Сараптама

Субсидия «суға» кетті. Қайтарымсыз қаржыны арзан несие алмастырмақ

Ұлттық экономика министрлігі бизнесті субсидиялаудың жаңа ережелерін әзірлеп жатыр.

Фото: agroinfo.kz

 Министрліктің мәлімдеуінше, бұл ережені әзірлеудегі басты мақсат – кәсіпкерлердің несие алуын жеңілдетіп, айналым қаражатына мұқтаж шағын бизнестің жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беру. Жаңа ереже бойынша кәсіпкерлер 500 млн теңгеге дейін арзан несиеге қол жеткізбек.

Экономика министрлігінің бұл бастамасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту (ҚНРДА) агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова да қоштап отыр. Агенттік төрағасының пайымдауынша, бұл өзгеріс күрделі экономикалық кезеңде шағын және орта бизнеске дем береді.

Ереже қалай жұмыс істейді?

Сөйтіп, министрлік әспеттеп отырған жаңа ереже қалай жұмыс істейді? Жаңа бағыт бизнестің дамуына дем бере ме? Ереже бойынша ең алдымен кәсіпкерлер банкке барады, қажетті несие сомасын көрсетеді, талапқа сай несие алу мақұлданса, несиенің пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін мемлекет субсидиялайды. Соның арқасында бизнес үшін несие арзанырақ болады.

Алайда сала мамандарының бұл ережеге көңілі толып отырған жоқ. Мамандардың пайымдауынша, мемлекет бизнестің несиесін арзандатқанымен, кәсіпкердің нарықтағы жағдайы өзгермейді. Егер өнімге сұраныс болмаса, оның шығыны көбейсе немесе бизнес тиімсіз болса, арзан несие бизнесті автоматты түрде табысты кәсіпорынға айналдырмайды. Керісінше, жеңілдетілген несиеге тым көп сүйену кәсіпкерлердің қарызын көбейтіп, мәселені одан әрі өршітуі мүмкін.

Кәсіпкер Азат ҚОНЫСБЕКОВТІҢ сөзіне сүйенсек, бір ғана тариф бағасының өсуі немесе жанармайдың қымбаттауы бизнестің шығынын екі еселейді. Бұдан бөлек, Ресей қазір Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге өзінің бастамаларын таңа бастады. Соның бірі – тауарларды таңбалау (орысша нұсқасы – маркировка товаров).

«Мәскеудің ойынша, барлық затты таңбалау контрабандаға тосқауыл қояды. Таңбасы жоқ тауар «жалған» деген сөз. Мысалы, 2022 жылдың шілде айынан бастап, Қазақстанда дәрілік заттардың цифрлық таңбалануы және қадағалануы енгізіле бастады. Халық қазір дәрі-дәрмектің қатты қымбаттағанын байқады. Себебі препараттардың әрбір қорабын маркалау тегін емес, ақылы. Тиісінше, көтерме жеткізушілер мен дәріханалар оның құнын қарапайым тұтынушылар мен сырқаттардың есебінен өндіреді. Осылайша, одақ аясындағы осындай қисынсыз талап халықтың қалтасын қаға бастады. Міне, осындай жағдайлар кездесетін болса, бизнестің шығыны екі еселенеді. Мұндайда арзан несие беру бизнесті тығырықтан шығармайды», – дейді Азат Қонысбеков.

Сондықтан Үкімет бұл арада нақты қай бизнеске қолдау беру керектігін, бұл қолдаудың нәтижесі қандай болатынын бақылауы керек. Берілетін субсидияның мақсаты – кәсіпкерді арзан несиеге тәуелді ету емес, оның өндірісін ұлғайтып, жұмыс орындарын көбейтіп, өздігінен табыс табатын деңгейге жеткізу болуы тиіс.

Әлемдік экономиканы бақылаушы және саясаттанушы Әсем ҚАСЫМХАНОВА бизнесті субсидиялауға келгенде үкіметтің әлі де дұрыс шешімдер шығара алмай отырғанын айтады. Маманның ойынша, бізде субсидияның жыры көп. Субсидия беру талаптарының дұрыс еместігі, бұл салада бақылаудың жоқтығы, субсидияны тек тамыр-танысы барлар алатыны, ол ақшаға кейбір кәсіпкерлердің той жасайтыны, қымбат көлік мінетіні бұған дейін де белгілі болды. Тіпті ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған субсидиялардың сауда саласына, сән салондарын салуға, ойын-сауық орталықтарын ашуға жұмсалып кеткені туралы да деректер тіркелген.

