Әлеумет

Солтүстік Корея бірнеше баллистикалық зымыран ұшырды

Солтүстік Корея 12 қыркүйекте Жапон теңізі бағытына бірнеше қысқа қашықтықтағы баллистикалық зымыран ұшырды.

Фото: KCNA / Reuters

 Бұл туралы Оңтүстік Кореяның Біріккен штаб бастықтары комитеті хабарлады.

Оңтүстік Корея әскерінің мәліметінше, зымырандар жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 05:20-да Солтүстік Кореяның шығысындағы Вонсан қаласы маңынан ұшырылған.

Алдын ала дерек бойынша, зымырандар шамамен 250 шақырым қашықтыққа ұшып, Жапон теңізіне түскен. Қазір Оңтүстік Корея мен АҚШ барлау қызметтері олардың нақты түрі мен техникалық сипаттамаларын анықтап жатыр.

Сеул Пхеньянның жаңа зымыран ұшыруына байланысты бақылауды күшейткенін және АҚШ пен Жапониямен ақпарат алмасып отырғанын мәлімдеді.

Зымырандардың ұшырылуы Оңтүстік Корея, АҚШ және Жапония өткізген Freedom Edge бірлескен әскери жаттығуы аяқталғаннан кейін болды. Бес күнге созылған жаттығуға Солтүстік Корея бұған дейін наразылық білдірген.

Пхеньян әзірге зымыран ұшырудың мақсаты туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Сайт Әкімшілігі