Әлеумет

Татарстанда дрон шабуылынан 13 адам қаза тауып, ондаған адам зардап шекті

Ресей құрамындағы Татарстан Республикасының Нижнекамск қаласындағы нысандарға жасалған дрон шабуылынан қаза тапқандар саны 13 адамға жетті. Бұл туралы Татарстан басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Sofiia Gatilova/REUTERS

Бұған дейін, 10 тамыз күні таңертең шабуыл салдарынан 12 адамның қаза тауып, 39 адамның зардап шеккені хабарланған еді.

Ресейлік тараптың мәліметінше, дрондар Нижнекамскідегі өндірістік және азаматтық нысандарға шабуыл жасаған. Татарстанның сегіз қаласында – Әлметьевск, Бугульма, Елабуга, Заинск, Лениногорск, Нижнекамск, Набережные Челны және Чистопольде дрон шабуылы қаупі жарияланды.

Татарстан басшысы Рустам Миннихановтың шешімімен Нижнекамскідегі шабуылдан қаза тапқандарға байланысты аза тұту жарияланды.

Қылмыстық іс қозғалды

Ресей Тергеу комитеті Нижнекамскіге жасалған шабуылдан кейін терроризм бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Ресей Тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана Петренко мәлімдеді.

«Украин қарулы құрылымдарының Нижнекамскідегі өнеркәсіптік және азаматтық нысандарға жасаған шабуылына байланысты терроризм фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген Тергеу комитетінің хабарламасында.

Ресей тергеу органдарының нұсқасы бойынша, Украина Қарулы күштері дрондармен Нижнекамск қаласындағы тұрғын үйлер мен өнеркәсіп нысандарына соққы жасаған.

Тергеу комитеті шабуыл салдарынан бейбіт тұрғындар, соның ішінде бір бала қаза тапқанын, бірнеше ондаған адамның зардап шеккенін мәлімдеді.

Ресей Қорғаныс министрлігі: бір түнде 456 дрон атып түсірілді

Ресей Қорғаныс министрлігі 10 тамызға қараған түні елдің бірнеше өңірінде 456 дронның  жойылғанын хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, дрондар Брянск, Курск, Калуга, Тула, Белгород, Орел, Воронеж, Ростов, Пенза, Ульяновск, Саратов, Орынбор және Самара облыстарының, Мәскеу өңірінің, Краснодар өлкесінің, Татарстан мен Ресей аннексиялаған Қырымның үстінде атып түсірілген.

Белгород облысында әйел қаза тапты

Белгород облысының Новая Таволжанка ауылында дрон жеке үйдің аумағына соғылып, бір әйел қаза тапты. Бұл туралы облыстың жедел штабы хабарлады.

«Новая Таволжанка ауылында таңертең дрон жеке үйдің аумағына соққы жасады. Алған жарақаттарынан әйел оқиға орнында көз жұмды», – делінген хабарламада.

Ростов облысында 70-тен астам дрон жойылды

Ростов облысының губернаторы Юрий Слюсарь түн ішінде өңір аумағында 70-тен астам дрон жойылғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, жаппай әуе шабуылына тойтарыс беру кезінде Каменск-Шахтинский қаласы мен Чертково, Миллерово, Каменск, Шолохов, Верхнедонск, Белая Калитва және Тарасов аудандарының аумағында жеті ондықтан астам дрон атып түсірілген.

Сайт Әкімшілігі