Саясат

Судың да сұрауы бар, ал әуежайдың құны көк тиын

Үкімет өткен аптада Жамбыл облысының алты ауданында төтенше жағдай енгізді. Мұндай апатты жағдайға жеткізген облыс егістіктерінің сусыз қалғаны.

Jasalash.kz

Әкімдіктің мәліметінше, фермерлердің биылғы шығын көлемі былтырғыдан 25-30 пайызға артады. Мыңдаған гектар егістік алқаптар жарамсыз боп қалды. Бұл көкөніс тапшылығына соқтырады. Шығын әлі де есептеліп жатыр. Ал проблема неге бұлайша ушықты?

Ол Талас пен Шу өзендеріндегі судың аздығынан туындаған. Жамбыл облысындағы ірі өзендер (Талас, Шу) бастауын қырғыз жеріндегі мұздықтардан алады. Яғни судың «кілті» – солардың қолында. Ал екі ел үкіметі өкілдерінің жаз бойғы бірнеше кездесулері ешқандай да нәтиже бермеді. Қырғыз жерінде де судың тапшылығы байқалады.

Бір қызығы, Қытайдағы Шығыс Түркістанға сапары барысында «Qingdao Laoshan Mineral Water Co.,Ltd.»  компаниясының президентімен кездескен қырғыз үкіметінің басшысы Ақылбек Жапаров,  Қырғызстанның Еуропа елдеріне, Қытайға, басқа да Азия елдеріне ауыз суын экспорттай алатын мол мүмкіндігі бар екенін айтып, қытай бизнесменінен көмек сұрады. Анау, әрине, келісе кетті. Яғни сатуға су бар. Онда неге бізді «сұмырай» қылып отыр? Мәселені бұлайша қалдыруға қазақтар да келіспейді. Өткен аптада қырғыз-қазақ шекарасында жүк тасымалдайтын көліктердің өте алмай, жиналып қалғаны туралы мәлімет тарады. Қырғыздар мәшинелерін қазақтар әдейі өткізбей жатыр дейді. Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті оны «шекарадағы тәртіптің бұзылуына қарсы жан-жақты күрес шарасын жүргізіп жатырмыз» деп түсіндіре салды.

 «Астана Таймста» жарияланған мақаласында америкалық саясаттанушы Роберт Катлер «Бішкек Қазақстанның Қырғызстаннан суға тәуелділігін Ресейге керек сұр схемаларға қатыстыру үшін тікелей пайдаланып отыр» деп мәлімдеді. Оның ойынша, «қарым-қатынастың бұлайша құрылуы аймақта жаңа күштердің қалыптасуына ықпал етуі мүмкін». Яғни Астананың ойынша, қырғыздар суды әдейі бермей отыр. Қырғызстанның экономика министрлігі  ЕврАзЭС-ке шағымданып, ол жақтан комиссия келетін болып жатыр. Яғни Бішкек Мәскеудің төрелігіне жүгініп отыр. Бекер емес қой. Тәжік президенті Эмомали Рахмонның да апта соңында Астанаға жұмыс сапарымен келгені сол мәселеге қатысты екені анық. Былтыр және биыл қыста қырғыздар Памир биіктеріндегі мұздықтарды бақылау мүмкіндігі үшін тәжіктермен де қақтығысып қалған. Оқ атылған, адам өлген. Су –  Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ проблема. Сондықтан да бес елдің әрқайсына да тиімді ортақ шешім керек. Тек Мәскеуді араластырмаған жөн.  

Өткен аптада үкімет Балқаштың жағасында орналасқан Үлкен ауылында АЭС салуға қатысты тыңдаулар өткізді. Бұл «тыңдауларда» ешкімнің де пікірі тыңдалмады. Энергетика министрлігі ауыл тұрғындары атом стансасының салынғанын қолдайды деген есебін беріп те үлгерді.

