Әлеумет

Соттан кейін кәсіпкер бұзып тастаған ойын алаңына қатысты жаңа жайттар белгілі болды

Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Волгодоновка ауылында кәсіпкердің өз қаражатына салып берген балалар ойын алаңын бұзып тастауы қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Фото: скриншот

Бұл оқиғаға байланысты енді азаматтық белсенді Виктория Емцова да пікір білдірді.

Оның айтуынша, әлеуметтік желілердегі қызу пікірталастарда ең басты жәбірленуші – ауыр жарақат алған баланың жағдайы тасада қалып қойған.

Белсендінің сөзінше, оқиға болғаннан кейін қыз баланың анасы ойын алаңының жағдайын көрсеткен видео жариялаған. 

Виктория Емцова балаларға арналған нысан бюджет қаржысына немесе кәсіпкердің жеке қаражатына салынғанына қарамастан, қауіпсіздік талаптарына толық сай болуы тиіс екенін айтады.

«Жақсы ниет заң талаптарын сақтаудан босатпайды. Егер нысан балаларға арналса, ол белгіленген қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келуі міндетті», – деді ол.

Сондай-ақ белсенді мұндай нысандардың салынуына бақылау жасайтын мемлекеттік органдар неге дер кезінде назар аудармағанына да күмән келтірді. Оның пікірінше, шенеуніктер қоғамдық бастамаларға араласудан қорқатындықтан, қауіпті нысандардың пайда болуына жол беріліп отыр.

Бұдан бөлек, Виктория Емцова әлеуметтік желілерде жарақат алған қыздың анасына бағытталған қысымды тоқтатуға шақырды. Оның айтуынша, бала әлі күнге дейін ауыр бас-ми жарақатынан емделіп жатыр және Қазақстаннан тыс жерде ота жасатуды қажет етеді.

Белсендінің мәлімдеуінше, қоғамдық қысымның салдарынан қыздың анасы сот арқылы өндірілетін өтемақыдан бас тартуға дайын болған. Алайда бұл жерде ең алдымен баланың құқықтары қорғалуы тиіс.

Сондай-ақ ол сот шешімінен кейін ойын алаңының өте қысқа мерзімде толық бұзылып кеткеніне назар аударды. Оның пікірінше, мұндай әрекет ойын кешенінің техникалық жағдайына тәуелсіз сараптама жүргізуге және оның қауіпсіздігін қоғамдық тұрғыда бағалауға мүмкіндік бермей қойған.

Еске салайық, бұған дейін Волгодоновка ауылында кәсіпкер өз қаражатына балалар ойын алаңын салып берген болатын. Кейін алаңда ойнап жүрген қыз бала сырғанақтан құлап, басынан ауыр жарақат алған. Сот кәсіпкерді жәбірленуші тарапқа 1,2 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеген. Осыдан кейін кәсіпкер ойын алаңын толықтай бұзып, оны басқа ауданға сыйға жіберген еді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Ойын алаңы