Саясат

Ташиев үкім шыққаннан кейін бір күн өткен соң көпшілік алдына шықты

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиев, билікті күшпен басып алуға дайындалды деген іс бойынша сот үкімі шыққаннан кейін бір күн өткен соң жұрт алдына шықты.

Фото: ашық дереккөз

Ол жұма күні кешке ел Премьер-лигасының «Мұрас Юнайтед» пен «Азиягол» командалары арасындағы матчқа барған. 

Ойын Манас қаласындағы «Құрманбек» стадионында өткен.

Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда Тәшиевтің жанкүйерлер арасында жүріп, кейін VIP-трибунаға көтерілгені көрінеді.

Еске салсақ, 2 шілдеде Бірінші май аудандық соты «75-тің хаты» деп аталған қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.

Сот Тәшиевті билікті күшпен басып алуға дайындалды деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын тағайындады.

Сонымен қатар, сот оған үш жылдық пробациялық бақылау қолданды. Осыған байланысты ол түрмеде нақты жаза өтемейді.

Ал қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып бойынша Тәшиев ақталды. Оның адвокаты сот үкіміне шағым түсіретінін мәлімдеді.

Мемлекеттік айыптаушы іс бойынша барлық айыпталушыны тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Бұл іс саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді талап еткен «75-тің хатына» байланысты қозғалған. Осы оқиғадан кейін елде кадрлық өзгерістер болып, Тәшиев Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі ҰҚМК төрағасы қызметінен босатылған.

Тәшиев Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетін 2020 жылдың қазан айынан бастап басқарған.

Сайт Әкімшілігі