Әлеумет

«Таза Қазақстан» – экология мәдениетін қалыптастырады

Елімізде климаттың өзгеруі, орман алқаптарының азаюы, тұрмыстық қалдықтардың көбеюі және табиғи ресурстарға түсетін антропогендік қысым қоршаған ортаны қорғау мәселесіне жаңаша көзқарас қалыптастыруды талап етеді.

Фото: из открытых источников

Осы тұрғыдан алғанда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы еліміздегі экологиялық мәдениетті нығайтып, табиғатты қорғау ісіне қоғамды кеңінен тартуға бағытталған маңызды жоба саналады. 

Аталған акция аясында еліміздің әр өңірінде қоршаған ортаны тазарту, ағаш отырғызу және табиғи аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бастамаға мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар, еріктілер, жастар және қарапайым тұрғындар белсенді қатысып келеді. Мұндай бірлескен жұмыс табиғатты қорғаудың тек мемлекеттік міндет емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін көрсетеді.

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде де экологиялық бастама аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл басынан бері 220 түрлі іс-шара ұйымдастырылып, оның ішінде 150 экологиялық сенбілік пен 70 ағаш отырғызу акциясы өткізілді. Бұл шараларға 45 мыңға жуық адам қатысып, ұлттық парк пен оған іргелес аумақтарды абаттандыруға өз үлестерін қосты.

Экологиялық акциялардың нәтижесінде Шренк шыршасы мен Сиверс алмасының 8 мыңнан астам тұқымы өсіруге дайындалып, мектеп орманшылығының оқушылары мен студенттердің қатысуымен арнайы ыдыстарға себілді. Сонымен қатар ұлттық парк аумағына және білім беру ұйымдарының аулаларына 9 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Бұл жұмыстарға жеке сектор да қолдау көрсетіп, демеушілердің көмегімен Шымбұлақ шатқалында жаңа жасыл аймақтарды қалыптастыру қолға алынды.

Табиғатты қорғау тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Экологиялық сенбіліктер барысында 90 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы полигондарға шығарылды. Мұндай жұмыстар табиғи аумақтардың тазалығын сақтап қана қоймай, қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға мүмкіндік береді.

«Таза Қазақстан» акциясының маңызды бағыттарының бірі – орман қорын көбейту. Мемлекет басшысының ел аумағында екі млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде соңғы бес жылда 230 гектар жерге бір миллионға жуық ағаш көшеті егілді. Бұл бастама табиғи экожүйені қалпына келтіруге, биоалуантүрлілікті сақтауға және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған маңызды жұмыстардың бірі саналады.

Экологияны қорғау – тек бүгінгі ұрпақтың емес, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстау, жасыл желекті көбейту және табиғи байлықты сақтау әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. «Таза Қазақстан» акциясының басты құндылығы да – табиғатты қорғауды бір реттік шара емес, қоғамның тұрақты мәдениетіне айналдыруында. Табиғатқа жанашырлық танытып, жасыл аймақтарды көбейту арқылы ғана еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, болашаққа таза әрі көрікті Қазақстанды аманат ете аламыз.

Тоғжан Төлеген

Сайт Әкімшілігі