Суицидтің алдын алатын алғашқы қадам – сенім телефондары
Қазақстанда суицид мәселесі соңғы жылдары қоғамның назарынан түспей келеді. Әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицид қаупі алаңдатарлық сипатқа ие.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суицидті 15-29 жас аралығындағы адамдар өлімінің негізгі себептерінің бірі ретінде көрсетеді. Бұл деректің өзі жас кезеңіндегі психологиялық күйзеліс, жалғыздық, қысым мен өмірлік қиындықтарға төтеп беру мәселелеріне немқұрайлы қарауға болмайтынын аңғартады. Жас адам үшін кейде ересектер елеусіз деп қабылдайтын жағдайдың өзі үлкен эмоционалдық дағдарысқа айналуы мүмкін. Оқу үлгерімі, ата-анамен түсініспеушілік, құрдастар арасындағы қарым-қатынас, буллинг, әлеуметтік желідегі қысым, жалғыздық, болашаққа деген сенімсіздік немесе өзін қоғамға қажетсіз сезіну секілді факторлар бір-бірімен қабаттасып, адамның ішкі күйзелісін күшейтеді. Мұндай сәтте ең қауіпті нәрсенің бірі – адамның өз мәселесімен жалғыз қалуы. Сондықтан суицидтің алдын алу тек мамандардың немесе мемлекеттік органдардың міндеті ретінде қаралмауы керек. Бұл – отбасыға, білім беру ұйымына, достарға, қоғамға ортақ жауапкершілік.
Қазақстанда қиын жағдайға тап болған адамдардың жүгінуіне мүмкіндік беретін сенім желілері де бар. Мысалы, 111 – балалар мен жастарға арналған ұлттық сенім телефоны, 150 – отбасы мәселелері бойынша жедел желі ретінде көрсетіледі. Сондай-ақ 8-800-080-22-11 нөмірі арқылы психологиялық қолдау қызметтеріне жүгінуге болады. Мұндай желілердің болуы көмек сұрау мүмкіндігін кеңейтеді. Ең маңыздысы – адам қиын сәтте қайда және кімге жүгінуге болатынын білуі. Телефонның ар жағындағы маман мәселені бір сәтте шешіп тастамауы мүмкін, бірақ дағдарыс кезінде адамды жалғыз қалдырмай, қажетті көмекті алудың келесі қадамын анықтауға көмектесе алады. Сондықтан сенім телефондарының нөмірін білу, олар туралы жасөспірімдерге, ата-аналарға және педагогтерге тұрақты түрде түсіндіру маңызды. Оқу орындарында жұмыс істейтін психологтарға жүгіну – қолжетімді әрі маңызды қадам. Өкінішке қарай, оқушылардың көпшілігі оларға барудан қысылатынын айтады. Көмек сұрау – әлсіздік емес. Бұл өмірді сақтап қалуға жасалған әрекет. Ал біреудің көмек сұрағанын естіген адам үшін ең маңызды міндет – оны айыптамай тыңдау және кәсіби көмекке жетуіне жағдай жасау. Үнсіз қалмау – кейде бір адамның өмірін сақтап қалатын ең қарапайым әрі ең маңызды қадам.
С.Бақберген