Қоғам

«The Finiko» қаржы пирамидасының іздеуде жүрген басшысы Түркиядан Қазақстанға жеткізілді

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен және Интерполдың Ұлттық орталық бюросымен бірлесіп, 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген «The Finiko» құрылымдық бөлімшесінің басшысын Түркиядан Қазақстанға қайтарды.

Фото: ашық дереккөз

Тергеу барысында «The Finiko» нақты кәсіпкерлік немесе инвестициялық қызметпен айналыспағаны анықталған.

Қатысушыларға төлем жаңа салымшылардан түскен қаражат есебінен жасалған. Осылайша ұйым табыс әкеліп жатқандай әсер қалдырып, азаматтардан жаңа қаражат тартуды жалғастырған.

Күдіктінің заңсыз әрекеті салдарынан қаржы пирамидасына салымшылардың 160 млн теңгеден астам қаражаты тартылған.

Сонымен қатар сотқа дейінгі тәркілеу аясында күдіктіге тиесілі құны 221 млн теңге болатын жер телімі мемлекет кірісіне өткізілді.

Бұған дейін осы қылмыстық іс бойынша үш адам сотталып, олардың мүлкі тәркіленген. Сот шешімімен олар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Іске қатысты өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

Сайт Әкімшілігі