Аймақ

«Таза Қазақстан»: Шахтинскіде үздік аула анықталды

Шахтинск қаласында «Үздік аула» қалалық байқауының қорытындысы шығарылды. Жоба тұрғындардың бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, аулаларды абаттандыру жұмыстарына қала тұрғындарын белсенді тартуға бағытталған алаңдардың біріне айналды.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Байқауға дайындық көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарын ортақ іске жұмылдырды.

Олар аулаларды бірге ретке келтіріп, тазалық жұмыстарын жүргізді, гүлзарлар мен жасыл желек аймақтарын безендірді, аулалардың тазалығын сақтауға атсалысып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға үлес қосты.

Байқау қорытындысын шығару кезінде аулалардың жалпы жағдайы, абаттандырылу деңгейі, тазалығы және тұрғындардың ауланы көркейту жұмыстарына қатысу белсенділігі ескерілді.

Байқау нәтижесінде жүлделі орындар төмендегідей бөлінді. Бірінші орынды Индустриялық көшесі, 77-үйдің ауласы иеленді. Жеңімпаздарға 250 мың теңгеге сертификат табысталды.

– Ауламыздың таза, жинақы әрі барлық тұрғынға жайлы болғанын қалаймыз. Еңбегіміздің еленіп, бағаланғаны біз үшін ерекше қуаныш. Ауланы абаттандыру жұмыстарына тұрғындардың өздері белсенді атсалысады: бірі тазалық жұмыстарына көмектессе, енді бірі көгалдандырумен айналысады, тәртіпті сақтауға үлес қосып, өз ұсыныстарын айтады. Соның арқасында арамызда ауызбіршілік қалыптасып, көршілердің арасында жақсы қарым-қатынас орнады. Бұл – бәрімізге ортақ жеңіс. Жеңісіміз алдағы уақытта да ауланың тазалығы мен тәртібін сақтап, оны одан әрі көркейтуге жаңа серпін береді деп сенемін, – деді МИБ төрайымы Оксана Памаранова.

Екінші орын Жеңістің 40 жылдығы көшесі, 63А-үйдің ауласына бұйырды. Оған 150 мың теңгеге сертификат берілді.

Үшінші орын Молодежная көшесі, 81-мекенжайындағы аулаға берілді. Оның тұрғындары 100 мың теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.

Байқау қалалық ортаны абаттандыру жұмыстары көп жағдайда тұрғындардың өз бастамасынан басталатынын көрсетті. Бірлескен еңбек аулаларды таза әрі жайлы етуге ғана емес, көршілер арасындағы өзара түсіністік пен татулықты нығайтып, ортақ кеңістікке деген жауапкершілікті қалыптастыруға да ықпал етеді.

Бұл бастама тазалық мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және тұрғындардың аумақтарды абаттандыру ісіне белсенді қатысуына бағытталған жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының міндеттерімен үндеседі.

Сайт Әкімшілігі