Қоғам

Талғарда алаяқтар Джеки Чанның бет-әлпетін пайдаланып, зейнеткерді алдамақ болған

Талғар қаласында интернет-алаяқтар зейнеткерді ерекше тәсілмен алдауға әрекет жасаған. Бейнеқоңырау кезінде олар әйгілі актер Джеки Чанға ұқсас бейнені пайдаланып, өздерін мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстырған.

Фото: ЖИ

Оқиға белгісіз адамның емханадан хабарласқанын айтып, вакцинаға кезекті растау үшін SMS-кодты сұрауынан басталған. Зейнеткер жақында екпеге жазылғандықтан, бұл өтініш оған күдік тудырмаған.

Кейін оған тағы бір адам бейнеқоңырау шалып, өзін Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкері ретінде таныстырған. Экранда Джеки Чанға ұқсайтын адамның бейнесі көрсетілген. Алаяқтар зейнеткердің атына несие рәсімделмек болып жатқанын айтып, «банктік шоттарды қорғау» сылтауымен оның жеке мәліметтеріне қол жеткізуге тырысқан.

Алаяқтық әрекетті полиция қызметкерлері дер кезінде тоқтатты. Құқық қорғау органдары зейнеткерді халыққа қызмет көрсету орталығына ертіп барып, оның электрондық цифрлық қолтаңба кілтін ауыстыруға көмектескен.

Полиция азаматтарды бейтаныс адамдарға SMS-кодтарды, банк деректерін және жеке мәліметтерді бермеуге шақырды. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың мұндай ақпаратты телефон арқылы сұрамайтынын еске салды.

Сайт Әкімшілігі