Тапшылық тағайындауда қол байлайды
«Жас Алаш» газетінің өткен санында да жаздық. Әкімдер мен министрлердің қалай орын ауыстырғанын, кімдердің жұлдызы жанып, кімдердің тауы шағылғанын жолдаудан кейінгі толғау ретінде сараптап бергенбіз.
Бүгінгі нөмірде сол тағайындаулардың қалай жасалатыны, қандай негізге сүйенетіні туралы сарапшылардан сұрап көрдік.
«Бұл тағайындауларда кадр тапшылығы қолбайлау болып тұр. Байқап қарасаңыз, облыс әкімдерінің екеуі дипломат. Әкімдер өндірістік саладан шығуы керек, инженер-техник болуы керек негізі. Кадрды министрлер үйінен емес, халықтың арасынан іздеген дұрыс. Астанада отырып алып, айналдырған он-он бес адамды асықша шиыра беру – кадр тапшылығын шешпейді», – дейді, экономика ғылымының докторы Оразәлі Сәбден.
Қоғамдық пікір тудырып тұрған тағайындаудың бірі ауыл шаруашылық министрі Ербол Қарашөкеевтің Жамбыл облысына әкім болып баруы болса, екіншісі, Талас өңірін шөлден қаталатқан Нұржан Нұржігітовтің су ресурстары және ирригация министрі болып тағайындалуы. Ал қаңтар оқиғасынан кейін ішкі істер министрі болған Марат Ахметжановтың Ақмола облысына әкім болып барып жатқаны да өте қызық саяси жүріс болды. Бәріне бірдей тоқталу мүмкін емес, біз ел аузына ілінген екі-үшеуіне ғана аялдадық.
Ыңғайлы адам
Сонымен, Қарашөкеевтен бастайық. Ербол Шырақбайұлының аты ауыл шаруашылығы министрі болған уақытта көп аталды. Жағымды жағынан емес, әрине. Қарашөкеев ауыл шаруашылығына министр болып тағайындалған 2021 жылдың күзінен бері баспасөзде есімі жиі аталатын. Мамандығы бойынша экономист әрі құқықтанушы Қарашөкеев банк саласында да қызмет еткен, бірақ ауыл шаруашылығында көбірек жүріпті. Министр болған екі жылдың ішінде Қарашөкеевтің аты субсидиямен шықты. Фермерлер министрді артынан қуып жүріп бірнеше рет кездесу жасады. Кеңсесінен шықпай қойған күні де болған, есігінде күтіп тұрып жолықты шаруалар. Жүн, сүт, тері өнімдерін шетелге сату бойынша Қарашөкеевтің үлкен жоспары бар еді әуелде, уәде берді де орындауға қабілеті жетпеді ме, айтылған сөз айтылған жерде қалды.
«Қарашөкеев бұған дейін республикалық масштабта жұмыс істеді, өңірлік тәжірибесі болмады. Үлкен масштабтан түсіп, өңірде жұмыс істеу көп адамның қолынан келе бермейді негізі. Кабинеттен шықпаған ақ жағалы министрлердің бәрін облысқа қуу керек еді. Елдің ішіне барса, етең-жеңін жиып, халықтың жағдайын өз көзімен көреді. Оның үстіне, Қарашөкеев ауыл шаруашылығы саласын басқарған адам. Жамбылдың тұралаған агро саласына қан жүгіртетін шығар деген үміт бар бізде. Оны уақыт көрсетеді, біліктілігі шешеді», – дейді, «Шопан-Ата» қой шаруашылығы қауымдастығының президенті Алмасбек Садырбаев.
Қарашөкеевтің аттан түспей, Жамбыл облысына әкім болып тағайындалуында қандай логика бар? Жауабын іздеп көрдік. Сарапшылар пайдаланылмай бос жатқан 8 млн гектар жердің мемлекет меншігіне қайтарылғанын Қарашөкеевпен байланыстырады екен. Сөйтсек, бұрынғы сұхбаттарында да Қазақстан ауыл шаруашылық жерінің 60 пайызы тозғанын, 42 пайызы суға тәуелді екенін, сондықтан игерілмей жатқанын айтып жүріпті. Құнсызданған қара жердің қайғысын Ақордаға жиі-жиі жеткізіп, бірнеше миллион гектар алқаптың мемлекет меншігіне қайтуына «еңбек сіңірген» көрінеді. Қарашөкеевтің «ерен еңбегінің» арқасында қайтқан жердің санатында Болат Назарбаевқа тиесілі Маңғыстау облысындағы 239 мың гектар, Жамбыл облысындағы 60 мың гектар жер мемлекетке қайтарылыпты.
«Менің «ыңғайлы адам» деген терминім бар. Біз бұрынғы жүйенің «ыңғайлы адамдарымыз». Ыңғайлы адам дегеніміз – биліктің ыңғайына көнетін шенеунік, ыңғайлы әкім, ыңғайлы министр деген сөз. Біздің билікке сол комплекстен шығу керек. Тың өзгерістерге бару қажет. Қу шөппен ауыз сүртуге болмас. Тағайындаулардың арасында шетелде білім алған, қазақ тілін жақсы білетін жастар да бар екен, соған шүкір деп отырмыз», – дейді О.Сәбден.
