Теміржолдан уранға ұласқан дау
Кейінгі екі аптадан бері елде жемқорлық дауы ушығып тұр.
12 қарашада "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" басшысы Елжас Отыншиев ұсталып, жұртты дүрліктірген еді. Кеше "Самұрық-Қазынаға" қарасты тағы бір мекеме – "Қазатомөнеркәсіптің" басқарма мүшесі әрі өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбековтің құрықталғаны белгілі болды.
Осылайша, теміржолдан басталған жемқорлық уранға ұласты. "Самұрық-Қазынаның" құрамында "ҚазМұнайГаз", ҚТЖ, KEGOC, "Қазатомөнеркәсіп", Air Astana, "Қазақтелеком", "Қазпошта" компаниялары бар. Бәрі де мемлекет үшін экономикалық және стратегиялық тұрғыда өте маңызды мекемелер. Оның екеуінің басшылығы жемқорлық күдігіне ілінді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаларды "мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай" деп бағалады.
"Қазатомөнеркәсіп" өкілі осы аптаның басында ұсталған, бірақ ақпарат сәрсенбі күні ғана жарияланды. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл тұтқындаудың Жақыпов пен Отыншиев ісіне қатысы бар екенін мәлімдеді. "2026 жылы 23 қарашада ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ Басқарма мүшесі Қ. Омарбековті және басқа да адамдарды тұтқындап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Олар "Самұрық-Қазынаның" бұрынғы басшылары ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді. Қылмыстық кодекстің 367-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", – деп хабарлады ҰҚК.
Яғни Омарбековке қатысты қылмыстық іс аса ірі көлемде пара беру бабы бойынша (ҚК 367-бабы, 4-бөлігі) қозғалған. Ал Жақыпов пен Отыншиев Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа оқталу) және 366-бабы 4-бөлігі (пара алу) бойынша ұсталған. "Самұрық-Қазынаның" басшысы "пара алу" күдігімен, ал оған қарсы мекеменің шендісі "пара беру" күдігімен ұсталғанын ескерсек, қылмыстық схеманың сұлбасы көріне бастайды. Бірақ ҰҚК Жақыпов пен Отыншиев нақты қандай қылмысқа күдікті екенін, қай баппен іс қозғалғанын ресми хабарлаған жоқ.
25 қарашада "Қазатомөнеркәсіп" АҚ екі ресми мәлімдеме жасады. Бірінде "Қуаныш Омарбековтің ұсталғанын растап, компания құқық қорғау органдарымен ынтымақтаса отырып тергеуге атсалысатынын әрі мекеме өз жұмысын штаттық режимде жалғастыратынын" мәлімдеген. Сондай-ақ Омарбековті "Қазатомөнеркәсіптің басқарма мүшесі әрі өндіріс жөніндегі бас директоры қызметін атқарған" адам ретінде сипаттапты. Шамасы компания Омарбековті "дәл қазір "Қазатомөнеркәсіптің" қызметкері емес" дегісі келетіндей.
Екінші мәлімдеме "директорлар кеңесінің 2026 жылы 24 қарашадағы шешімімен "Қазатомөнеркәсіп" басқарма мүшелері – коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғожин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбековтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқталған". Демек, Омарбеков бір күн бұрын қызметінен босатылған. Бірақ бұл жерде ұлттық компания мемлекеттік мекемелер көп қолданатын, жаза басқан қызметкерді "задний числомен" жұмыстан босатып жіберетін "қулықты" жүзеге асыра алмайды. Өйткені ҰҚК Омарбековті 23 қараша ұстаған. Ал Омарбековпен бірге қызметтен кеткен Байғожин жайлы қазірше ақпарат жоқ.
Ұлттық компанияларды тазарту операциясы
13 қарашада өткен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында Тоқаев "елімізде сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі екенін" айтып, Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін "квазимемлекеттік сектордағы жемқорлықты азайту және компаниялардың жұмыс сапасын жақсарту жөнінде ұсыныс дайындауды" тапсырған. Белгіленген мерзім аяқталды, бірақ бұл туралы еш ақпарат жарияланбады. Үкімет тапсырманы орындай алмады ма, әлде ұсыныстарын президентке жабық режимде ұсынды ма, белгісіз.
Айтпақшы, 19 қараша күні ҚТЖ мен "Самұрық-Қазынаның" тағы үш қызметкері ұсталғаны хабарланған. Қолда бар дерекке сүйенсек, ҚТЖ басқарушы директоры әрі "Тасымалдау процесі дирекциясы" филиалының директоры Владимир Петров, "ҚТЖ жүк тасымалы" ЖШС бас директорының өндірісті қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Қайрат Қабылов және "Самұрық-Қазына" сатып алу әдіснамасы, бақылау және мониторинг департаментінің директоры Азамат Сембай қамауға алынғаны сөз болады. Бірақ ресми органдар бұл ақпаратты әлі растаған жоқ.