Әрине, Қазақстан экономикасын дамыту үшін, ең алдымен, энергетика мәселесін шешу керек. Ол саланың жағдайын қыста Екібастұз көрсетіп берген. Ол – алғашқы қоңырау ғана. Бәлкім, атом стансасы да керек болар. Бірақ үкімет ол мәселені шала ойластырған сыңайлы. Қазір әлемде қауіпсіз де ыңғайлы шағын реакторлар бар. Соны неге қарастырмасқа? Әйтпесе, Балқаштан басқа өңірлерге дейін жеткенше жол-жөнекей қаншама энергия жоғалады! Ауаны ластайтын қалдықтардан толық арылуға әлі де 35 жыл уақытымыз бар. Неге көмірді пайдаланып қалмасқа? Жасыл энергетиканы дамытамыз деп, ЭКСПО да өткізбеп пе едік! Қазір күн мен жел энергиясын өндіру едәуір арзандап та кетті. Пайдалы әрі таза энергия көзіне айналып отыр. Мысалы, жасыл энергетиканың арқасында Германия (АЭС-нан бас тартқан ел) 12 млрд евро үнемдеп, ауаға шығатын көмір қышқылын 150 млн тоннаға азайтқан. 2014 жылы бұл салаға 19 млрд евро инвестиция тартып, одан 14 млрд евро пайда тапқан. Ал 2000 жылдан бері балама энергетика саласында 370 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Ал үкімет ұсынып отырған атом стансасы бір-екі жылда салына салатын нәрсе емес. Кем дегенде 12-15 жылға кетеді. Яғни «жемсаулары» ұзақ жылдар бойы «жемнен» құрғамайды.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Митталды кетіру туралы саяси шешім қабылданып қойды деп мәлімдеді. Оның орнын орыстар баса ма деген сұрақтан «Скляр біледі, содан сұраңдар» деп жалтарды. Скляр болса, Митталдың орнына Мордашовтың «Северсталі» келеді деген ақпарат жалған деп шықты. Ал қазір ресейліктер Митталдан «Арселор Теміртауды» сатып алады деген ақпарат есіп тұр. Экономикадағы бүгінгі тенденцияны ескерсек, солай болуы әбден мүмкін де. Ал Лакшми Миттал Қазақстан үкіметіне кәсіпорынан кет десеңдер, 1,8 млрд долларға сатып алыңдар деген талап қойған. Тегін алып, сатып кетпекші. Одан бөлек, кәсіпорынды жаңартып шығу үшін тағы да 5 млрд шамасында қаржы керек. Ондай инвестордың келе қоюы да екіталай.  Демек, санкциядан жалтармақшы ресейліктердің келіп қалуы да ғажап емес. Ал қазақ буржуазиясы қайда?

Семей соты Қаңтарда бір азаматты азаптап өлтірген екі полицейге 4 жылдан шартты мерзім кесіп, қоя берді. Одан бөлек, азаптаушылар жәбірленген тарапқа 4 500 000 теңге өтемақы төлейді. Әрқайсысы екі млн екі жүз елу мыңнан. Үш жыл бойы құқық қорғау органдарына жұмыс істеуге тыйым салынды. Не деген қайырымдылық! Не деген мейірім! Екі қаныпезердің әлі де жас екенін ескердім дейді, үкім шығарған судья. Неге адам өлтіргенін ескермеген? Үш жылдан кейін қайтып келіп, тағы да біреуді өлтіріп тастаса не болады? Шымкентте судья босатып жіберген қылмыскер, жуырда ғана бес жасар сәбиді зорлап өлтірмеп пе еді? Бұл үкімнің түбі шикі, болмаса судьяның не ары, не қолы таза емес.

Күмәнді деп қарауға болатын тағы бір сот ісі  Қаңтарда оққа ұшып қаза тапқан төрт жасар Айкөркемнің өліміне байланысты. Күмәнді болатыны – 11 томнан тұратын істің тек бірінші томында ғана құпияға жататын деректер бар екеніне қарамастан, істі түгел құпия қылып, әкесін сотқа кіргізбей отыр. Айдос Мелдехан 24 тамыздағы сот отырысына тағы да кіре алмады. Адвокат әзірге үш куәгер сұраққа алынды дейді. Ал айып тағылған Арман Жұман бостандықта жүр. Ол журналистерге өзінің Айкөркем мінген мәшинеге оқ атуға бұйрық бермегенін мәлімдеген.

Өткен аптада экстремистік баппен айыпталып, қазір Талдықорған түрмесінде жатқан журналист Думан Мұхаметкәрім өзінің саусағын кесіп тастай жаздады. Мұндай жанкештілікке өзінің талаптары орындалмағандықтан бармақшы болған. Талабы қарапайым, әрі заңға сай – өзін тұрғылықты облысы және билік қылмысты деп тапқан эфирге шыққан жеріне аударуды сұраған.

