«Таза Қазақстан» сенбілікпен шектелмей, қоғамдық сананы жаңғыртатын қозғалысқа айналуы тиіс
Алматы облысында экологиялық бағыттағы жұмыстар жүйелі сипат алып, ауқымы кеңейіп келеді. Мысалы, «Таза Қазақстан» бағдарламасы бүгінде тек сенбілікпен шектелмей, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған кешенді қозғалысқа айналды. Бұл бастама табиғатты қорғау, елді мекендерді көркейту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру арқылы халықтың өмір сапасын арттыруды көздейді.
Өңірдегі маңызды іс-шаралардың бірі – Бердібек Соқпақбаев атындағы орталық саябақта өткен республикалық телекөпір. Бұл алаңда елдің әр өңіріндегі экологиялық ахуал, көгалдандыру қарқыны, абаттандыру жобалары және табиғатты қорғау бағытындағы нақты нәтижелер талқыланды. Президент өз сөзінде «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарының өзара тығыз байланыста екенін атап өтіп, экологиялық мәдениет ұлттың болашағына тікелей әсер ететін фактор екенін жеткізді. Оның айтуынша, тазалық – тек коммуналдық қызметтің міндеті емес, әр азаматтың жеке жауапкершілігіне айналуы тиіс.
Телекөпірден кейін іс-шараға қатысушылар ағаш отырғызу жұмыстарына кірісіп, бастаманың символдық емес, нақты әрекетке негізделгенін көрсетті. Жалпы алғанда, Алматы облысында көгалдандыру мен тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізу жолға қойылған. Соңғы сенбіліктерге ондаған мың адам қатысып, мыңдаған көшет отырғызылды. Жүздеген гектар аумақ тазартылып, қомақты көлемде тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Бұл көрсеткіштер өңір тұрғындарының экология мәселесіне бейжай қарамайтынын аңғартады.
Экологиялық акциялар облыстың барлық аудандарын қамтып отыр. Еңбекшіқазақ ауданында өткен «Жасыл мекен – жасыл болашақ» іс-шарасы – соның айқын дәлелі. Мұнда оқушылар, мұғалімдер және ауыл тұрғындары бірігіп, ағаш отырғызу мен аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Жастардың белсенділігі – экологиялық мәдениеттің жаңа буын арасында қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Кеген ауданында да бұл бастама кең қолдау тапты. Тұрғындар көшелерді тазалап қана қоймай, тарихи-мәдени нысандарды ретке келтіріп, қоғамдық орындарды абаттандыруға күш салуда. «Жасыл аймақ» бағдарламасы аясында түрлі ағаш түрлері отырғызылып, «Мөлдір бұлақ» акциясы шеңберінде су көздері тазартылуда. Мұндай жұмыстар ауылдардың көркін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырады.
Іле ауданында өткен сенбіліктер де ауқымдылығымен ерекшеленді. Қоғамдық кеңістіктер, мектеп аумақтары мен көшелер тазартылып, инфрақұрылым нысандары ретке келтірілді. Сонымен қатар өндірістік аймақтарда ұйымдастырылған акциялар экология мәселесінің тек тұрғындар үшін емес, бизнес қауымдастық үшін де маңызды екенін көрсетті.
Қарасай ауданында экологиялық бастамаларға діни қауым өкілдері де белсенді қатысуда. Мешіттер маңында көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырылуда. Бұл – қоғамның әртүрлі топтарының ортақ іске жұмыла алатынын дәлелдейді.
Облыс орталығы Қонаев қаласында да жасыл желекті көбейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қала аумағында мыңдаған ағаш отырғызылып, жаңа саябақтар мен жасыл аймақтар қалыптасып келеді. Бұл тек қаланың келбетін жақсартып қана қоймай, экологиялық ахуалды оңалтуға, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға ықпал етеді.
Жалпы алғанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы қысқа мерзімді акция емес, ұзақмерзімді ұлттық стратегияға айналып отыр. Оның басты мақсаты – табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру арқылы қоғамның санасын өзгерту. Тазалыққа деген көзқарас өзгермейінше, экологиялық мәселелер толық шешімін таппайтыны анық.
Бүгінгі таңда бұл бастама халықты ортақ мақсатқа біріктіретін тиімді құралға айналды. Әртүрлі буын өкілдері, мемлекеттік органдар, бизнес құрылымдар мен еріктілер бірлесіп, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуда. Бұл – азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі.
Экологиялық мәдениет бала кезден қалыптасқанда ғана тұрақты нәтиже береді. Сондықтан білім беру мекемелеріндегі тәрбиелік жұмыстар, қоғамдық акциялар мен ақпараттық насихат өзара сабақтасып жүргізілуі тиіс. Табиғатты қорғау – тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақ алдындағы аманат.
«Таза Қазақстан» бастамасы елді мекендердің көркін кіргізіп қана қоймай, қоғамның экологиялық санасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етуде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ұлттық құндылыққа айналатыны анық.
Жігер ӘШІМ
Алматы облысы