The Guardian: Ресей НАТО-ны алдағы айларда «сынап көруі» мүмкін
Еуропаның бірқатар барлау қызметі Ресейдің НАТО елдеріне қарсы әрекетін күшейтіп, Альянстың ұжымдық қорғаныс жүйесін тексеруге тырысуы мүмкін деп қауіптенеді.
Мұндай сценарий «жылдар емес, айлар ішінде» жүзеге асуы ықтимал деген болжам айтылған. Бұл туралы The Guardian Еуропа барлау қызметтерінің өкілдеріне сүйеніп жазды.
Басылымның мәліметінше, міндетті түрде ауқымды соғыс болуы мүмкін емес. Ықтимал сценарийлер қатарында НАТО аумағына дрон немесе зымыран жіберу, шекаралық арандату, диверсия немесе Альянс елдерінің бірінің аумағына шектеулі түрде басып кіру аталады.
«Жылдар емес, айлар»
Чехияның Қауіпсіздік ақпараттық қызметінің (BIS) басшысы Михал Коуделка Ресей НАТО-ның Ресеймен шектесетін елдерінің біріне қатысты шектеулі әскери операция ұйымдастыруы мүмкін деген сценарийді жоққа шығармаған.
Оның айтуынша, мұндай әрекет «жалған ту» астындағы арандатумен немесе кең көлемді ақпараттық науқанмен қатар жүруі ықтимал. Коуделка ықтимал эскалация «жылдар емес, айлар ішінде» болуы мүмкін екенін айтқанымен, оның алдын алу үшін көптеген ел жұмыс істеп жатқанын да атап өткен.
Польша премьер-министрі Дональд Туск та бұған дейін барлау мәліметтеріне сүйеніп, Мәскеу НАТО аумағына дрон немесе зымыран бағыттау арқылы Альянстың реакциясын тексеруге әрекет етуі мүмкін екенін мәлімдеген. Оның сөзінше, мұндай қадам НАТО шартының ұжымдық қорғанысты қарастыратын 5-бабының іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін тексеруге бағытталуы ықтимал.
Франция президенті Эмманюэль Макрон да Ресей тарапынан гибридті әрекеттер мен арандатулар қаупіне байланысты ескертулерді елеусіз қалдырмауға шақырған.
Балтық елдері дүрбелеңге негіз жоқ дейді
Дегенмен Еуропаның барлық барлау қызметі Ресейдің НАТО-ға жақын арада тікелей шабуыл жасау қаупін бірдей бағалап отырған жоқ. Латвия Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің (VDD) басшысы Нормундс Межвиетс Ресейдің жақын арада шабуыл жасайтынын көрсететін нақты белгілер жоқ екенін айтқан. Эстония өкілдері де қауіп-қатерді ескеру қажеттігін мойындай отырып, дүрбелеңге салынбауға шақырды.
Еуропа диверсия қаупіне де дайындалып жатыр
The Guardian дерегінше, еуропалық арнайы қызметтерді алаңдатып отырған тағы бір мәселе – диверсиялық және гибридті операциялардың күшеюі. Барлау өкілдері Украинаға қолдау көрсетуге қатысы бар теміржол, логистикалық және қорғаныс өнеркәсібі нысандары ықтимал нысана болуы мүмкін деп санайды.
Сонымен бірге бұл бағалаулар Ресейдің НАТО-ға шабуыл жасау туралы шешім қабылдағанын білдірмейді. Олар – Еуропа барлау қызметтері қарастырып отырған ықтимал сценарийлер. Кремль бұған дейін Ресейдің Еуропа елдеріне шабуыл жасау ниеті жоқ екенін бірнеше рет мәлімдеген. 21 қыркүйекте Кремль өкілі Дмитрий Песков та Ресейдің Францияға немесе басқа Еуропа мемлекеттеріне қауіп төндірмейтінін айтты.