Оқиғалар

Терезеден құлаған тағдырлар: бір сәттік бейқамдықтың өтеуі

Баланың күлкісі естілетін үйдің терезесі де қауіпсіз болуы тиіс. Алайда соңғы жылдары дәл сол терезе талай отбасының қайғысына айналды. Бір қарағанда көзге көрінбейтін қауіп бір сәтте орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін.

Фото: ашық дереккөз

Өткен жылы Қарағанды облысында балалардың терезеден құлап кетуіне байланысты 27 оқиға тіркелді.Оның үшеуі баланың өлімімен аяқталды. Қалған бүлдіршіндер ауыр жарақат алып, ұзақ ем қабылдауға мәжбүр болды. Биылғы жылдың өзінде осындай 29 жағдай тіркелген. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Дегенмен бұл көңіл көншітер көрсеткіш емес. Керісінше, қауіптің әлі де сейілмегенін меңзеп отыр.

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жыл сайын бір ескертуді қайталайды. Баланы ашық терезесі бар бөлмеде қараусыз қалдырмаңыз, москит торына сенбеңіз. Өкінішке қарай, дәл осы қарапайым талаптар ескерілмей жатады. Көпшілік москит торын қауіпсіздік құралы деп қабылдайды. Ал шын мәнінде ол баланың салмағын көтермейді. Бала оған сүйенген сәтте тор оп-оңай жұлынып кетеді.

Осы қауіптің алдын алу мақсатында Қарағанды облысында «Қауіпсіз терезе» ақпараттық-профилактикалық акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл жолы құтқарушылар жұртшылықтың назарын аударудың тың тәсілдерін таңдаған. Көпқабатты үйлердің терезелері деңгейіне дейін көтерілген дрондар дауыс зорайтқыш арқылы тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін еске салады. Ашық терезені жабуға, балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Бұл технологияны адам өмірін сақтауға бағыттаудың жарқын мысалы деп айтуға болады.

Ақпараттық жұмыстар да кең көлемде жүргізілуде. Биылға дейін бұқаралық ақпарат құралдарында 114 мақала жарияланып, телеарналар мен радиода ондаған арнайы материал эфирге шықты. 40 мыңнан астам жадынама таратылып, 917 профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Халықпен 95 кездесу өткізіліп, әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарында жүзден астам ақпараттық жарияланым шықты. Білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде 500-ден астам ақпараттық тақтайша орнатылып, биылдың өзінде 1 333 арнайы терезе бекіткіші қойылған.

Әрине, мұның бәрі маңызды. Бірақ бір ақиқат өзгермейді, ешбір акция, ешбір рейд, ешбір дрон ата-ананың қырағылығының орнын баса алмайды.

Баланың қауіпсіздігі – заңмен жүктелген міндет қана емес, ар алдындағы жауапкершілік. Терезеге орнатылған қарапайым құлып қатты қымбат болмауы мүмкін. Ал бейқамдықтың құны кейде бір адамның тұтас ғұмырына татиды. Сол себепті әрбір ата-ана өз үйінің терезесіне бір сәт назар аударғаны жөн. Өйткені балалардың өмірі – кейінге қалдыруға болмайтын ең маңызды мәселе.

Арайлым Сатыбалдықызы

Қарағанды облысы

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: бала өлімі