Қоғам

Сот Бақытжан Байжановтың жазасын жеңілдетуден бас тартты

Астананың кассациялық соты Салтанат Нүкенованың қазасына байланысты 4 жылға сотталған Бақытжан Байжановтың шағымын қарады.

Фото: Фото: Kazpravda.kz / Адильбек Тауекелов

Нәтижесінде сот алқасы бұған дейін шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот отырысына марқұмның ағасы Айтбек Амангелді, Байжановтың жұбайы Айнұр Көлдеева және қорғаушылар қатысты.

Сот барысында Айнұр Көлдеева күйеуінің өз әрекетін жасырмағанын және тергеу басталған сәттен бастап оқиғаға қатысты барлық мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндіргенін айтты. Оның сөзінше, Бақытжан Байжанов қылмыстың нақты мән-жайын білмеген, ал отбасы Нүкенованың туыстарынан бірнеше мәрте кешірім сұраған.

«Күйеуіме осы бап бойынша ең жоғары жаза – 4 жыл тағайындалды. Әдетте мұндай істерде жаза екі жылдан аспайды, кей жағдайда шартты жаза беріледі. Сондықтан бұл үкім қоғамдағы үлкен резонанстың әсерінен шыққандай көрінеді», – деді ол.

Байжановтың адвокаты Әлібек Секеров соттан тағайындалған жаза мерзімін қысқартуды өтінді. Алайда кассациялық сот алқасы істің материалдарын қарап, бұрынғы үкімді өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады. Осылайша Бақытжан Байжанов 4 жылдық жазасын өтеуді жалғастырады.

Сайт Әкімшілігі