Бұл өлшеммен алғанда Қарашөкеев те ыңғайлы адамдардың санатына жатады. Өйткені ауыл шаруашылығындағы күрмеуі күрделі мәселелерді шеше алмай таяқ жеп жатса да, экс-министр жонын тосып жатып беретін көмбістігімен жақты жоғары жаққа. Кәсібилігіне сын көзбен қарайтындар оның былтыр үкіметтен бөлінген 4,5 млрд теңгені игере алмағанын меңзеп отыр. Бұл осы саланы ұстап отырған адамның біліктілігіне келіп тірелетін әңгіме. Игерілмеген қаржы туралы Ербол Қарашөкеевтің уәжі қызық екен. Шетелдік инвестормен келісімге келе алмапты-мыс. Бұл – бір ғана мысал. Экс-министрдің атқара алмаған, атқаруға шамасы жетпеген шаруаларын тізсек, екі қолдың саусағы жетпейді. Біз соңғысын ғана жаздық. Сондай маманның шөлден қаталап, көктемде салған дәні жаздың ортасында қурап қалған апатты аймаққа әкім болып баруы… Қалай болар екен дегізбей тұрмайды.
Ауданды басқара алмаған адам
«Жамбыл облысының әкімін жақтап қорғап отырғам жоқ, – дейді, Оразәлі Сәбден. – Жамбылды құрғақшылықтан құтқару Нұржігітовтің қолынан келмейді, бұл мемлекеттің шаруасы. Қырғыздар суды қысып тастаса, әкім суды қайдан алады? Нұржігітов кім дегенді мен де қарап шықтым. Ленинградтан оқыпты. Ондай маман бізде аз. Президент соны аңғарып қойды ма деп ойлаймын мына қызметке. Ақорда оған «бонус» беріп отыр. Көреміз, тапсырылған жұмысты қалай атқаратынын?
Нұржан Нұржігітов туралы сөз бөлек, әрине. Қазақта «Бетін тілсең де қан шықпайды» деген сөз болушы еді. Осыны Жамбылды жарылқамаған экс-әкімге қаратып айтуға болатындай. Нұржігітовке айттың не, жаздың не, былқ етіп, мыңқ демейді. Ауданды қарық қылмаған әкім еді, облысқа барғанда үніміз ішімізге түсіп кеткен. Жамбыл облысының шаруалары биыл судан тарығып, еккені көз алдарында күйіп, әкімге қанша жалтақтағанымен, Нұржігітов шаруаны шешуге қауқарсыздық танытты. Әрине, су мәселесі жалғыз Жамбыл облысы әкімінің айналысатын шаруасы емес, шамасы да жетпейді. Бұл екі мемлекет басшыларының кеңесіп пішіп, келісіп шешетін дүниесі. Дегенмен әкім ретінде ерте көктемнен қам жасап, су тарифіне қатысты күдігін Ақордаға ертерек жеткізуі керек еді. Бір облыстың суға тәуелділігін шеше алмаған әкімді Астана қандай еңбегін елеп, су ресурстары және ирригация министрі етіп тағайындады?
Оразәлі Сәбденнің Нұржігітовке көзқарасы соншалықты төмен көрінген жоқ. Ал Алмасбек Садырбаевтың пікірі бөлек.
«Нұржігітов туралы «ауданды басқара алмаған кадр» деген әңгіме айтылып жатыр. Сондай адамды облысқа әкім қылу, о баста дұрыс шешім болмаған. Ауданды алға тарта алмаған, облысты оңалтуға шамасы келмеген әкім қалай ғана Қазақстанның су саясатын жүргізеді? Осыған ақылым жетпей қойды. Егер Нұржігітов су саласының маманы болса, әңгіме жоқ еді. Оның оқыған мамандығы инженер-механик қой. Әкім болып тұрған кезінде де ешнәрсені қатырмаған кадр.
Жамбыл облысында 7 800 гектар жер күйіп кетті биыл. Облыстағы төтенше жағдайға 3,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы 800-1 000 гектардың шығынын өтеуге ғана жетеді екен. Бұл – шамамен 400 шаруа деген сөз. Қалған 7 мың гектар жерді, мыңдаған шаруаның мұңын қайтеміз, оны кім төлейді? Осы мәселені шеше алмаған Нұржігітов «су иесі Сүлеймен» болғанда, бір нәрсені қатырады деп айта алмаймын, – дейді.
Күштік құрылымнан әкімдікке дейін
Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанды тәртіпке келтіру науқанында Ахметжанов Ақордаға ең сенімді қызмет қылды деген де пікір бар. Сарапшылар сөзі осыған саяды. Алайда әскери шенді азаматтың әкім болып тағайындалуы, қисынға келсе де, ақылға томпақтау.
Қызметтік жолын тергеушіден бастаған, прокурор болған, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті басқарған кадрдың шаруақорлықты талап ететін әкімдік қызметті қалай атқаратыны түсініксіз. Жылдар бойы қарамағындағы қызметкерлермен әскери тәртіпте мәміле жасап үйренген генерал-полковник қарашамен қалай тілдесер екен?
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімінен министрге дейін
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев туралы жағымды пікір жызылып жатқан жоқ. Бауырлары шетінен күрзі жұдырық, ұрда-жық мінезді адам екенін айтуда. Еңбек жолын орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде бастаған Маржықпаевтан қандай министр шығатынын алда көреміз.
Жаңадан құрылған өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев туралы көсіліп айтуға болар еді… Биографиясына қарасаңыз, қаладан шықпаған, жылы кабинетін, жайлы өмірін ешнәрсеге айырбастамаған, алақаны ойылмаған жігіт екен. Қалада туған, шетелде оқыған, көзін ашқалы көргені жақсы өмір, жайлы орта. Мұндай кадр отыз жылда пәтер проблемасын шеше алмаған, құрылысы тұралаған, үйлері сапасыз, отандық өндірісі қағазда ғана жазылатын Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрлігін қалай басқарады?
Бұдан өзге де тағайындаулар жайлы алдағы уақытта жеке-жеке тоқтала жатармыз. Әзірге халықтың үмітімен ойнап, сеніміне кіре алмай тұрған жаңа тағайындаулардың алғашқы қадамын күтеміз.