Оқиғалар

Тимур Асылханов: Қазақстанға AI-ды жай дамыту емес, нақты нәтиже беретін технология керек

Белгілі журналист Тимур Асылханов Қазақстан үшін жасанды интеллектіні дамытудағы басты міндет нақты экономикалық нәтиже беретін технология жасау екенін айтты.

Фото: ашық дереккөз

Оның сөзінше, ел қазір цифрлық экономиканы дамытуға және жасанды интеллектіні практикалық салада қолдануға басымдық беріп отыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge-2026 халықаралық форумында да мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асқан. Ал отандық компаниялардың цифрлық шешімдері әлемнің 100-ден астам елінде қолданылып жатыр.

Президент жасанды интеллектіні нақты экономикаға бейімдеу қажет екенін айтты. Ол AI үшін ел экономикасының шынайы сұранысына негізделген нақты міндеттер тізімін жасауды ұсынды. Осы негізде қазақстандық және шетелдік командалардың қатысуымен AI Challenge жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Тиімділігі дәлелденген үздік шешімдер кейін өндіріс пен нақты секторға енгізіледі.

Тимур Асылхановтың пікірінше, Қазақстан үшін қазір AI саласында сән қуалау емес, нақты пайдасы бар технологиялық шешімдерге басымдық беру маңызды.

"Қазақстанға жасанды интеллектіні жай дамыту жеткіліксіз. Елге нақты экономикалық нәтиже беретін, өндірісті, бизнесті және мемлекеттік қызметтерді тиімді ететін технологиялар керек. Сонда ғана AI толыққанды цифрлық экономикаға өтудің құралына айналады", – деді ол.

Президент те жасанды интеллектіні дамыту жоғары жауапкершілік пен адалдықты талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологиялар қоғамға нақты пайда әкеліп, экономиканың сапалы дамуына қызмет етуі тиіс.

Сайт Әкімшілігі