Саясат

Спортты монополиялау: Жеңіс пен кейіс

Қазақстан азаматтығын алған мәскеулік «Сары қыз» Елена Рыбакинаның ағылшындардың «Уимблдон-2022» кубогін жеңіп алуы, кениялық «Қара маржан» Нора Джерутоның Америкада өткен әлем чемпионатында 3000 метрлік кедергіден қарғып жүгіруден чемпион атануы жұрт арасында қызу талқыға түсті.

Jasalash.kz

Тегі шетелдік саңлақтардың жеңісін өз жеңісіне балап балаша қуанғандар да, тосырқап, қазақ спортының жат жұрттанып, көп құрлықтанып бара жатқанына алаңдаушылық білдіргендер де көп болды. Қазақ спортының көп ұлттанғанына көз үйренгелі қашан. Ауыр атлетикадан Қазақстанның экс-бапкері Алексей Нидің Қытайдан топырлатып ауырлық көтерушілерді әкелгені белгілі. «Бәйтерек» ұлттық холдингі қаржыландыратын «Астана» велокомандасы, «Барыс» хоккей клубы, жергілікті футбол командалары да қалыспайды. Қазақ жеріне алты құрлықтан спортшылардың жиналуы – қазақ спортының кәсіби деңгейінің жоғарылығынан, нарықтық тартымдылығынан емес екені әу бастан түсінікті жайт.

Қаңтар оқиғасынан кейін жасаған алғашқы жолдауында Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі кезінде елімізде әлемдік деңгейдегі ат төбеліндей олигарх топтардың пайда болғанын тілге тиек етті. Назарбаев жақындары мен жақтастарына тәуелсіз елдің жер асты, үсті байлығын ғана емес, саяси, мәдени тетіктерді де басқаруға берді. Спорт та соның ішінде. Ел білетін сенімді серіктері Нұртай Әбіқаев, Әділбек Жақсыбеков, Асқар Мәмин, Кәрім Мәсімовтер голф, хоккей, бокс федерацияларын қадағалады. Қазіргі Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов кезінде Назарбаевтың көмекшісі, іс жүргізушісі болса, Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы Тимур Құлыбаев күйеу баласы. Иманғали Тасмағанбетовтың күйеу баласы Кеңес Рақышов та Қазақстан бокс федерациясының президенті. Осыдан-ақ қазақ спортының 30 жыл нарықтық бәсекенің қазанында емес, биліктің назарында болғанын байқау қиын емес. Нақтылап айтқанда Назарбаев спортты да монополиялап, мемлекет қаржысына САМИТ, ЭКСПО мен қатар, әлемдік спорт додаларын да өткізіп, өзінің ел іші-сыртындағы имиджін көтеруге қызмет етті. 2011 жылы өткен қысқы Азияда ойындары да, 2017 жылы өткен универсиада ойындары да ел экономикасына салмақ салғаннан басқа, ұлт денсаулығына, спортына ешқандай пайда, серпін әкелмеді. Қыруар қаржы жемқорлардың жұмырына кетті. Арты баянды болған біреуі жоқ. Токиода өткен жазғы олимпиададан спортшыларымыз алтынсыз, Қытайда өткен қысқы олимпиададан жүлдесіз қайтты. Спорт саласынан өскен боксшы Серік Сапиев, Бақтияр Артаевтар жұмыстан босатылып, Тимур бастаған олигархтар орындарында қалды.

Спортты монополиялап алған олигарх шенеуніктердің аттай қалап шетелдік спортшыларды елге тартуын, Елена Рыбакинаның Ресейдегі бапкерінің сөзімен айтқанда «Дайын асқа тік қасық болуын» ұлт спортына болған жанашырлықтан туған әрекет деп бағалау орынсыз болар еді. Саяси мақсатты көздегені, мемлекет қаржысын талан-таражға салудың жымысқы жолы еткені – соқырға таяқ ұстатқандай анық көрініп тұр.

Ескі тәсіл, кәнігі жүйе – бүгінгі жаңа уақыт талабына ендігәрі жауап бере алмайды. Спортты жеке амбицияның, идеологияның қолбаласы етіп ұстайтын дәурен өтті. Біздегідей Мәдениет пен Спорт министрлігі болмаса да еркін нарықтық бәсекенің арқасында әлемдік спорт державасына айналған АҚШ-тың тәжірибесін енгізіп, спортты ел бюджетін сүліктей соратын масыл саладан, салық қоржынын қампайтатын, басшының емес, мемлекеттің, елдің мерейін өсіретін әлеуетті салаға айналдыратын кез келді.

Есбол Үсенүлы
Тегтер: Без Тега