Президент Тоқаев ШЫҰ төрағасы ретінде Оңтүстік Африка мемлекетінде өтіп жатқан БРИКС саммитінде бейнебайланыс арқылы сөйледі.  Бірнеше ұсыныс айтты. Мемлекеттік БАҚ-тар «мүжгілеп» тастаған ол мәселеге тоқталмай-ақ қояйын. Ал менің ойымша, жақында басқа да жаңа мүшелер қосылады (Қазақстанның да ондай ойы бар) деген мәлімдемелерге қарамастан, бұл БРИКС-тің болашағы бұлыңғыр сыңайлы. Ресейдің жайы анау – өзін қамау туралы Халықаралық сот ордер берген соң Путин Иоханесбургте жиналғандарға теледидар арқылы шықты. Экономикасы күйреп жатыр. Синь Цзиньпинь болса бұл форумға келген де жоқ. Әлемдегі саяси-экономикалық хал-ахуалды жақсы білетін сарапшылар оның мұнысын Қытай экономикасының тым ауыр күйге түскенімен байланыстырып отыр. Олардың сөзіне қарағанда Қытайдың экономикалық «ғажайыбы» бітті! Яғни кино аяқталды! Әрі қарай даму үшін Қытайда құрылымдық өзгерістер жүргізілсе керек. Яғни бұл елдің басшылығы тоталитарлық жүйеден бас тартып, нағыз нарықтық, демократиялық реформаларға сүйенсе дұрыс болады. Әйтпесе, Синь Цзиньпиньді революция күтіп тұр дейді. Яғни БРИКС тобындағы елдердің бар экономикалық потенциалын қосқанда 70 пайызға жуығы Қытайдың үлесінде екенін ескерсек, бұл одақтың ғұмыры ұзаққа бара қоймас. Оның үстіне, он бес жылдан бері АҚШ-пен екі арада ең ірі сауда партнері Мексика болып шықты. Бұған дейін Қытай болатын. Бұл – әлем жаһандану процесінен аймақтық байланыстарға иек арта бастады деген сөз. 

Қазақстандықтар шенеуніктерге бар-жоғы 85 мың теңге жалақы төлеу туралы петиция жариялады. Оған бірер күннің ішінде ғана 17 мыңнан астам адам қолдап, қол қойған. Қарсылардың қарасы 100 адамнан да аз. Сірә,  шенеуніктердің өздері болар. Мұндай петицияның пайда болуына себепкер еңбек және әлеуметтік қамту вице-министрі Олжас Ордабаевтың айына 85 мың теңгеге өмір сүруге толығымен жетеді деген сөзі. Аузынан қағынды деген – осы. Елдің хал-ахуалынан, базардағы бағадан хабарсыз екенін білдірмеу үшін аузын ашпай-ақ қойса қайтер еді? «А» деді де, ақымақ екенін көрсетіп алды. Бұл халықтың жағдайын жақсарту үшін тағайындалған шенді. Ал петицияның авторы Дәулет Жаябаев шенеуніктердің жалақысынан үнемделген қаржыға мүгедектердің, асыраушысынан айырылғандардың, балалар жәрдемақысын, басқа да әлеуметтік төлемдерді көтеруге жұмсау керек дейді. Ол қазақстандықтардың қаржыға зәру басқа да қажеттіліктерін тізіп шыққан. Ал 85 мыңға өмір сүре алатындарға көп жалақы төлеудің керегі жоқ дейді.

Шынымен де, шенеуніктер өз міндеттерін адал орындап отыр ма? Мысалы, өткен аптада Ақтау әуежайын жалға бергеннен Маңғыстау бюджеті қанша пайда тауып отырғаны туралы білдік. Халықаралық әуежайды басқаруға алған түрік компаниясы бар-жоғы 15, 25 млн теңге төлейтін көрінеді. Каспийдің жағалауындағы коттедждің арендасымен бірдей-ақ сома. Олардың неге мұншалықты аз төлейтінін өздеріңіз де түсінген шығарсыздар. Ал ақтөбелік шенеуніктер жастарға «Елбасы медалін» табыстау үшін қазынадан 104 млн теңге шашпақшы. Медальдарда Назарбаевтың бейнесі таңбаланған көрінеді. Елбасының өзі кетсе де, көзі кетпеген болып тұр ғой. Ал солай-ақ болсын. Онда мұндай шараны неге бюджеттен қаржыландыру керек? Ақшаны миллиардтаған активтері бар Назарбаевтың қорларынан неге алмайды? Әлде Ақтөбе әкімдігі «Жаңа Қазақстанда» өмір сүріп жатқанымыздан хабарсыз ба?

Асхат Асан
Тегтер: Без Тега