"Аспаннан доллар жауған" 12 қарашадан бері жоғары билік баспалдағында біршама өзгеріс болды. Басшысы ұсталған ҚТЖ-ға жаңа төраға тағайындалды. Бұл қызметті бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі болған Ерсайын Нағаспаев атқарады. Нағаспаев министр креслосында 2025 жылы ақпаннан бері 1 жыл 8 ай отырды. Ал оған дейін 4 жыл ҚТЖ-да атқарушы директор болған. Демек, Ерсайын Қайырғазыұлы үшін ҚТЖ бөтен мекеме емес.
Ал "Самұрық-Қазынаға" әлі төраға тағайындалған жоқ. Бұл мекемені Нұрлан Жақыповқа дейін Ахметжан Есімов, Өмірзақ Шөкеев, Тимур Құлыбаев, Қайрат Келімбетов сияқты "дөкейлер" басқарған. Экономикалық және стратегиялық маңызды салаларды біріктіретін ірі холдингке жаңа басшы қашан келетіні белгісіз. 18 қараша күні премьер-министр Олжас Бектенов "Самұрық-Қазынаның" жаңа басшысы жақын арада белгілі болатынын айтқан. Одан бері бір апта уақыт өтті, әлдебір себеппен тағайындау кешігіп жатыр.
Ұлттық компания басшыларының ұсталуымен басталған шатақ бірнеше ірі шендіге таяқ болып тиді. ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев қызметінен кетіп, оның орнына Марат Ирменов келді. Сондай-ақ ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жариялаған. ҰҚК төрағасының ауысуы мен Сәденовтің сөгіс алуына "жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау кезіндегі кемшіліктер" себеп болғаны ресми хабарланды. Сондай-ақ 24 қараша күні ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха да қызметінен босатылды. Бұған "Астанадағы жемқорлық дауының" қатысы бар-жоғы белгісіз.
Құрылыс қаржысын бақылайтын комиссия құрылды
Президент биылғы жолдауында "Халықтық құрылыс" деп аталатын үлкен құрылыс науқаны басталатынын айтқан. Сол үшін 2029 жылдың аяғына дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді. 25 қараша күні президент осы ауқымды жобаға бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылайтын мемлекеттік комиссияны құру туралы бұйрыққа қол қойды.
Мемлекеттік комиссияның міндеті – Бағдарлама жобаларының уақытылы әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджеттік тәуекелдерге, бөлінген қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол бермеу.
Комиссия бір нысанды салу жөнінде жоспар жасалып, қаржы бөлінген сәттен бастап, құрылыс аяқталып, нысан пайдалануға берілгенге дейін толық бақылауға алады. Ол мемлекеттік сатып алу рәсімін заңды жүргізуге де жауапты болады, яғни "тендердің" мерзіміне, құнына және заңдылығына мониторинг жүргізіп, жемқорлық қаупі бар жобаларды анықтап, шара қолданады. Комиссия мүшелері бағдарламаны жүзеге асыру барысына президентке тоқсандық және жылдық есеп беріп отырады.
Комиссия төрағасы – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов. Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров – комиссия төрағасының орынбасары. Қауіпсіздік кеңесі аппаратының басшысы, премьер-министрдің бірінші орынбасары, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы, Бас прокурорының орынбасары, ҰҚК төрағасының орынбасары, Ұлттық банк төрағасының орынбасары, өңірлік мәслихаттардың төрағалары комиссия құрамында болады.
Сондай-ақ комиссия құрамында Құрылтай депутаттары, Халық Кеңесінің мүшелері, журналистер, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, өңірлердің және бизнес қауымдастықтың өкілдері бар. Бұл тізімге біздің әріптестерден "Qazaqstan" телеарнасындағы журналисі Нұрбек Бекбауов, "24.kz" телеарнасының журналистері Вера Захарчук пен Риат Шони, "Другие места" YouTube жобасының авторы Ренат Ташқынбаев енді.
Егер мемлекеттік басқару саласында жемқорлық жойылып, тәртіп қалыптасса, мұндай комиссия құрудың қажеті болмас еді. Бірақ жемқорлық азаймай тұр. Президенттің өзі "2023-2025 жылдары елде 3 168 сыбайлас жемқорлық ісі анықталғанын, оның 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер жасағанын" айтқан. Яғни жемқорлық – мемлекеттік мекемелердегі басты дерт. "Самұрық-Қазына", ҚТЖ, "Қазатом" сияқты ұлттық компаниялардың ірі шенділерінің ұсталуы осы дерттің асқынып, ашыққа шыққанын көрсетеді.
Қуаныш ҚАППАС