Қоғам

Субсидияны заңсыз иелену ісі: экс-депутатқа қатысты тергеу аяқталды

Алматы облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінген мемлекеттік қаржының заңсыз игерілуіне қатысты ауқымды қылмыстық істің тергеуі аяқталды. Қаржылық мониторинг агенттігі бұл іс бойынша жиналған материалдардың сотқа жолданғанын хабарлады.

Фото: Устинка LIVE

Тергеу нұсқасына сәйкес, бюджет қаражатын иемденуге бағытталған жүйені Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты ұйымдастырған. Тергеушілердің мәліметінше, ол ауыл шаруашылығына берілетін субсидиялардың рәсімделу тәртібін жақсы меңгергендіктен, осы мүмкіндікті заңсыз пайдалану жолын ойластырған.

Қылмыстық жоспарды жүзеге асыру үшін бірнеше коммерциялық ұйым мен Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығы пайдаланылған. Ресми құжаттарда бұл шаруашылықтар өндірістік мақсатта элиталық таңқурай көшеттерін сатып алған болып көрсетілген.Субсидия алу кезінде мемлекеттік органдарға ұсынылған құжаттардың шынайы көрінуі үшін келісімшарттар, тауарды қабылдау актілері, электрондық шот-фактуралар және көшет өндірушілерге қатысты сертификаттар әзірленген. Алайда тергеу барысында бұл құжаттардың нақты жеткізілімді растамайтыны белгілі болған.Мамандардың анықтауынша, есепте көрсетілген көлемдегі көшеттер ешқашан жеткізілмеген. Тіпті кейбір шаруашылықтардың өндірістік көлемде таңқурай өсіруге қажетті жері де, техникалық мүмкіндігі де болмаған.

Осы тәсіл арқылы мемлекеттен 2,6 миллиард теңгеден астам субсидия заңсыз алынған. Тергеу деректеріне қарағанда, қаржының 491 миллион теңгесі бағалы қағаздар нарығына салынған. Ол үшін күдіктінің жұбайының атына брокерлік есепшот ашылып, кейін қазақстандық және шетелдік компаниялардың акциялары сатып алынған.

Бұдан бөлек, тағы 400 миллион теңге «iSolutions Capital» микроқаржы ұйымына уақытша қаржылық көмек ретінде аударылған. Кейін бұл қаражат бірнеше операция арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылғаны анықталған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, заңсыз алынған қаражаттың тағы 170 миллион теңгесі Қонаев қаласындағы ойын мекемелерінде жұмсалған.

Тергеу барысында күдіктілердің иелігіндегі төрт пәтерге, үш автокөлікке, жеке тұрғын үйге және бағалы қағаздарға соттың санкциясымен тыйым салынды. Сонымен қатар үш күдікті қамауға алынды.Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, барлық материалдар мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілді.

Сайт Әкімшілігі