Оқиғалар

Талғарда ер адам жеке сот орындаушысына шабуыл жасады

Алматы облысының Талғар қаласында жеке сот орындаушысына өз жұмыс кабинетінде шабуыл жасалды. Оқиға 13 мамыр күні болған.

Фото: ЖИ

Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының мәліметінше, алимент бойынша берешегі бар азаматтың ұлы кеңсеге келіп, сот орындаушысының беті мен басынан соққы жасаған. Салдарынан жәбірленуші миы шайқалып, жұмсақ тіндерінен жарақат алған.

Оқиғадан кейін күдікті жедел түрде ұсталды. Қазіргі таңда оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 409-бабы – сот төрелігіне немесе сотқа дейінгі тергеуге байланысты күш көрсету әрекеті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Алдын ала ақпарат бойынша, жанжалға борышкер тараптың жеке сот орындаушысының қызметі үшін төленуі тиіс 100 мың теңгемен келіспеуі себеп болған. Бұған дейін тараптар медиация рәсімінен өткен.

Палата өкілдері бұл биылғы жеке сот орындаушыларына жасалған төртінші шабуыл екенін атап өтті. Бұған дейін Қостанай облысында алимент бойынша борышкер әйел сот орындаушысына пышақпен шабуыл жасаған. Кейін бұл іс аса ауыр бапқа қайта сараланған. Сондай-ақ Түркістан облысындағы ұқсас іс сотқа жолданса, Шығыс Қазақстан облысында тергеу аяқталған.

Сайт Әкімшілігі