Сараптама

Тәуелсіздік дидарындағы дақ

Таяуда президент Тоқаев мерекелік іс-шараларға дайындық барысында, өткізу кезінде даңғаза мен ысырапшылдыққа жол бермеу керек деді.

Jasalash.kz

Отыз жыл кешіксе де,  айтылды-ау, әйтеуір. Бірақ тоқпақтап айтпаса түсінбейтін, тыңдамайтын, етіне таяқ, сүйегіне сөз өтпейтін мақтаншақтық идеологиясы қанына сіңген  пайдакүнем пысықайлар мерекені мәнсіз, мағынасыз ұлттық шуға  айналдырып жібермесіне ешкім де  кепілдік бере алмайды. Бәрі аты тәуелсіздікпен қатар тұратын үлкен кісінің уысында. Бір адамның қас-қабағына қараған күнің құрысын.

      «Тіл – тәуелсіздік тірегі» дегеніңіз аллитерация түрінде айтылған сөз болып қалды.  «Біздің ауылда сыраға су қосып сатады, сіздерде суға сыра қосып сатады екен» (К.Әмір Бек)  демекші, өз алдына оңаша отау тіге алмаған, қоғам өміріне үстемдік ете алмаған мемлекеттік тілдің  маңдайының  бес елі соры бар екен.  Отыз жылдан бері қойыртпақ одақтан құтыла  алмай, опық жеп отырысымыз мынау.  Тәуелсіздіктің бір қанаты қайырылып тұрғандай әсер қалдырады. Безбүйрек биліктің беті бері қарайтын түрі жоқ.  Баяғы сол – «Қобыланды келеді саяменен».

      Сау адамның тамағын жеп, ауру адамның сөзін айтатындар көп.  Атағы дардай бір ғалымсымақ қашан көрсең, «біз жас мемлекетпіз» дейді. Ойбай-ау,  орда бұзар отыз жаста емеспіз бе?  Отыз жылдан бұрын да  толағай тарихы бар ел емес пе едік?! Сонда біз қашан есейеміз, қашан ержетеміз, қашан белді бекем буып атқа қонамыз? «Болар елдің баласы он бесінде баспын» демеуші ме еді?! Әлде тәуелсіздіктің «балалық ауруларынан»  айыға алмай,  арамза молдаға алданып,  аңқау ел болып жүре береміз бе?

      Кешегі Кеңес өкіметі кезінде  кедейлік – адалдықтың баламасы болды.  Кім кедей – сол адамгершілігі мол адам. Кім  кедей – сол отаншыл, патриот. Кім кедей – сол еңбекқор адам. Кедейлік – рахат өмір сүрудің бір көрінісі еді.  Қазір заман басқа: кедей – бай, бай Құдай болғысы келеді. Тәуелсіздіктің игілігін ел тұрғындары бірдей көріп отырған жоқ.  Үкімет кедейлердің санын  азайтудың орнына  байлардың қатарын көбейтуге қызмет етіп жатыр. «Таба алмай  жүрген асыңның,  Ит жегенін көресің. Ретсіз бөлген үлестің, Айтшы, Құдай, төресін»  деген жыраулардан қалған жыр жолдары  еске түседі.  Әсіресе ауыл адамдарының көрген азабы бастан асады.  Басқасын айтпағанда, қарапайым бір мысал: ауызсу жоқ.  Бар болса – лас, тұзданған, құрттаған.  Бұл ауыл адамдары – қазақтарға қарсы  қастандық жасалып жатқандай әсер қалдырады. Жемқорлықтың жеті атасын жіктеп, жіліктеп, жатқа білетін алаяқтар мен байшікештер бәрін бүлдіріп жатқанда,  «Әлемді әсемдік құтқарады» деген сөз әдірем қалады.

       Бізде биліктің өзі қолдан сұрыптап өсірген байлар көп. Адал бай болса, айналып кетесің-ау, шөптің басын сындырмай-ақ, тақыр  жерге тау тұрғызып, қисапсыз байлықты  бауырына басып жатқан тексіз байлар.  Осындайда «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас», – деген Абай сөзіне  иланғың келмей қалады.  Шетінен сараң, шикілігі көп болған соң ба,  көлеңкеден шықпайды.  Ширатылып, шиеленіп байланған жіпті тарқатсаң, бір ұшы Ақордаға барып тіреледі.  Жер шарындағы ең бай адам – Безос Джефф 200 млрд доллар болатын байлығын ешкімнен жасырған емес.  Адал жолмен тапқан ақша  адамның абыройын асқақтатып тұрады.  Айтпақшы, сол миллиардер, «Амазон» интернет компаниясының бас директоры таяуда қызметінен өз еркімен босап, енді қайырымдылық іс-шараларымен шұғылдануды жөн көріпті.  Бәрекелді!  Бізде тақтан түсу – трагедия.  30-40 жыл бір орында  тапжылмай, омалып отыра береді. «Кет» десе де, кетпейді. 

      Бір шалдың екі ұлы да баукеспе ұры екен. Қаны қарайған шал қос ұлын қолдарынан жетектеп,  молданың алдына алып барыпты.  Молда түсін суытып, зіркілдеп: «Құбыла қайда?» – деп үлкенінен сұрапты. Ол інісіне бір қарап, жақ ашпапты. Молда даусын зорайтып: «Құбыла қайда?» – деп інісінен сұрапты.  Ол ағасына жалт қарап, ләм-мим демепті.  Сол бір сәтте молданың көзін ала беріп, ағасы  інісінің қолынан ұстап үйден шығыпты да, зымырап қаша жөнеліпті.  Ентігіп едәуір жерге барғанда інісі  ағасының қолынан  тартып тоқтатып:  «Біз неге қашып бара жатырмыз?» – деп сұрапты. Сонда ағасы: «Анау оңбаған молда құбыланы да бізге жабайын деп отыр ғой», – деген екен.  Сол айтпақшы, тәуелсіздікке ештеңені жабуға да, жапсыруға да, жүктеуге де болмайды.  Тәуелсіздік – Құдай сияқты ол да жалғыз. Тәуелсіздікті сүюге, құрметтеуге, мақтауға болғанымен,  күйе жағуға, кінә тағуға болмайды. Тәуелсіздік дидарына дақ түспесін деп тілейік.

Махамбет Сапармұратов
Тегтер: Без Тега