Тазалықты мәдениетпен қалыптастыру керек
Астанада қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау мақсатында профилактикалық рейдтер тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Әкімдік пен полиция қызметкерлері саябақтарды аралап, тұрғындарға қоқыс тастамау, белгіленбеген жерде от жақпау және қоғамдық тәртіпті бұзбау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл, бір қарағанда, қарапайым ғана талап. Алайда осы қарапайым ережелердің қайта-қайта еске салынуының өзі қала мәдениетінде әлі де шешілмеген мәселе бар екенін көрсетеді.
Кезекті профилактикалық рейд елорданың Триатлон паркінде «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтті. Рейд барысында мамандар тұрғындар мен қала қонақтарына қоғамдық орындардағы тәртіп талаптарын түсіндірді. Демалыстан кейін қоқысты жинау, аумақты ластамау, белгіленбеген жерде от жақпау қажеттігі айтылды.
Саябақ – демалыс орны ғана емес, ортақ жауапкершілік аймағы
Триатлон, Жерұйық сияқты саябақтар – тұрғындар жиі баратын қоғамдық орындар. Демалыс күндері мұнда отбасылар серуендеп, жастар бас қосып, тұрғындар табиғат аясында уақыт өткізеді. «Пикник» ұйымдастыру да қалыпты жағдайға айналған. Дегенмен мәселе «пикниктің» өзінде емес. Мәселе, одан кейінгі жауапкершілікте. Айталық, демалып болған соң қоқысын жинамай кету, табиғи аумақты бүлдіру, белгіленбеген жерде от жағу секілді әрекеттер бір адамның «ұсақ тәртіп бұзушылығы» болып көрінуі мүмкін. Бірақ мұндай әрекет жүздеген адам тарапынан қайталанса, оның салдары қаланың жалпы санитарлық жағдайына, қоршаған ортаға және қоғамдық мәдениетке әсер етеді.
Алматы ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Алтынай Мұсаеваның айтуынша, Жерұйық пен Триатлон парктері – тұрғындар көп жиналатын ірі демалыс орындары. Сондықтан бұл аумақтарда апта сайын профилактикалық рейдтер өткізіліп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Яғни рейдтің негізгі мақсаты – бірден айыппұл салу емес, заң бұзушылықтың алдын алу. Бұл тұрғыдан алғанда профилактиканың маңызы бар. Алайда оның нәтижесі тек рейд санына емес, тұрғындардың мінез-құлқында нақты өзгеріс қалыптастыра алуына байланысты.
2 691 құқық бұзушылық – жай ғана статистика емес
Қоғамдық тәртіп пен тазалық мәселесінде нақты цифрлар да бар. Астана қаласы Алматы ауданы полиция басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 2 691 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал 434-2-бап бойынша 30-дан астам азаматқа әкімшілік шара қолданылған. Бұл жерде цифрдың өзінен гөрі оның астарындағы мәселе маңызды.
Егер бірнеше мың адамға әкімшілік жауапкершілік қолданылса, демек, қоғамдық тәртіп пен абаттандыру талаптарын бұзу жекелеген жағдай емес. Бұл – белгілі бір деңгейде жүйелі проблема.
Полиция инспекторы Нұралы Тәңірбергеновтің айтуынша, учаскелік аумақта күн сайын профилактикалық рейдтер жүргізіледі. Негізгі мақсат – тұрғындарды тазалық сақтауға бейімдеу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қоршаған ортаның ластануына жол бермеу. Мұндай бақылаудың қажеттілігі түсінікті. Өйткені ереже бар жерде, оның орындалуын бақылау да болуы керек. Бірақ құқық қорғау органдарының әр саябақта азаматтың соңынан жүріп, «қоқысыңды жина», «мұнда от жақпа», «қоқысты жерге тастама» деп ескертіп жүруі – ұзақ мерзімді шешім емес. Өйткені тазалықты полиция қамтамасыз етпеуі керек. Полиция тәртіп бұзылған кезде әрекет етеді. Ал тазалық пен қоғамдық мәдениет ең алдымен азаматтың өзінен басталуы тиіс.
«Таза Қазақстан» – сенбілікпен шектелмеуі керек
Соңғы жылдары «Таза Қазақстан» бастамасы аясында еліміздің барлық өңірінде тазалыққа, абаттандыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған жұмыстар жүргізіліп келеді. Алайда тазалықты тек қоқыс жинау акциясымен немесе кезекті рейдпен өлшеу жеткіліксіз. Шын мәнінде «Таза Қазақстан» ұғымы азаматтың күнделікті әдетіне айналуы керек. Яғни адам саябақта қоқыс жәшігін көрсе, қоқысын соған тастауы; пикниктен кейін пайдаланған орнын жинауы; табиғи аумақта от жағудың қауіпті екенін түсінуі; өзінен кейінгі адамға да таза орта қалдыруды ойлауы қажет.
