Судья, ауылымыздың моласына дейін жекеге өтіп кетті
Көкшетауда Ақмола облыстық экономикалық сотында жер дауына қатысты сот процессі басталды.
2005 жылы Ақмола облысы, Целиноград ауданына қарасты Максимовка ауылы «Сары–терек» ЖШС-не 49 жылға жалға берілген. Енді жергілікті билік өкілдері жеке компанияны жерді келісім шартқа сәйкес пайдаланбай отыр деп сотқа берді. Істі судья Үмітжан ҚАСЫМОВА қарап отыр.Қазір тұрғындардың көбі туған ауылын тастап, өзге елді-мекендерге көшіп жатыр. Оған себеп – соңғы жылдары ауылда күнкөріс тым қиындап кеткен. – Мен бұл жерде 1983 жылдан бастап тұрып келемін. Маған көп балалы ана ретінде 91 гектар жерді пай ретінде берді. Біз жерді пайдаланып, мал асырап, бақша өсіріп, өз күнімізді өзіміз көріп жүрдік. Ауылдың жері «Сары–терек» ЖШС берілгеннен кейін, жағдайымыз тым қиындап кетті. Бізге, тіпті, пайға берген жерлерімізден шөп шаптыруға да мүмкіндік бермей отыр. Шауып алып, арбаға артып болғанын аңдып отырған олар, жетіп келіп: «бұл жерлер біздікі, алғың келсе 5 мың теңгеге сатып ал, немесе, осы жерге тастап кетесің» деп талап қояды, – дейді Максимока ауылының тұрғыны Қалияапану ӘБДІРАХМАНОВА.Бір қызығы, уақытша меншікке берілген жердің аумағында жайылым мен алқаптан өзге, ауылдың барлық үйлері, автокөлік және пойыз жолдары, тіпті зират та бар. Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар ТАЙЖАННЫҢ айтуынша, бұл қазіргі кездегі латифундизмнің нағыз классикалық үлгісі. – Бұл латифундист жалға алған жерлерді келісімшартта көрсетілген талапқа сәйкес пайдаланбай келеді. Тиімсіз пайдаланғандықтан бұл жерлерді мемлекетке қайтару керек. Оның үстіне жақында, сенат жайылымдарды ауылдың тұрғындарына беру жөнінде заң қабылдады, – дейді қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан.Целиноград аудандық жер қатынастары жөніндегі бөлім мамандарының айтуынша, жерді берілген уақыттан бастап, серіктестік 17 мың гектар аумақта жарытып егін де екпеген, мал басын да көбейтпеген. – Біз сотқа арнайы маманды шақырып отырмыз. Бұл маман ғарыштан жерді қаншалықты пайдаланғанын тексеріп бере алады. Ғарыштық тексеріс бұл серіктестіктің жерді дұрыс пайдаланбағанын дәлелдеп отыр. Осы дәйекті біз сотқа ұсынып отырмыз, – дейді Целиноград ауданының жер қатынастары жөніндегі бөлімнің бас маманы Жәнібек ТҰРМҰХАНБЕТОВ.Сондай-ақ, сотта ауыл аумағындағы жанармай бекеттеріне қатысты пікір талас болды. Максимовка ауылдык округінің аумағына салынған жанармай бекеттерін «Сары-терек» ЖШС басшылары тез арада бұзыңдар деп бұйырған. Ал қорғаушылар жанармай бекеттері әкімдіктен рұқсатымен салынғандығын алға тартты.Жер дауына байланысты ушыққан бұл мәселеге байланысты Ақмола облысының экономикалық сотында мамырдың 14 күні жалғасады.
Фотолар автордікі.