Саясат

Талапшыл Тоқаевтың тапсырмасын Мамин тиянақты орындай ала ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Маминнің кабинет мүшелеріне тағы да тапсырма берді.

Jasalash.kz

Бірақ..

      Мемлекет басшысының Мамин үкіметіне жылдың басында тапсырма беруінде не сыр бар? Мұның басты себебі – жағдайдың жеңіл еместігінде. Өткен жылы Мамин үкіметі пандемия салдарынан дұрыс жұмыс істей алмады. Халықтың жағдайын жақсартуда «ширақ қимыл жасай» алмаған премьер-министрге, міне, тағы да тапсырма берілді. Алайда кемшіліктен көз ашпай келген үкімет бұдан былайғы жұмысымен халықтың жағдайын жақсарта ала ма?

       «Ондаған және жүздеген мың жұмыс орны ашылғаны туралы ақпаратты тексергенде ол зейнетақы және салық төлемдерімен сәйкес келе бермейді.  Азаматтарды тек қағаз жүзінде жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізіледі.  Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. «Жұмысқа орналасты» деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты. Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы «көлеңкеде» қалып қойған», – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. 

      Сұмдық көрініс қой. Ал мұны түзейтін кім? Жалпы, соңғы бір жарым жылдан бері қоғамды өзгертуге талпыныс жасап-ақ келе жатқан Тоқаевты кейде аяйсың. Пандемия кезінде халықтың ашу-ызасына қалса да, орынтағын сақтап қалған Мамин үкіметі енді аталған кемшілікті жоя ала ма? Жалпы, біздің үкімет мемлекет басшысы мен экс-президентке есеп беру үшін ғана құрылған сияқты. Жақсы көрсеткішті ғана айтатын жалған есеп көп.

      «Жұмыспен қамтудың жол картасына» бөлінген 1 триллионнан небәрі 5,5 миллиард теңге салық төленген. Бұл – жарты-ақ пайыз деген сөз». Бұл – президенттің сөзі. Сонда Мамин үкіметі соңғы екі жылға жуық уақыт ішінде не істеген? Қаржы министрлігі, салық комитеті қайда қараған, немен айналысқан? Президент сөзінен шығатын қорытынды: Мамин үкіметі салық жинауға салақ қараған. Ал мемлекет бюджеті салықтан құралады. Қазынаға «жол картасынан» бар-жоғы жарты-ақ пайыз салық түсірген мұндай үкіметке болашақта сенуге бола ма?

       Тағы бір жаңалық – мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде экономикалық қылмыстармен күрес агенттігін құруды ұсынды.  Ол енді президенттің тікелей өзіне бағынады. Айта кету керек, қаржы министрлігінде қаржылық бақылау агенттігі бар. Ал бізге қос органның қажеті қанша? Бір-бірін қайталамай ма? Қаржы министрлігі бақылау комитетінің БАҚ-пен жұмыс басқармасының жетекшісі Арман Жүнісовтің ақпаратына қарағанда,  мұның барлығы келесі аптада анықталады. Бірақ бір нәрсе айқын: президент Тоқаев қаржы министрлігінің  атқарып отырған жұмысына  көңілі толмай отыр. Сондықтан өзіне тікелей бағынатын агенттік құрды. Ал бірақ оның нәтижесі қалай болмақ? Оны алдағы уақыт көрсетер, бізге нәтиже керек.

       Нәтиже демекші, Тоқаев «еститін үкімет» құруға тапсырма берді. Бірақ халықтың талап-тілегі мен арыз-шағымын жедел орындауды үкімет пен жергілікті әкімдіктер әлі жүзеге асыра алмай келеді. Өткен жылы мемлекеттік органдарға 1,9 миллион адам шағымданған. Ал мемлекет басшысы Тоқаевтың өзіне 32 мың адамнан арыз түскен. Оның 80 пайызын әртүрлі мемлекеттік органдар шешуге тиіс болған. Жергілікті биліктен қайыр болмаған соң, жұрт президенттен ғана әділдік күтетін жағдайға жетті. Сондықтан Тоқаев «Нәтиже» ақпараттық орталығын құру керегін айтты. Демек, жұртшылықтың мемлекеттік органдарға жазған арыз-шағымдарының нәтижесі аталған орталықта тұрақты жария етіліп тұратын болады. Бұл  еститін мемлекеттің халыққа қарай жасалған қарапайым бір қадамы болса игі.

      Тоқаев үкімет мәжілісінде тағы бір нәрсені қадап айтты. Ол – тарихи оқулықтар жазу мәселесі. «Тарихи оқиғалар мен фактілер оқушыларға ешбір бұрмалаусыз жеткізілуі керек. Сондықтан «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» бойынша бірыңғай мектеп оқулықтарын даярлап, енгізуді тапсырамын», – деді мемлекет басшысы.   

      Бірақ 30 жыл өтсе де, бұл олқылықтың шешімі табылмай келе жатқаны рас. Бас идеолог болған Марат Тәжиннің кезінде де тарих мәселесі бір көтеріліп, басылған-ды. Мемлекетіміздің тарихын 1991 жылы тәуелсіздік алған кезден бастағысы келген баз біреулер бұл игі істі аяқсыз қалдырған. Түсінік біреу: мемлекет түгелдей қазақша сөйлемесе, сенің байырғы тарихыңа ешқандай шенеунік бас ауыртпайды. Сана қазақыланбай, тарих таразыланбайды. Тоқаев тапсырма бергенімен, үкіметте оны тиянақты орындайтын атқамінер бар ма? Нәтиже халықтың тұрмысы мен тарихи санасынан көрініс табуы тиіс. Атқа мініп, көк туды көтерген бір сәттік челлендж дұрыс шығар. Бірақ Қазақстанда тұратын байырғы халық неге бай емес?

      Байқағанымыз, мемлекет басшысы Тоқаевтың кешегі баяндамасында шынайы статистика бар. Тапсырма мен ұсыныстар және үкіметтің кемшілігін көзге шұқып көрсеткен дерек пен дәйек көп. Ал таразылап қарасақ, Маминнің берген есебі цифрлар мен деректерге толы. Санынан жаңылатын цифрларға қарап алдағы уақытта  ғажайып мемлекетте өмір сүретініңе сенгің-ақ келеді. Бірақ үміт отын оятатын үкімет басшысының есебіне ел сене ме? Қазынадан бөлінетін қаржы қалай жұмсалады, тағы да жемқорлардың жемсауында кетпей ме? Талапшыл Тоқаевтың тапсырмасын Мамин тиянақты орындай ала ма? Бізді  осы сауалдар алаңдатады.

Батыр Жасұлан
Тегтер: Без Тега