Саясат

Светлана Тихановская 2020 жылдан бері алғаш рет Киевке барды

Беларусьтің демократиялық күштерінің жетекшісі Светлана Тихановская 2020 жылдан бері алғаш рет Киевке келді. Сапар Украина президенті Владимир Зеленскийдің шақыруымен ұйымдастырылған.

Фото: Claudio Bresciani/AP/picture alliance

Бұл туралы Тихановскаяның Telegram-арнасында хабарланды.

Беларусьтің «Зеркало» басылымының мәліметінше, Киевке Тихановскаямен бірге оның кеңесшілері мен серіктестері де барған. Саясаткерді пойыздан Украина Сыртқы істер министрлігінің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі Ярослав Черногор қарсы алған.

Басылым мәліметіне сәйкес, Тихановская Украина басшылығымен кездеседі. Сонымен қатар ол елді қалпына келтіруге халықаралық қолдау тартуға арналған халықаралық қалалар мен өңірлер саммитіне қатысады.

Сапарын Тихановская 24 жастағы беларусь белсендісі Мария Зайцеваның қабіріне барудан бастаған.

Мария Зайцева 2020 жылғы Беларусь президенті сайлауынан кейінгі жаппай наразылықтарға қатысқан. Кейін Украинадағы соғыс басталған соң Чехияда босқындарға көмектескен, кейін Украина қарулы күштерінде медицина бөлімінде қызмет атқарып, артынша мерген болған. Ол 2025 жылдың қаңтарында қаза тапқан.

Тихановскаяның айтуынша, Зайцева «диктатураға қарсы күрестің және украин-беларусь ынтымақтастығының символына» айналған.

Сонымен қатар Тихановскаяға 24 мамырға қараған түні Ресейдің Киевке жасаған шабуылының салдары көрсетілген.

«Әрбір осындай шабуыл Путин режимінің шынайы болмысын тағы бір рет көрсетеді. Бұл режим адам өмірін де, халықаралық құқықты да, шекараны да мойындамайды. Ал бұған Лукашенко режимі де жауапты. Өйткені Беларусь аумағын агрессия үшін, зымыран ұшыру және ресейлік қару орналастыру үшін пайдалануға мүмкіндік берді», – деді ол.

Зеленский Тихановскаяны Киевке 2026 жылдың қаңтарында Вильнюсте өткен алғашқы ресми кездесуде шақырған болатын.

Сол кезде саясаткерлер санкциялық саясатты және Лукашенко мен оның серіктерін жауапкершілікке тартуға қатысты Еуропа және АҚШ-пен бірлескен стратегияны талқылаған.

22 мамыр күні Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Тихановскаяның елге жақын арада келетінін мәлімдеген еді.

Бұл мәлімдеме Беларусь басшысы Александр Лукашенконың Зеленскиймен «Украинаның немесе Беларусьтің кез келген нүктесінде кездесуге дайын екенін» айтқаннан кейін жасалды.

Сайт Әкімшілігі