Қоғам

Суицидтің үкімі...

Жаңалықтардан күнде бір адамның өз өмірін қиып жатқандығы, не көпірден, көпқабатты үйлерден секірмек болып, суицид жасағысы келетіндер туралы естіп келеміз.

Jasalash.kz

Тіпті бұл бара-бара құлаққа сіңіп кеткен жағдайға да айналды. Көп адам өмірдің кішкене сынағына шыдамдылық танытып, күресудің орнына, оның шешімін тек өлімнен іздейтіні өкінішті-ақ.

Дегенмен де, дін мамандары бұл өмірдегі өткінші бір қиындықтан қашып құтылғаныңмен, ертеңгі қабір азабынан құтылу мүмкін емес екенін айтады. Яғни бұл өмір қаншалықты ащы болса, о дүниеге аттанып, қабір азабын тарту екі есе ащы екенін бірі білсе, бірі білмес. Тақырыпқа тұздық ретінде әрі суицид жасаудың үкімі қандай екендігі жөнінде дін мамандарының пікіріне көз жүгіртсек, бас имам Жансерік Өмірсерікұлы адамның өзіне-өзі қол жұмсауы Жаратқанның берген жақсылықтарын жоққа шығарудың, шүкірлік етпеуден туындауынан деп түсіндіреді.

— Алла Тағала адам баласын ардақты етіп жаратты. Адам бір Алланың әмірімен дүниеге келді. Сондықтан да әр адамның жарық дүниеге келгеннен кейін өлімнің дәмін татуы да заңдылық. Тек өз-өзіне қол жұмсауы арқылы емес. Адамның өзін-өзі өлтіруі бүгінгі қоғамды алаңдатарлық жайт болып отыр. Асыл дінімізде бұл үлкен күнә. Адам денесі – Жаратқанның берген аманаты. Сол себептен, бұл аманатты жақсылап қорғау қажет. Өйткені адам ақыреттік міндеттерін атқаруы үшін ең бірінші денсаулыққа мұқтаж. Ислам дінінде денеге зақым келтіретін, қауіп төндіретін нәрселерді харам қылған. Бұл хикметке орай, исламда масайтатын нәрселерге де қатаң тыйым салынған. Сондықтан да дінімізде адамның бір мүшесіне зиян келтіруі емес, өзіне қол жұмсауы – өзін өлтіруі үзілді-кесілді харам, үлкен қылмыс саналайды.

Ал өзін-өзі өлтірген адам қандай тәсілмен өзіне қол жұмсаса, қиямет күні де солай азапталады екен. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Біреу құздан өзін тастап өлсе, ол адам жаһаннамда мәңгі әрі үздіксіз жоғарыдан құлап бара жатқан үлгіде азапталады. У ішіп өлсе, қолындағы уды тоқтамастан ішкен күйде жаһаннамда азапталады. Ал кімде-кім өзін пышақ секілді өткір затпен өлтірсе, ол да пышақты ішіне мәңгіге үздіксіз сұғып жатқан күйде азапқа ұшырайды» дейді.

Өзіне қол жұмсаған адам басына түскен қиыншылықтан құтылуы үшін өз өмірін қияды. Бірақ адамның өзін өлтіруге көрсеткен қандай да бір себебі оны ақтай алмайды. Өйткені өзін өлтірген пенде өлген соң, одан да зор қиындыққа тап болады. Яғни адам науқастанады, жоқшылыққа ұшырайды, бәлекетке кезігеді. Оны әрбір мұсылман баласы біледі де. Сол себептен, қандай сынақ болсын, Алла Тағаладан күдер үзбей, тағдырға қарсы келмеу керек. Әрі мұсылман, иманы мықты адам өз өмірін қиюы мүмкін де емес, – дейді Жансерік Өмірсерікұлы.

«Адамның басы Алланың добы» демекші, адам тағдыры тек сәттіліктен тұрмайтыны рас. Яғни бірде өмір ащы болуы, бірде тұщы болуы да мүмкін. Не болмаса, өмірім тек қиындықтан ғана құрылды деушілердің өзінің бір күні, не бір жыл болмасын, алдынан жарық күннің шығатыны анық. Бірақ оған жету үшін әрине, тек шыдамдылық, сабырлық қана қажет. Сондықтан да, қай пенде болмасын, тығырықтан шығудың оңай жолын тек суицид жасаудан іздемегені абзалырақ.

Бифат Нұрмаханқызы
Тегтер: Без Тега