Сот экс-әкім Кәрім Көкірекбаевты түрмеден босату туралы шешімнің күшін жойды
Сот экс-әкім Кәрім Көкірекбаевты түрмеден босату туралы шешімнің күшін жойды
Алматы облыстық соты жемқорлық үшін 12 жылға сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевты денсаулығына байланысты түрмеден босату туралы шешімнің күшін жойды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Алатау қалалық сотының Көкірекбаевты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы қаулысын қайта қараған.
Бұған дейін №57 түзеу мекемесінің әкімшілігі экс-әкімді ауыр сырқатына байланысты босату туралы ұсыныс енгізіп, бірінші сатыдағы сот оны қанағаттандырған.
Алайда апелляциялық сот Көкірекбаевтың сырқаты 2022 жылғы 30 маусымда Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген жазасын өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейтінін анықтады.
Осыған байланысты Алатау қалалық сотының қаулысы жойылып, түзеу мекемесі әкімшілігінің ұсынысы қанағаттандырусыз қалдырылды. Шешім заңды күшіне енді.
Прокурор мен дәрігерлердің әрекетіне қатысты мәселе көтерілді
Апелляциялық сот экс-әкімді босату туралы шешімнің күшін жоюмен ғана шектелмеген.
Сот бастапқы істі қарауға қатысып, Көкірекбаевты босату қажеттігі туралы негізсіз қорытынды берген прокурор мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өкіліне қатысты Алматы облысының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне жеке қаулы шығарды.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіне арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау туралы жеке қаулы жолданды. Соттың тұжырымынша, комиссия Көкірекбаевтың жазасын өтеуге кедергі келтіретін ауруы бар деген негізсіз қорытынды жасаған.
Кәрім Көкірекбаев не үшін сотталды?
Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, «Қазселденқорғау» мекемесінің экс-басшысы Кәрім Көкірекбаев 2022 жылғы желтоқсанда жемқорлық ісі бойынша ұсталған.
Тергеу мәліметінше, Көкірекбаев пен оның орынбасары Әділет Ахатаев мердігер Bazis Construction Infr компаниясының басшысы Андрей Поплавскийден орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қою үшін жалпы сомасы 396 миллион теңгеге жуық пара алған.
Алғашында алқабилер соты Көкірекбаевты ақтаған. Алайда прокуратураның шағымынан кейін іс қайта қарауға жіберілді.
2025 жылғы 3 шілдеде сот Кәрім Көкірекбаевты 12 жылға, Әділет Ахатаев пен Андрей Поплавскийді 11 жылдан бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Үшеуі де мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
2026 жылғы 17 қарашада Алатау қалалық соты Көкірекбаевты ауыр сырқатына байланысты босату туралы шешім қабылдаған еді. Алайда прокуратура бұл шешімге қарсы шағым түсірді.