Сараптама

Татарстанда дрон шабуылынан Нижнекамск мұнай өңдеу зауытында өрт шықты

Украина Қарулы күштері 12 маусым, жұма күні таңертең Татарстанға дронмен шабуыл жасады.

Фото: Sofiia Gatilova/REUTERS

Татарстан басшысы Рустам Минниханов Telegram-дағы парақшасында республикадағы Закамье өңірі «жаппай шабуылға» ұшырағанын хабарлады. Оның айтуынша, шабуыл салдарынан өнеркәсіптік кәсіпорындар мен кемінде бір тұрғын үй зардап шеккен.

Дрондардың бірі тиген тұрғын үйден адамдар эвакуацияланды. Үш адам жарақат алып, оларға медициналық көмек көрсетілуде. Минниханов нақты қай қаладағы үй мен қандай кәсіпорындардың нысанаға алынғанын айтпады. Сонымен қатар ол өндірістік процестердің тоқтатылмағанын мәлімдеді.

Ресейлік Baza және Astra Telegram-арналарының мәліметінше, шабуыл Нижнекамск қаласына жасалған. Дрондардың бірі 12 қабатты тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарына соғылып, өрт шыққан.

Түнде Татарстанда дрон қаупі жарияланды. Осыған байланысты Қазан және Нижнекамск әуежайларында ұшақтарды қабылдау мен ұшыруға уақытша шектеулер енгізілді.

Нижнекамскіде барлық бұқаралық іс-шара тоқтатылды

Нижнекамск мэрі Радмир Беляев қауіпсіздік мақсатында қаладағы барлық бұқаралық іс-шаралардың тоқтатылғанын мәлімдеді.

Украиналық Supernova+ және Exilenova+ мониторингтік арналары да Нижнекамскідегі шабуыл туралы хабарлады. Exilenova+ мәліметінше, дрон соққысынан кейін тек тұрғын үйде ғана емес, Нижнекамскнефтехим зауытында да өрт шыққан.

Бұл кәсіпорын Ресейдегі ең ірі мұнай-химия зауыттарының бірі саналады.

Ал Supernova+ ақпаратына сәйкес, тағы бір соққы ТАНЕКО мұнай өңдеу зауытына тиген. 

Самара облысы да шабуылға ұшырады

Сол күні таңертең дрондар Самара облысындағы Тольяттикаучук химия зауытына да шабуыл жасаған.

Кәсіпорын синтетикалық каучук, мономерлер, полимерлер және автомобиль бензиніне арналған қоспалар өндіреді.

Тольятти қаласының мэрі Илья Сухих өндірістік нысандардың бірінде зақым болғанын хабарлады. Ал Самара облысының губернаторы Вячеслав Федорищев шабуыл салдарынан зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдеді.

Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 12 маусымға қараған түні Ресейдің 15 өңірі, Қырым түбегі мен Азов теңізі акваториясы үстінде барлығы 231 украиналық дрон атып түсірілген.

Сайт Әкімшілігі