлық шығыны 30-35 мың адам» делінеді. Бұл деректерді тексеру қиын, себебі Мәскеу нақты шығынын жасырады. Бірақ ашық деректердің өзі Ресей үшін адам ресурсының бағасы шектен тыс өсіп кеткенін көрсетеді. Mediazona мен BBC Russian сияқты жобалар Ресей әскери өлімін аты-жөнімен растау арқылы есептеп келеді. 2026 жылғы мамырда расталған офицер шығынының өзі 7 мыңнан асқаны айтылды.
Соғыс Ресейдің ішкі кеңістігіне кірді. Бұған дейін Ресей қоғамына «соғыс тек Украинада болып жатыр, Мәскеуге еш қауіп жоқ» деген түсінік болған. 17 мамырда Украина дрондарының Мәскеу аймағына жасалған шабуылдарынан кемінде төрт адам қаза тапқаны белгілі болды. Осылайша жоғарыдағы түсініктің іргесі сөгілді. Мұны ресейліктер де түсіне бастады. Бұл да Кремль үшін ауыр соққы. Себебі Путин соғысты Ресей халқының күнделікті өмірінен алыстатып көрсетуге тырысып келген. Мәскеуге шабуыл Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінің осалдығын әшкереледі. Путиннің өзі де соңғы мәлімдемелерінде соғыстың «аяқталуға жақындағанын» меңзегендей болды. 9 мамырдан кейін оның «меніңше, соғыс аяқталып келе жатыр» деген сыңайдағы сөзі тарады. Ол Еуропадағы жаңа қауіпсіздік тәртібі туралы келіссөзге дайын екенін де айтқан. Бірақ бұл сөзді бейбітшілікке дайындық деп қабылдауға әлі ерте. Путин соғысты аяқтағысы келеді, бірақ оны Ресейдің жеңісі ретінде көрсетуге тырысады. Ресей тарапы қойған шарттарының ішінде Донбассты толық бақылау және Еуропаны Ресейдің территориялық «олжасын» іс жүзінде мойындататын қауіпсіздік келісімі бар. 24 мамырда Ресей Киевке ең ірі әуе шабуылдарының бірін жасап, оған 600 дрон мен 90 зымыран қолданды. Шабуыл кезінде «Орешник», «Кинжал» баллистикалық зымырандары да пайдаланған. Ресей шабуылынан зардап шеккендер саны 87 адамға жетіп, екі адам қаза тапты. Олардың үшеуі – кәмелетке толмағандар. Киев мэрі Виталий Кличконың айтуынша, ауруханаларда 21 адам ем қабылдап жатыр, олардың ішінде екі бала бар. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, психологтар 112 адамға көмек көрсеткен. Шабуыл салдарынан азаматтық және әкімшілік инфрақұрылымның 49 нысаны зақымданған.
Сайын Борбасов, саясаттанушы: Соғыс әлі жалғасады
– Меніңше, соғыс әзірге тоқтамайды. Себебі Ресейдің ресурсы толық сарқылған жоқ. «Сібір күші-2» келісімі жасалса, бұл Ресейге үлкен көмек болар еді. Біріншіден, мұнайын сатады, екіншіден, жұмыс күші пайда болады. Алайда Ресей тек Қытайға байланып қалған жоқ. Олардың ресурсын Қытайдан бөлек, Үндістан да алып жатыр. Сондықтан Кремль соғысты жалғастыра беруге қауқары жетеді. Бірақ Украина да өз мақсатын орындауға ұмтыла бермек.
Кейінгі уақытта Киев ұшырған дрондар Мәскеуге жетті. Мен мұны кек алу деп атар едім. Себебі оған дейін Ресей шабуылынан Киевте бірнеше адам қаза тапты. Сондықтан Украина қарымта жауап қайтарды. Оның үстіне украиндар отандық қаруын жетілдіруді қолға алды. Қазір АҚШ зымырандарына қарап, алақанын жайып отырған жоқ. Жақында қанатты зымырандар жасайтынын мәлімдеген Зеленский «енді біз Ресейдің кез келген нүктесіне соққы бере аламыз» дегенді айтты. Оның бәрі Ресейге әсер етеді. Украинаның жаңа дрондары да жетіліп жатыр. Алдағы уақытта да Украина қару-жарағын дамыта береді.
Бірақ жоғарыда айтып кеткенімдей, Ресейдің қауқары қайта бастағанымен, әлі де біраз уақыт соғысуға күші жетеді. Украина да бұл соғыстан әбден титықтады. Бірақ екі тарап та соғысты тоқтатуға мүдделі. Қазір негізгі мәселе Донбассқа тіреліп тұр. Украина оны бермеуге тырысады.
Менің болжамым бойынша, соғыс әлі жарты жылға созылады. Ресей бақылаудағы біраз жерінен айырылуы мүмкін. Бірақ Қырымды алып қалады. Донбасс пен Донецк облыстарының да біраз жеріне иелік етуі мүмкін. Украина біраз жерін қайтарып алады. Осымен соғыс аяқталады деп ойлаймын.
«Ресей элитасында Путинге наразылық күшейіп барады»
Путиннің Қытайға жалтақтауы мен Украинадағы соғыстың созылуы Ресейдің сыртқы саясаттағы әлсіздігін ғана емес, ішкі жүйедегі тоқырауын да көрсетті. Батыс басылымдарына пікір білдірген Ресей элитасына жақын дереккөз Кремль маңында бұрынғыдай сенімділік қалмағанын айтады. Ресейдің ірі бизнесі мен саяси ортасында Путинге деген көңіл күй өзгеріп, соғыстың ұзаққа созылуы мен экономиканың әлсіреуіне байланысты наразылық пайда болған.
Әлдебір ықпалды кәсіпкердің сөзіне сенсек, Ресей элитасы арасында «алда үлкен апат келе жатқандай» сезім күшейген. Бұрын Путиннің шешімдерін ақтап алуға тырысатын адамдардың өзі қазір үнсіз қалып жүр. Өйткені Украинадағы соғыс Мәскеуге күткен жеңісті әкелмеді. Керісінше, санкция күшейді, газ нарығы тарылды, бюджетке салмақ түсті, ал Ресей халқы күнделікті өмірде соғыстың зардабын сезіне бастады.
Мәскеу мен өңірлерде интернеттің жиі өшуі, мессенджерлерге шектеу қойылуы, салықтың көтерілуі, инфляцияның күшеюі, азық-түлік пен коммуналдық төлемдердің қымбаттауы қоғамдағы ашу-ызаны арттырды. Кремль мұның бәрін «қауіпсіздік шарасы, украин дрондарына қарсы қорғаныс» деп түсіндіреді. Бірақ қарапайым халық оған сенбейді.
Тұрсынбек БАШАР