Тәшиев 2027 жылғы Қырғызстан президенті сайлауына түспейтінін мәлімдеді
Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Қамшыбек Тәшиев 2027 жылы өтетін президент сайлауына қатыспайтынын мәлімдеді.
Оның сөзін «Регион» телеарнасының бұрынғы бас директоры Откурбек Рахманов жариялады.
Тәшиев соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында өзінің президенттік сайлауға қатысатыны туралы түрлі қауесеттер тарағанын айтып, бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ол бұған дейінгі ұстанымы өзгермегенін және алдағы сайлауда қазіргі президент Садыр Жапаровты қолдайтынын жеткізді.
Сот үкімі президенттікке жолды жапты.
Еске салайық, 2 шілдеде Қамшыбек Тәшиев «билікті күшпен басып алуға дайындалды» және «қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды» деген айыптар бойынша кінәлі деп танылды. Сот оның мүлкін тәркілеп, төрт жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіледі.
Қылмыстық істің қозғалуына биыл ақпанда жарияланған «75 ақсақалдың хаты» негіз болған. Онда саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері президент Садыр Жапаровқа кезектен тыс президент сайлауын өткізуді сұрап үндеу жасаған. Осы хаттан кейін келесі күні Тәшиев қызметінен босатылды. Сол кезде ол Германияда ем қабылдап жүрген еді.
Қырғызстан Конституциясына сәйкес, сотталған азаматтардың президенттік сайлауға кандидат ретінде тіркелуіне рұқсат етілмейді.