«Мәселен, 2023 жылы ауыл шаруашылығы субсидияларын ұрлағандар мемлекет қазынасына 2 млрд 600 млн теңге залал келтірген. Субсидияға қолы жетпеген кәсіпкерлер көп болды. Оны алудың машақаты одан да көп екені айтылды. Осының барлығын жіпке тізіп кеп, былтырдан бері Ұлттық экономика министрлігі енді кәсіпкерлерге нақты мемлекеттік қайтарымсыз субсидия емес, несие түрінде жеңілдетілген субсидия беретінін айтты. Бұл ереже – сол істің бастамасы. Енді өз ойым, осы уақытқа дейін мемлекеттік субсидия түзей алмаған шаруашылықты, арзан несие түзей алатынына күмәнданамын. Ертең ол несиені кәсіпкерлер көзі қызығып алып, артынан қайтара алмаса, тағы да мемлекеттік бюджетке салмақ түседі», – дейді сарапшы Әсем Қасымханова.

Триллиондарды жұтса да, тұралап тұр...

Стратегиялық жобаларды үйлестіру орталығының сарапшысы Алмас СӘЛМЕНОВТІҢ пікіріне сүйенсек, бізде субсидия мен несиеге «қарық» болған саланың бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Бұл салада 2-5-6 пайыздық несие беретін «Агронесие» корпорациясы, «ҚазАгро» холдингі, «Даму» қоры, «Кең дала», Сыбаға» дейсіз бе, тағы басқа толып жатқан мемлекеттік бағдарламалар легі болған. Әттеген-айы, «қазір осыншама жобалар үмітті толық ақтады» деп мақтана алмаймыз.

«Деректерге жүгінсек, осы саланы дамытуға соңғы бес жылда бюджеттен 2 трлн теңге жұмсалған. Бірақ трлн-дарды жұтқан сала әлі тұралап тұр. Қазақстан әлі күнге дейін ауыл шаруашылық өнімдерімен өзін-өзі толық қамтамасыз ете алып отырған жоқ. Биыл ғана тыныш отырған шығармыз. Әдетте жыл сайын жаздың ортасында белгілі бір өнімнің бағасы адам айтқысыз күйде шарықтайды. Алдыңғы жылы картоп пен сәбіздің бағасын айтып, даурыққан едік. Одан кейін қанттың бағасы шарықтап, елді дүрбелеңге түсірді. Былтыр картоптың кейбір сортын жұрт 1 500 теңгеден сатып алып жатты. Мұндайда біздің министрлер көрші елге жүгіріп барып, форвардтық келісім жасап, арзан өнім сұрап, алақан жаяды. Ал негізінде, елімізде жылыжай өндірісін дамытуға, көкөніс өсіруге миллиардтаған субсидия бөлініп, мемлекет тарапынан қаншама дотация берілген. Ауыл секторын дамыту мақсатында қаншама бағдарламалар жүзеге асырылды. Қаншама холдингтер, корпорациялар арқылы осы саладағы бизнеске қаражат бөлінді. Алайда нәтиже көңіл көншітерлік емес. Осындайда «Арзан несиенің пайдасы болар ма екен?» деген сұрақ туындайды», – дейді Алмас Сәлменов.

Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда БАЯХМЕТОВТІҢ пікірінше, субсидия бар жерде ұрлық та бар. Ол коррупцияға жол ашады. Сондықтан үкіметтің шаруаларға тегін қаражат беруді тоқтатқаны жөн. Бәрінің қайтарымы бар екенін шаруалар ұғуы қажет.

«Мүмкіндігінше, ұзақ мерзімге, «каникулмен» берілген қаржының жауапкершілігі бар және ол тиімді болмақ. Сол кезде мемлекеттің қаражаты талан-таражға түспейді. Мемлекеттің қаражаты бәріне жете бермейді», – дейді маман.

Қолымызды кеш сермеген жоқпыз ба?

