Қоғам

Такси жүргізушілері мен курьерлердің табысы алдын ала көрсетілуі мүмкін

Қазақстанда такси жүргізушілері мен курьерлер жұмыс істейтін цифрлық платформаларға жаңа талаптар енгізу мәселесі қаралып жатыр.

Фото: pixabay

Өзгеріс жүзеге асса, Yandex, inDrive, Glovo секілді сервистер әр тапсырыс бойынша қаржылық ақпаратты алдын ала көрсетуге міндеттелуі мүмкін.

Атап айтқанда, орындаушы тапсырысты қабылдамас бұрын платформаның қанша комиссия ұстайтынын, өзіне нақты қанша қаражат қалатынын және салық пен әлеуметтік аударымдарға қатысты мәліметтерді көре алады.

Жаңа тәртіп құжат жинау процесін де жеңілдетуді көздейді. Кейбір ақпаратты компаниялар азаматтың ЖСН-і арқылы мемлекеттік дерекқорлардан өздері алуы мүмкін.

Өзгерістердің тағы бір бағыты – жүргізушілердің зейнетақы жарналары. Тұрақты аударым жасау мүмкіндігі қарастырылғанымен, табысы төмен азаматтарға әлеуметтік төлемдерді өз қаражаты есебінен өтеу қосымша қаржылық қиындық туғызуы ықтимал.

Министрлік бұл бастама жаңа салық енгізуді көздемейтінін түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, негізгі мақсат – әлеуметтік төлемдерді ретке келтіру және платформалар арқылы табыс табатын жүргізушілер мен курьерлердің құқықтарын қорғау.

Сайт Әкімшілігі