Қоғам

TikTok-та тікелей эфирде тәртіп бұзған 9 стример жауапқа тартылды

Қазақстан Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент таратқан тоғыз стример мен блогердің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.

Фото: полиция

Polisia.kz мәліметінше, құқық бұзушылар TikTok-тағы тікелей эфирлерде көрілім мен донат жинау үшін былапыт сөз айтып, қауіпті пранктер ұйымдастырған, адамдарды қорлаған және қоғамдық тәртіпті бұзған.

Астана қаласының 37 жастағы тұрғыны Индира Ештаева «Бауырсақ» лақап атымен эфир барысында балағат сөздер айтып, заңсыз контент таратқаны үшін әкімшілік айыппұл алды.

Ал Алматыда 32 жастағы Ақтөре Батырбек тікелей эфир кезінде айналасындағыларды қорлап, былапыт сөздер қолданғаны үшін сот шешімімен бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Шымкентте 20 жастағы Данияр Сейдалиев көрермен жинау мақсатында эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін ұйымдастырған. Сондай-ақ эфир кезінде балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін сегіз тәулікке қамалды.

Жамбыл облысында «Алтын қыз» лақап атымен танымал 41 жастағы Лайло Қасымова бірнеше рет заңға қайшы контент жариялағаны үшін айыппұл арқалады.

Сол өңірде 19 жастағы Жарқынай Байбек пен Асылжан Танаберганов TikTok-та донат пен қаралым жинау үшін тікелей эфирде бір-біріне әдейі дене жарақатын салған. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ІІМ азаматтарға анонимді аккаунттар заң бұзушылық үшін жауапкершіліктен құтқармайтынын ескертті.

«Заң мен Тәртіп – жай ғана ұран емес. Бұл қағидат цифрлық кеңістікте де қатаң сақталуы тиіс. Қоғамдық тәртіпті бұзып, жастарға теріс үлгі көрсететін құқыққа қайшы контентпен жүйелі түрде күрес жалғасады», – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Сайт Әкімшілігі