Айтса айтқандай, мемлекеттің қаржысы бәріне бірдей жете бермейтінін Үкімет те мойындай бастаған сыңайлы. Бұл ретте ҚНРДА алдағы уақытта Қазақстанның Даму банкі (ҚДБ) мен «Бәйтерек» қаржыландыратын жобалардың портфелі де қайта қаралатынын мәлімдеді. Агенттіктің дерегінше, енді белгілі бір жоба коммерциялық тұрғыдан тиімді болса, ол жоба тек мемлекеттік қаржымен ғана жүзеге асырылмайды. Мұндай жобалар алдымен екінші деңгейлі банктердің сүзгісінен өтуі тиіс. Яғни кәсіпкер банкке барып, жобасының өміршең екенін банкке дәлелдеуі керек. Банк оның кірісін, тәуекелін, қарызды қайтару мүмкіндігін, кепілін және жалпы қаржылық тұрақтылығын бағалайды. Осыдан кейін ғана несие беру туралы шешім қабылданады. Бұл жерде мемлекеттік қолдау дегеніміз – кез келген жобаның шығынын мемлекеттің өзі мойнына алуы емес. Егер бизнес-жоба шынымен табыс әкелетін болса, оның қаржылық жауапкершілігін жеке сектор да көтеруі керек дегенге саяды. Ірі жобалардың тағы бір мәселесі – олардың құнының тым қымбат болуы. Мысалы, жүздеген миллиард теңге қажет ететін зауытты немесе инфрақұрылымдық нысанды бір банктің жалғыз өзі қаржыландыруы оңай емес. Мұндай жағдайда бірнеше банк бірігіп, несие беретін механизм іске қосылады. Оның мәні – бірнеше банктің бір жобаға бірігіп ақша беруінде. Мысалы, жобаға 500 млрд теңге қажет болса, бір банк барлық соманы жалғыз көтермейді. Бірнеше банк қаржыны бөліп береді және ҚДБ да өз қаражатын қосады. Осылайша тәуекел бірнеше қаржы институтына бөлінеді. Ең маңыздысы – ҚДБ-ның қатысуы жобаның түпкілікті қарыз құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Бұл ретте банк секторының маманы, экономист-сарапшы Тоғжан ШАЯХМЕТОВА былай дейді: «Екінші деңгейлі банктерді әу бастан өндірісті қаржыландыруға бағыттау керек дегенді 10 жыл бұрын айттық. Құлақ асқан ешкім болмады. Біз бұл істі 15 жыл бұрын қолға алғанымызда, қазір жемісін жеп отыратын едік. Әдеттегідей, тағы да кеш қозғалдық. Осы уақытқа дейін ҚДБ тек олигархтардың қалтасына тиімді банк болды. Олигархтардың жобасын қаржыландырды. Солардың жобасына арзан несие берді. Енді «ештен кеш жақсы». Ірі жобаларды да екінші деңгейлі банктер қаржыландыруға қатысатын болыпты. Бұл іс тек олигархтарға ғана пайдалы болмай, халықтың мүддесіне жұмыс істеуі керек».

Расымен де, Жоғары аудиторлық палата былтыр Қазақстанның Даму банкі кейбір компанияларға бекітілген мөлшерлемеден де арзан несие беріп келгенін анықтаған. Есеп палатасының берген деректеріне сүйенсек, банк кейбір қарыз алушыларға жеңілдік жасап, несиені өте төмен пайызбен берген. Артынша сол арзан несиемен қамтылған біраз жобаның қаржылық жағдайы нашарлаған, өнім экспорты бойынша жоспарлары орындалмаған. ҚДБ-ға төлемдер кешіктірілген. Тіпті банк қаржыландырған компаниялардың арасында экономикалық дефолтқа ұшырағандар да бар. Бұған қоса мемлекеттік аудит ҚДБ-дан алған арзан қаржыны алпауыт компаниялардың өз қожайын-акционерлеріне дивиденд түрінде төлегенін, банктердегі депозиттерге жоғары сыйақымен салып, табыс тапқанын да әшкерелеген. Қалай десек те, енді бизнесті несиелендіру бағыты түбегейлі өзгеретін болды. Енді бизнесті тек ҚДБ ғана емес, екінші деңгейлі банктер де арзан несиемен қолдауы тиіс. Бұл бастаманың нәтижесі қандай боларын бір-екі жылдың ішінде байқап та қалармыз. Бәлкім, ҚДБ мен екінші деңгейлі банктер бірігіп «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса», бизнестің тынысы кеңейіп, экономикамыздың тамырына қан жүгіретін шығар, кім білсін?

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: субсидия