Оқиғалар

«Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» жобасы: тіл мен технология тоғысқан жаңа кезең

Алматы облысында мемлекеттік тілдің дамуына жаңа серпін беруді мақсат еткен «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» жобасы өз мәресіне жетті. Қорытынды шара барысында қазақ тілін дамытуға үлес қосқан түрлі сала өкілдері – өзге этнос азаматтары, педагогтар, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер мен белсенді жастар марапатталды.

Jasalash.kz

Жоба Мемлекеттік тіл саясатын 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама аясында жүзеге асырылып, кезең-кезеңімен Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарын қамтыды. Соңғы қорытынды іс-шара Іле ауданында өтті.

Шара аясында тіл үйрету мен цифрлық құралдарды біріктірген жаңа бастамалар таныстырылды. Көрмеде облыс жастары әзірлеген оқу жобалары, мұғалімдердің жасанды интеллект негізінде қолданатын әдістемелері және тіл үйренуге арналған онлайн курстар көрсетілді. Бұл жобалар қазіргі заман талабына сай мемлекеттік тілді цифрлық ортаға бейімдеуге бағытталған.

Іс-шараға қатысқан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, цифрлық дәуірде қазақ тілін дамыту тек мәдени міндет емес, стратегиялық бағыттардың бірі. Әкімнің пікірінше, интернет кеңістігінде тілдің тазалығын сақтау, терминологияны жүйелеу және мемлекеттік тілдегі контентті көбейту – уақыт талабы. Сонымен қатар ол әлеуметтік желілер мен жасанды интеллекттің тіл мәдениетіне әсері артып келе жатқанын атап өтті.

Облыста жүзеге асырылып жатқан тілдік бағдарламалар нәтижесінде бірқатар жетістіктерге қол жеткізілген. Мәселен, «Көп тіл – бір әлем» байқауы барысында өңірде бірнеше тілді меңгерген 110 азамат анықталған. Сондай-ақ «Алатау дарыны» бағдарламасы арқылы шетелде білім алып жатқан жастар саны артып келеді. Соңғы жылдары Қытай университеттерінде білім алуға грант алған студенттер саны ондаған адамға жетсе, бүгінде жүздеген жас шетелдік оқу орындарында білімін жалғастыруда.

Дегенмен, мамандар көптілділік ана тілінің беделін әлсіретпеуі тиіс екенін жиі айтады. Облыста тіл үйренуге арналған орталықтар тұрақты жұмыс істейді. Соңғы жылдары мыңдаған азамат мемлекеттік тілді тегін курстар арқылы меңгерген. Олардың ішінде өзге этнос өкілдерінің үлесі де айтарлықтай.

Сонымен қатар қандастарға арналған жеделдетілген тіл курстары да енгізіліп, қысқа мерзім ішінде тіл меңгеруге мүмкіндік беріп отыр. Жоба аясында цифрлық өнімдер де таныстырылды. Олардың қатарында құжат айналымын автоматтандыратын жүйелер, құқықтық мәтіндерді өңдейтін платформалар, аудио мен мәтінді түрлендіретін сервистер бар. Бұл құралдар мемлекеттік тілді цифрлық кеңістікте қолдануды жеңілдетуге бағытталған.

«Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» жобасы қазақ тілінің тек мәдени мұра емес, заманауи технологиялармен қатар дамитын тірі жүйе екенін көрсетті. Мамандардың пікірінше, алдағы уақытта мұндай бастамалар тілдің қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, оның сапасын да жаңа деңгейге көтермек.

Жігер Әшім,

Алматы облысы 

Сайт Әкімшілігі