Бұл жерде әкімдікке де, полицияға да, тұрғынның өзіне де ортақ міндет жүктеледі. Атап айтсақ, төмендегідей: біріншіден, қала инфрақұрылымы қолайлы болуы керек. Саябақта қоқыс жәшігі жеткілікті ме? Олардың орналасуы ыңғайлы ма? Демалыс орындары тиісті деңгейде тазалана ма? От жағуға рұқсат етілген арнайы орындар бар ма? Тыйым салынған аумақтар нақты белгіленген бе? Екіншіден, тұрғындарға талап қана қоймай, оның себебін түсіндіру маңызды. Мысалы, белгіленбеген жерде от жағудың табиғатқа немесе қауіпсіздікке қандай зияны бар екенін азамат түсінсе, талапты орындау ықтималдығы да артады. Үшіншіден, заң бұзушылық болған жағдайда жауапкершілік сөз жүзінде қалмауы керек. Профилактика – ескерту, ал ескерту нәтиже бермеген жағдайда заңда белгіленген шара қолданылуы тиіс.
Рейд көп болғаны емес, тәртіп бұзушылық азайғаны маңызды
Профилактикалық рейдтердің тиімділігін бағалаудың ең дұрыс өлшемі – өткізілген рейд саны емес, олардың нәтижесі. Апта сайын рейд өткізуге болады. Ай сайын есеп беруге де болады. Бірақ егер сол саябақта қоқыс тастау, белгіленбеген жерде от жағу және басқа да тәртіп бұзушылықтар жалғаса берсе, онда тәсілдің тиімділігіне қайта қарау қажет. Сондықтан алдағы уақытта мұндай жұмыстардың нәтижесін тек «рейд өткізілді» деген есеппен емес, нақты көрсеткіштермен бағалаған жөн. Мәселен, белгілі бір саябақта рейд басталғанға дейін қанша құқық бұзушылық тіркелді, кейін қаншаға азайды? Қоқыс көлемі өзгерді ме? Тұрғындардың тәртіп сақтау деңгейі артты ма? Міне, осындай салыстырулар ғана профилактикалық жұмыстың шын нәтижесін көрсетеді. Өйткені әкімдік пен полицияның міндеті – саябақты бақылаушыларға толтыру емес, азаматтардың өздігінен тәртіп сақтайтын ортасын қалыптастыру.
Қоғамдық орынның тазалығы – коммуналдық қызметтің ғана мәселесі емес. Ол қоғамның мәдени деңгейін де көрсетеді. Қала қанша жерден заманауи саябақтармен, веложолдармен, абаттандырылған демалыс орындарымен қамтамасыз етілсе де, тұрғындардың бір бөлігі қарапайым тәртіпті сақтамаса, оның бәрінің әсері төмендейді.
Сондықтан «Таза Қазақстан» сияқты бастамалардың басты нәтижесі тазаланған аумақтың көлемімен емес, қалыптасқан әдетпен өлшенуі керек. Бүгін рейд кезінде ескертілген адам ертең дәл сол әрекетті қайталамаса профилактиканың нақты нәтижесі сол. Ал тұрғын тәртіпті полиция көріп тұрғандықтан емес, қоғамдық орынның өз үйінің ауласы сияқты ортақ кеңістік екенін түсінгендіктен сақтаса бұл әлдеқайда үлкен нәтиже.
Астана секілді қарқынды дамып келе жатқан қалада қоғамдық тәртіп мәселесі де жаңа деңгейге көтерілуі тиіс. Тазалық үшін күн сайын бақылау жасауға мәжбүр болатын емес, тазалықты күнделікті мәдениетіне айналдырған қала қалыптастыру маңызды. Сондықтан Триатлон паркіндегі рейд бір ғана саябақтағы тәртіпті бақылау шарасы емес, қаладағы ортақ мәдениеттің қандай деңгейде екенін көрсететін шағын мысал.
Ең бастысы, рейдтен кейін саябақтың уақытша тазаруы емес, азаматтың санасында жауапкершіліктің тұрақты қалыптасуы. Өйткені қаланы таза ұстайтын – рейд емес, адамның өз мәдениеті.
Қ.САЙЛАУОВА
Астана қаласы