Теңге - Конституциямен бекітілген ұлттық егемендіктің нышаны
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция күшіне енді.
Жаңартылған Негізгі заңға сәйкес, теңге Қазақстанның жалғыз ұлттық валютасы ретінде бекітілді. Сондай-ақ теңгені шығаруға (эмиссиялауға) айрықша құқық тек Қазақстан Республикасына тиесілі екені конституциялық деңгейде айқындалды.
Теңгенің ұлттық валюта, төлем және жинақтау құралы ретіндегі құқықтық мәртебесі Қазақстанның валюталық егемендігін нығайтады. Бұл ұлттық валютаны шығару құқығы тек мемлекетке тиесілі екенін кепілдендіріп, теңгенің елдің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі шешуші рөлін айқындайды.
Қазақстан Ұлттық банкі бұл өзгерістің стратегиялық және институционалдық маңызы зор екенін атап өтті.
Ұлттық валютаның конституциялық мәртебеге ие болуы ұзақ мерзімді ақша-несие саясатын жүргізудің құқықтық негізін күшейтеді. Мемлекеттің ұлттық валютаны шығару құқығын Конституцияда бекіту қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың, бизнестің және халықаралық серіктестердің ұлттық ақша жүйесіне деген сенімін арттыруға бағытталған.
Ұлттық банктің мәліметінше, бұл жаңа құқықтық негіздер елдің тұрақты экономикалық дамуына және макроэкономикалық тұрақтылықты нығайтуға берік іргетас қалайды.
Жаңа конституциялық нормаларға сәйкес, Ұлттық банк алдағы уақытта да инфляцияны тежеуге, баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге және Қазақстанның қаржы жүйесінің орнықтылығын арттыруға бағытталған дәйекті саясатты жалғастырады.