Әлеумет

«Спорттық туризм Алматыға миллиардтар әкелуде»

27 қыркүйекте 60-тан астам елден келген 16 мың жүгіруші 15-ші Almaty Marathon старт сызығына шығады.

Фото: Алматы әкімдігі

 Оқиға қарсаңында ұйымдастырушылар Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында жаңа трасса және мерейтойлық марафонға дайындық барысы туралы айтып берді. Зерттеу бағалауынша, 2026 жылы жүгіру шараларының Алматы экономикасына қосқан үлесі 15,6 млрд теңгеге жетті.

Almaty Marathon-ның 15 жылдығына орай 2018 жылдан бері алғаш рет барлық қашықтықтардың бағыттары толығымен жаңартылды. 42,2 шақырымдық марафон қаланың орталығы мен тарихи бөлігі арқылы бір айналым болып өтеді. Старт Абай алаңында, ал финиш Республика алаңында орналасады. Трассалар World Athletics талаптарына сай өлшеніп, сертификатталған.
Бағдарламада – марафон, жартылай марафон, 10 км қашықтыққа жүгіру және скандинавша жүру, сондай-ақ Экиден командалық эстафетасы бар. Сонымен қатар 42,2 км және 10 км қашықтықтарда Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді.
Биыл стартқа 1 500-ден астам шетелдік жүгіруші шығады. Ең көп қатысушылар Ресей, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ұлыбритания, Германия, Беларусь және АҚШ елдерінен жиналған.

Фото: Алматы әкімдігі

«Батыл болу – бірінші болу» қорының жүгіру стартының Алматыдағы 2026 жылғы жиынтық әсері 15,6 млрд теңгеге жетті. Салық түрінде бюджетке 3 млрд теңгеге жуық қаржы түсті – бұл қаланың туристік саласынан түскен барлық салық түсімдерінің 3,3%-ын құрайды. Маусым әлі жалғасып жатқандықтан, соңғы көрсеткіштер бұдан да жоғары болады.

Есепке ұйымдастырушылардың, қатысушылардың және олармен бірге келген туыстары мен достарының шығындары, сондай-ақ бұл қаражаттың басқа салаларда құрайтын қосымша айналымы кірді. Зерттеу бағалауы бойынша, бір қатысушыға орта есеппен 1,6 алып жүруші адамнан келеді.

Басқа қалалардан және шетелден келген жүгірушілер қатысушылардың 21%-ын құрағанымен, барлық шығындардың 73%-ын қамтамасыз етті. Алып жүрушілерімен бірге олар Алматы экономикасына 5,3 млрд теңге әкелді. Билет алған бір шетелдік қатысушының (алып жүрушілерін қосқандағы) экономикалық тиімділігі орта есеппен 1,82 млн теңгені құрады – бұл жергілікті жүгірушіге қарағанда 16 есе көп.

Сауалнамаға қатысқан шетелдіктердің 64%-ы үшін бұл марафон Алматыға сапарлаудың басты мақсаты болса, тағы 16%-ы үшін – негізгі мақсаттардың бірі болған. Жарысқа келгендердің жартысына жуығы қалада алты және одан да көп күн өткізген, ал 87%-ы қайта айналып келуді жоспарлап отыр.

Ең көп табысты орналастыру (қонақүй) саласы алды – 3,7 млрд теңге. Бөлшек саудаға 1,2 млрд теңге, транспортқа – 1 млрд, ойын-сауық саласына – 900 млн, қоғамдық тамақтануға – 800 млн теңге бұйырды. Жалпы әсердің ширек бөлігіне жуығы спортқа тікелей қатысы жоқ салаларға, соның ішінде тамақ өндірісі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және қаржылық қызметтерге тиесілі болды.

Фото: Алматы әкімдігі

«Almaty Marathon бір күндік оқиғадан әлдеқайда ауқымды шараға айналғаны қашан. Қатысушылармен бірге қалаға олардың отбасылары мен достары да келеді. Олар бірнеше күнге аялдап, қонақүйлер мен транспорт қызметін пайдаланады, ресторандарға, дүкендерге және көрікті жерлерге барады. Шетелдік жүгірушілердің басым бөлігінің қайта оралғысы келетіні де өте маңызды. Осылайша марафон жаңа аудиторияны Алматымен таныстырып, қала экономикасын қолдайды», – деді «Батыл болу – бірінші болу» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.

Мерейтойлық старттың халықаралық қатысушыларының арасында 2018 жылғы Бостон марафонының жеңімпазы, жапондық марафоншы Юки Каваучи бар. Ол Қазақстанға және Орталық Азияға алғаш рет келіп, өзі де қашықтыққа жүгіреді. Оның сапары Daikin компаниясының қолдауымен жүзеге асырылады.

10 км қашықтыққа қатысушылардың бірінші толқыны 06:00-де, екіншісі 06:15-те бастайды. Марафон 07:30-да, жартылай марафон 07:45-те басталады.

Қалалық және төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын бірыңғай Іс-шараны басқару орталығы үйлестіреді. Маршрут бойында жеті медициналық шатыр, ал финиште екі шатырлы госпиталь орналастырылады. 12 жедел жәрдем бригадасы, 16 веломедик, 84 медволонтер және әртүрлі бейіндегі 40 дәрігер кезекшілікте болады. Оқиғаны ұйымдастыруға 1 500-ден астам волонтёр қатысады.

Қайрымдылық шаралары алғашқы старттан бері Almaty Marathon-ның ажырамас бөлігі болып келеді. 15 жыл ішінде «Батыл болу – бірінші болу» қоры 500 млн теңгеден астам сомаға 30-дан астам жобаны жүзеге асырды. Қаражат спорт алаңдарын салуға, сенсорлық бөлмелер мен емдік дене шынықтыру залдарын құруға, сондай-ақ реабилитациялық және медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға бағытталды.

Сайт Әкімшілігі