Студенттік жатақханаларда полиция бақылауы күшейтілді
Ішкі істер министрлігі жоғары оқу орындарындағы зорлық-зомбылық, буллинг және ақша бопсалау деректерінің алдын алу үшін студенттер мен университет басшылығына үндеу жасады.
ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Каринаның айтуынша, оқу жылы басталғалы студенттер арасында 566 құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Оның ішінде 23 ұсақ бұзақылық, тыйым салынған орындарда темекі шегудің 211 және көші-қон заңнамасын бұзудың 234 дерегі бар.
Қазір полиция қызметкерлері студенттік жатақханаларға бекітілген. Онда кіру-шығу тәртібі қадағаланып, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Университеттерде ішкі қауіпсіздік қызметтері тәулік бойы кезекшілік атқарады. Сонымен қатар студенттерге учаскелік полиция инспекторларының байланыс нөмірлері қолжетімді жерлерге орналастырылған.
Жыл басынан бері жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған 207 іс-шара өткізілген. Оның аясында студенттермен және оқытушылармен кездесулер, дәрістер, түсіндіру жұмыстары мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылған.
ІІМ өкілі оқу орындарының басшылығына зорлық-зомбылық деректерін жасыруға, студенттердің шағымдарын елемеуге болмайтынын ескертті. Оның айтуынша, университет беделін жастардың қауіпсіздігінен жоғары қоюға жол берілмеуі керек.
Министрлік студенттерді қорқыту, бопсалау немесе зорлық-зомбылық жағдайларына тап болғанда не куә болғанда дереу полицияға хабарлауға шақырды. Сондай-ақ студент мәртебесі заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайтыны ескертілді. Ауыр құқық бұзушылық жасалған жағдайда оқу орны студентті оқудан шығару мәселесін қарастыра алады.