Татьяна Дронзина: Құрылтай тарихи дәстүр мен қазіргі басқару моделін ұштастырады
23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауы жаңартылған парламенттік модельді іс жүзінде жүзеге асырудағы маңызды кезең болмақ.
Болгариялық саясаттанушы Татьяна Дронзинаның пікірінше, бір палаталы парламентке көшу заң шығару жұмысының сапасын арттыруға бағытталған, ал пропорционалды сайлау жүйесі партиялардың бағдарламалары мен идеялары арасындағы бәсекені күшейтеді.
Татьяна Дронзина – Әулие Климент Охридский атындағы София университетінің саясаттану профессоры. Ол саяси институттар, демократия және салыстырмалы саясаттану мәселелеріне маманданған. Сарапшы бағалауында Құрылтайдың жаңа моделінің негізгі ерекшеліктері мен оның Қазақстанның саяси дамуына ықпалын талдады.
Жаңа бір палаталы Құрылтай бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұрады. Татьяна Дронзина парламент құрылымындағы өзгерісті заң шығарушы биліктің біртұтас жүйесін қалыптастырумен байланыстырды. Оның айтуынша, бұл қабылданатын шешімдердің үйлесімділігін қамтамасыз етіп, қоғаммен өзара байланысты барынша түсінікті етуге бағытталған.
«23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы Қазақстанның саяси дамуы үшін ерекше маңызға ие. Негізгі институционалды өзгеріс – екі палаталы парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшу. Мұндай модель заң шығару процесін бірізді, тиімді әрі ең бастысы, қоғам үшін барынша түсінікті етуге арналған», – деді сарапшы.
Реформаның практикалық мазмұнынан бөлек, профессор саяси институттардың тарихи сабақтастығына да назар аударды. Оның пікірінше, тарихи ұғымға жүгіну жаңа өкілді органның қоғамдық маңызын арттырып, қазіргі саяси өзгерістердің мемлекеттік маңызы бар мәселелерді бірлесіп талқылау дәстүрімен сабақтастығын көрсетеді.
«Құрылтай атауының өзі де терең символдық мәнге ие. Ол халықтың және мемлекеттің болашағына қатысты аса маңызды мәселелер талқыланған тарихи жиын дәстүрін меңзейді. Жаңа саяси модельде дәстүр мен жаңашылдық өзара үйлесім тапқан», – деп атап өтті сарапшы.
Жаңа парламенттік модельдің тағы бір маңызды ерекшелігі – депутаттық корпусты қалыптастыру тәртібі. Партиялық тізім бойынша өтетін сайлау саяси күштердің өз бағдарламаларының мазмұнына жауапкершілігін арттырып, сайлаушыларға елді дамытудың тұтас көзқарасын ұсынуды талап етеді.
«Алдағы сайлаудың ерекшелігі – Құрылтайдың партиялық тізім арқылы жасақталуында. Пропорционалды жүйе саяси бәсекенің назарын жекелеген тұлғалардан партиялардың бағдарламаларына, идеялары мен елді дамыту стратегияларына аударады», – деп түйіндеді сарапшы.
Осылайша, Татьяна Дронзинаның бағалауынша, алдағы сайлау үш маңызды бағытты біріктіреді: заң шығарушы биліктің ұйымдастырылуын жетілдіру, тарихи сабақтастықты сақтау және саяси партиялар арасындағы мазмұнды бәсекені дамыту.