Қоғам

Теңізде отырған ананың видеосы Каспийде түсірілмеген

Әлеуметтік желіде теңіз жағасында отырған әйел бейнеленген видео тарады.

Фото видео-скрин

Желі қолданушылары кадрдағы әйелді Каспийдегі қайғылы оқиғада қаза тапқан әскери қызметшілердің бірінің анасы деп көрсеткен.  Бұл видео кейбір БАҚ-та да осындай сипатта жарияланған.

Алайда ролик Қазақстанда түсірілмеген. Видео авторы кадрлардың Марокконың Танжер қаласында түсірілгенін растады.

Оның айтуынша, видеоға түскен әйел – Алжирден келген қыз. Автор роликті сынақ ретінде жариялап, ұйықтап қалғанын, ал таңертең оянғанда оның кеңінен таралып кеткенін көрген.

"Қазақстан аудиториясына қалай тарап кеткенін өзім де білмеймін. Қазақстандағы жаңалықтардан хабарсыз едім, ол жақта ешқашан болған емеспін. Сарбаздарыңызға қатысты жағдайға қатты қайғырып отырмын. Көңіл айтамын", – деп жазды видео авторы.

Қайғылы оқиғалар кезінде эмоциялық сипаттағы видеолардың, сондай-ақ бұрын немесе басқа елде түсірілген кадрлардың бастапқы мәнмәтінінен ажыратылып таралуы жиі кездеседі.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде "Хазар Қорғаны – 2026" оқу-жаттығуы кезінде ауа райының күрт нашарлауынан 14 әскери қызметшіні теңіз ағысы алып кеткен.

Бұған дейін әлеуметтік желіде "қаза тапқан сарбаздың әкесімен соңғы рет сөйлескен видеосы" деген жазбамен тараған ролик те тексерілген еді. Кейін видеодағы әскери қызметшінің тірі екені анықталды. Мұны сарбаздың әкесі Талғат Құлмановтың өзі растаған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Каспий сарбаз