Без Категории

Теңіздегі оқиға кезінде 30 адам зардап шеккен

Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз жұмысшылар кентінде болған оқиға кезінде 30 адам зардап шеккен.

Jasalash.kz

Бұл ақпаратты Атырау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімдіктің хабарлауынша, 29 маусымда түстен кейін «наразылыққа шыққан» жұмысшылармен Атырау облысының бірінші орынбасары Серік Шәпкенов кездескен. Кездесу кезінде «тұрмыстық жанжалды ушықтыруға болмайтыны», «кеніштегі еңбекті ұйымдастыру мәселелері» талқыланған. Оқиғаға байланысты ведомствоаралық комиссия құрылып, оған «Теңізшевройл» мен оған қарайтын мердігер мекеме Сohsolited Contracting Endihering and Prourement S.A.L Offshore (CCEP) өкілдері кіретіні айтылған.

Әкімдіктің хабарлауынша, жұмысшылар тараған, жағдай тұрақтанған. Билік бұған дейін әлеуметтік желіде тараған «оқиғадан бір адам қаза тапты» деген ақпаратты жоққа шығарған.

«ТШО медициналық бөлімшесінде 30 адамға медициналық көмек берілді. Қазір олардың өміріне қауіп жоқ. Қаза тапқандар жоқ» деді әкімдік өкілдері.

Қазақстанның ішкі істер министрлігі Теңіз жұмысшылар кентіндегі оқиғаға байланысты «бұзақылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.

"Қазіргі кезде жанжал жоқ. Ішкі істер министрлігі жалған ақпаратты таратпауға кеңес береді. Оқиға орнында полиция қызметкерлері қауіпсіздікті бақылап тұр. Жағдай тұрақты және ішкі істер органдарының бақылауында" делінген министрлік хабарламасында.

Бұған дейін әлеуметтік желіде «Теңіз кенішінде болған оқиға» делінген бірнеше видео тараған еді. Онда CCEP деген жазуы бар ашық жасыл, сары түсті униформа киген жұмысшылардың бірнеше азаматты ұрып-соққаны туралы көрініс бар. Видеодан соққыға жығылған азаматтардың қансырағаны да көрінеді. Кейіннен кемінде мың адамның наразылыққа шыққаны хабарланды. Жергілікті биліктің хабарлауынша, CCEP жұмысшылары 29 маусымда таңертеңгі сағат 11-де наразылыққа шыққан. Оған WhatsApp-та тараған сурет түрткі болған.

"[Жұмысшылар] Ливия азаматы Eli Daoud-тың WhatsApp-та жариялаған қызбен бірге түскен суретіне наразы болған. Оның қолында рация болған, ал оның антеннасы қыз жаққа қарай бағытталып тұрған" делінген әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Азаттық тілшісі сөйлескен аты-жөнін айтпаған жұмысшылардың бірі «жұмысшылардың көптен бері жұмыстағы [жергілікті және шетел жұмысшылары арасындағы] теңсіздікке байланысты ызыланып жүргенін», «WhatsApp-тағы суреттен кейін шыдамай наразылыққа шыққанын» айтты. Наразылыққа шыққан адамдар санына байланысты әртүрлі дерек (мың мен 15 мың арасында) айтылады.

Атырау облыстық полицияны жағдайды зерттеп жатқанын хабарлады.

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега