Сараптама

Тарихи әділеттілік салтанат құрсын

Еліміз егемендік алғалы бері көптеген елді мекендер мен жер-судың тарихи атаулары қайтарылып, білім, мәдениет ошақтарына аты аңызға айналған тұлғалар мен мәдениет, өнер, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің есімдері беріліп, өшкеніміз жанып, өлгеніміз жаңғырып, әділеттіліктің салтанат құруын халық үлкен қуанышпен қабылдауда.

Jasalash.kz

Әлі де болса әділеттіліктің салтанат құруын күтіп отырған елді мекендер мен жер-су атаулары, білім және мәдениет ошақтары қаншама десеңізші. Осындай өзінің кезегін күтіп отырған  ауылдың бірі Түркістан облысының Созақ ауданында қазақтың тарихи сегіз астанасының бірі аталып жүрген Созақ ауылының (бұрынғы Созақ шаhары)  күншығыс жағында бес шақырым жерде  орналасқан Қайнар ауылы десек, артық айтқандық бола қоймас.

       Баяғы колхоздастыру кезінде Созақ ауданының құрамына енген 40 колхоздың бірі еді. Колхоздар біріктіріліп, кеңшарлар құрылған кезде «Созақ» кеңшарының,1962 жылы Созақтан бөлініп шыққан «Сызған» кеңшарының  бөлімшелерінің бірі болған. Негізінен, қазақтар мен біршама өзбек ағайындар тұратын, қазақтың көк туы желбіреп тұрған С.Макаренко атындағы орта мектептен балалар білім нәрімен сусындап жүрген,түгін тартса майы шыққан нулы, сулы жер. Осындай ауылдағы  мектепке С.Макаренко атының берілуі кешегі кеңестік солақай саясаттың жемісі демеске лажың жоқ.

      С.Макаренко Кеңес өкіметін құру кезінде жүгенсіз кеткен бұзақыларды сонау Украина жерінде тезге түсірген тұлға ретінде тарихта аты қалды. Төле би бабамыздан бастау алатын Қазақ елінде де жапан түзде қарақшылықтың жолына түскен тентектерін тезге салған нар тұлғалар аз болмаған. Қайнар ауылының тұрғындары таңертең ұйқысынан оянып көзін ашса, іргесіндегі Созақтағы орта мектептен пролетариат көсемі В.И.Лениннің аты әлдеқашан алынып тасталғанда, неліктен Қайнар ауылындағы орта мектепке С.Макаренкодан басқа, елімізде лайықты тұлғаның болмағаны ма деген таңданыстарын жасырмайды. Тіпті ондай тұлғаларды алыстан іздемей-ақ,  Қайнар ауылынан шыққан, әзірге ешқайсысына ештеңе бұйырмай тұрған, ерен еңбектерімен КСРО-ны тәнті еткен Социалистік Еңбек Ерлерінің арасынан таңдау жасауға болатын еді ғой деген ойға қаласың.

     Солардың ішіненкезінде Қайнар ауылының ғана емес, Созақ ауданының өркендеп, дамуына орасан үлес қосқан аталы-балалы Социалистік Еңбек Ерлері Бөрғазы Әлібаев пен Көштен Бөрғазиевтердің есімдерін беру туралы талпыныстардың болғанын естігеніміз бар еді. Бірақ не себептен жоғарыдан қолдау таппағаны әлі күнге дейін белгісіз күйде қалып отыр.Ілгеріде «Айқын» (№126, 13 шілде 2011 жыл) газетінде жарық көрген «Ел қорғаған боздақтар ескерусіз қалмаса екен» атты мақаламызда халық көкейінде жүрген лайықты тұлғалардың бірі, «Қайнар» колхозын басқарып тұрып, майданға аттанып, 1943 жылы 2 ақпанда Новгород облысы Марево ауданының Кушелово елді мекені маңындағы қиян-кескі ұрыста ерлікпен қаза тапқан Өсербай Тұраровтың есімі берілсе дұрыс болар еді деген пікірімізді білдірген болатынбыз. Бұл 1942 жылы шілде айында әкесі соғысқа аттанғанда кіндігі де түспей, жөргегінде қалған қызы,2014 жылы тамыз айында әке рухына тағзым етіп, басына ескерткіш тақта орнатып қайтып, Қайнар ауылында  ас беріп, құран бағыштауға  мұрындық болған, осы жылдың 15 наурызында бақилық болған 11 баланың анасы, Батыр ана Ұлжан Өсербайқызының да арманы еді. Оның атын беретіндей ол Совет Одағының Батыры ма дейтіндер арамыздан табылып қалуы да ықтимал. Дегенмен  майданға аттанып, құрбан болған боздақтардың барлығы бүкіл әлемді фашистік тажалдан құтқарып қалған батырлар десек, артық кеткендік бола қоймас.

      Сол ауылдан соғысқа аттанып, оралмаған боздақтардың тізімі  жасалып, мектеп қабырғасына ілініп, Жеңістің 75 жылдығына орай, мектепке Өсербай Тұраровтың есімі беріліп жатса, ел де, аруақтар да риза болар еді дегіміз келеді.Өсербай Тұраровтың,  аталған тұлғалардың көзін көрген қариялар мен ұрпақтары сол ауылда өніп-өсіп, тұрып жатыр. Әрбір адам алдымен өзінің Отанын, туып-өскен ауылын, алтын ұя мектебінің атын мақтан етеді. Мектеп атының өзі оқушылардың мақтанышын туғызатындай болуы керек деп білеміз.  Мектеп бағдарламасы бойынша оқытылатын  оқулықтар мен  Қазақстан тарихында аты да, заты да кездеспейтін тұлға мектеп оқушыларының  мақтанышы мен патриоттық  сезімін қалайда оятады. Осындайда сол баяғы жалтақтыққа салып, елімізде ұлттар мен ұлыстардың арасындағы достыққа сызат түсіруі мүмкін деген сылтауды желеу ету орынсыз сияқты. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, ортаға салған ойымызды отандастарымыз да теріс дей  қоймас деп ойлаймыз. Біздің ниет – ұлттар мен ұлыстар арасына сызат түсіру емес, тарихи әділеттілік салтанат құрса деген ой.

 Мәди БАЙДӘУЛЕТОВ,  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,

 экономика ғылымының кандидаты

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Без Тега