Әлеумет

Талибан жетекшісі мемлекеттік қызметкерлерге смартфон қолдануға тыйым салды

Талибан қозғалысының жетекшісі Хибатулла Ахундзада ұйым мүшелері мен мемлекеттік қызметкерлерге смартфон пайдалануға тыйым салатын жаңа ауызша бұйрық шығарды.

Фото: afintl.com

Бұл туралы Afghanistan International басылымы қолына түскен құжатқа сілтеме жасап хабарлады.

Құжатта бұйрықты бұзғандар құқық бұзушы ретінде қарастырылатыны және олар әскери сот алдында жауапқа тартылуы мүмкін екені ескертілген.

Бұйрықты Талибанның Әділет министрлігі елдің сегіз аймағындағы әскери соттардың басшыларына жолдаған. Сондай-ақ полиция басшылары мен барлау қызметтерінің жетекшілері де бұл нұсқаулықпен таныстырылған.

Құжатқа сәйкес, әскери сот қызметкерлеріне бұйрықтың толық орындалуын қамтамасыз ету және оның орындалғаны туралы Талибан басшылығына кепілдік беру тапсырылған.

Сонымен қатар бақылауға алынған тұлғалардың арнайы тізімі жасалған. Онда әр адамның аты-жөні, лауазымы, қызмет орны, ұялы телефон нөмірі және басқа да деректері тіркеледі.

Басшыларға өздеріне бағынысты қызметкерлер арасында да бұл талаптың сақталуын бақылау міндеті жүктелген.

Талибан бұған дейін де смартфон қолдануға және тірі жандардың суреттерін жариялауға шектеулер енгізген болатын. 2025 жылы Хибатулла Ахундзада ұйым мүшелерін смартфон пайдалануды қысқартуға шақырған еді.

Үш күн бұрын Талибанның Білім министрлігіне қарасты исламдық білім беру бөлімі оқушыларға мектептер мен діни медреселерге смартфон алып келуге тыйым салған.

Бұған қоса, Талибанның жоғары білім министрі смартфондарды «мұсылмандардың үш басты жауының бірі» деп атаған. Өткен жылдың қазан айында ол университеттер мен оқу орындарына жұмыс уақытында және оқу орындарының аумағында смартфон қолдануға тыйым салынатынын хабарлаған.

Жаңа ережеге сәйкес, тек университет ректорлары мен оқу орталықтарының басшыларына ғана жұмыс орнына смартфон алып келуге рұқсат берілген.

Сайт Әкімшілігі