Әлеумет

Таиландта монахтың бөлмесінен 6 млн доллардың ақшасы мен алтыны табылды

Таиланд полициясы Аюттхая провинциясындағы Wat Phutthaisawan ғибадатханасының бұрынғы бас монахының бөлмесінен жалпы құны 205 млн баттан асатын (6 млн доллар) ақша мен алтын тәркіледі.

Фото: скриншот

Полиция мәліметінше, тінту кезінде бөлмеден 138,3 млн бат қолма-қол ақша және құны шамамен 70 млн бат болатын алтын табылған. Тәркіленген мүліктің жалпы құны 205,2 млн батқа бағаланды.

Тергеу барысында бұрынғы монахқа қатысы бар банк шоттары да тексерілген. Құқық қорғау органдары олардан 290 млн баттан астам қаражат анықтаған.

66 жастағы бұрынғы бас монахқа ғибадатхана қаражатын жымқырды және заңсыз жолмен алынған ақшаны жылыстатты деген күдік тағылып отыр. Ол 10 қыркүйекте ұсталған.

Іс аясында полиция тағы бір әйелдің үйін тінтіп, ақша мен алтын тәркілеген. Екі нысаннан алынған қолма-қол ақша мен алтынның жалпы құны шамамен 215 млн батқа жеткен.

Қазір Таиланд полициясы қаражаттың қайдан келгенін және ғибадатхана қаржысының қалай жұмсалғанын анықтап жатыр. Тергеу жалғасуда.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: жемқорлық